Базалық зейнетақы көлемі өседі

Жаңа жүйе бойынша, оның мөлшерi еңбек өтiлiне қарай өзгеретiн болады. Бұл жайында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi Светлана Жақыпова ОКҚ брифингi барысында айтты.

Бүгiнгi таңда елiмiзде орташа зейнетақы көлемi 56 мың теңгенi құрайды. Ал базалық зейнетақы көлемi өзгергеннен кейiн орташа зейнетақы мөлшерi 71 мың теңгеге жететін болады.

«Қазақстанда зейнетақы жүйесi үш деңгейден тұрады, бiрiншi деңгей — барлығына бiрдей мөлшерде төленетiн базалық зейнетақы, оның көлемi 14 мың 466 теңгенi құрайды. Екiншi деңгей — ынтымақты зейнетақы, ол еңбек өтiлiне байланысты төленедi. Оны толық көлемде алу үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн әйелдерде 20 жыл, ер адамдарда 25 жыл еңбек өтiлi болуы тиiс. Үшiншi деңгей — 10 пайыздық зейнетақы жарналары есебiнен төленетiн зейнетақы жинақтау жүйесi. Бұл жарналарды Қазақстан азаматтары 1998 жылғы 1 қаңтардан Жинақтаушы зейнетақы қорына аудара бастаған», — дейді ол.

2018 жылдың 1 шiлдесiнен бастап базалық зейнетақы төлемi еңбек өтiлiне байланысты тағайындалады. Осылайша, 35-40 жыл еңбек еткендер үшін әділдік орнамақ.

Вице-министрдiң мәлiметiнше, базалық зейнетақы төлемiн арттыруға республикалық бюджеттен 128 млрд теңге қарастырылған. Қазiргi зейнеткерлердiң зейнетақысы жүйеде бар құжаттары негiзiнде автоматты түрде қайта есептеледi. Сондықтан, зейнеткерлерге мемлекеттiк органға келiп, өтiнiш жазып, қайта құжат әкелудiң еш қажетi жоқ.