Биыл елімізде 39 сериал түсіру жоспарланған

Бұл туралы Мәжілісте аталған заң жобасы бойынша сарапшылар кездесуінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев мәлім етті.

«Қазіргі кезде біздің ведомствоның жұмысындағы өзекті мәселенің бірі ақпарат және коммуникациялар жөніндегі заң жобасына қатысты. Еске сала кетейін, бұл бағыттағы жұмыстар өткен күзде басталған болатын және осы жұмыстар мен талқылаулар кезінде барынша ашық болуға тырыстық. 60 адамнан тұратын жұмыс тобына барлық мүдделі ұйымдар мен мамандар енді, бірінші кезекте бұқаралық ақпарат құралдарының, ҮЕҰ өкілдері болды. Жұмыс тобының отырыстарынан бөлек, барлық өңірлердің өкілдерінің қатысуымен бірнеше қоғамдық талқылаулар өтті», — деп тоқталды вице-министр.

Сонымен қатар заң жобасы министрлік жанындағы қоғамдық кеңес аясында да қаралды.

«Осы орайда қамтамасыз етілген ашықтық пен халық пікірін ескере отырып, министрлікке 200-ден астам ұсыныс келіп түсті. Оның 70 пайызы ескеріліп, құжатта қамтылды. Менің ойымша, бұл қоғамдастықпен өзара іс-қимылдың көрнекті көрсеткіші болып отыр. Жалпы, құжат 200-ден астам түзетуді қамтиды, 4 кодекске және 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады», — деді А. Әжібаев.

Бұдан бөлек, ол саладағы бірқатар көрсеткіштерге тоқтала келе, жыл сайын қазақстандық өнімнің үлесі артып келе жатқанын атап өтті.

«Егер де 2016 жылы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында 21 сериал шығарылса, биыл 39 сериалды түсіру жоспарланған. Оларды ішкі әрі халықаралық нарықтарда сату қазақстандық теленарықтың қаржылық айналымын арттырады. Атап өтсек, осы екі жылда «Qazaqstan» мен «Хабар» телеарналары ішкі және халықаралық нарықтарда 153,5 млн теңгеден астам қаржыға телесериалдық өнімді шығарды», — деді Алан Әжібаев.

Осы орайда ол еліміздегі БАҚ кеңістігінде бірегей жобалар жүзеге асырылып жатқанын еске салып өтті.

Дереккөзinform.kz