Басты бетАтырауда Қойшығұл...

Атырауда Қойшығұл Жылқышиевтің кеші өтті

Аймақ басшысы сөзінде Қойшығұл Жылқышиевтың азаматтығы мен елге адалдығын тілге тиек етті:

– Қойшекеңнің халыққа, елге қызмет көрсетудегі адалдығы, азаматтығы бөлек. Оны бар білгенін, жиғанын, тергенін ортаға төгіп тастайтын кең азамат ретінде білемін. Сіздің айтарыңыз мол, бергеніңізден береріңіз көп. Маxамбеттің шығармашылығы мен өмірін ұрпаққа насиxаттауда зор еңбек сіңірдіңіз. Менің түсінгенім бойынша, Махамбеттің тағдыры мен өз тағдырыңызда ұқсастық бар деп ойлайсыз. Махамбеттің басына келген қиыншылықтар емес, атақ абыройы, халықтың сүйіспеншілігі, ыстық ілтипаты дарысын сізге, – деді Нұрлан Ноғаев.

Салтанатты кеште қытайдан келген қандасымыз, ҚР Мәдениет қайраткері Қайрат Құлмұхамбет, Қадыр Мырза-Әли атындағы мәдени орталықтың директоры Бауыржан Халиолла, «Фариза жұлдыздары» жас ақындар клубының жетекшісі Әлия Дәулетбаева сөйлеп, «Руxани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өтіп отырған кештің маңызына тоқталды, Қойшығұл ақынның шығармашылығын, азаматтығын сөз етті.

Шарада Махамбат атындағы драма театры әртістері «Қай қазақтан кем едім» қойылымын көрсетті.

Қойшығұл Жылқышиев 1948 жылы 24 қазанда Атырау облысының Индер ауданындағы Жарсуат ауылдық кеңесіне қарасты Жаманқұдық жайлауында дүниеге келген. 1975 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген.

Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, Қазақ теледидарында қызмет істеген. «Өнерпаз» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті, Республикалық «Махамбет» қорының тете-президенті, Қазақстан жазушылар одағының Атырау облыстық филиалының директоры.

«Тұңғыш» (1978), «Мүң-кітап» (1998), «Асаукер» (2001) жыр кітаптарының авторы.