Қырғызстан Қазақстанның қаржылай көмегінен бас тартатынын хабарлады

Қырғызстан Қазақстан тарапынан берілген 100 млн доллар көмектен бас тартқанын ресми түрде мәлімдеді.

Фото: Kyrtag.kg

ҚР Сыртқы істер министрлігі Қырғызстанға 100 миллион доллар бөлу туралы  келісімнің күшін жою рәсімдері басталғанын хабарлады.

«23 қазан күні Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі 2016 жылғы 26 желтоқсанда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісімнің және оның тиісті хаттамаларының күштерін жою рәсімдерін бастағаны жөнінде Қазақстан тарапына ресми хабарлады», — деп жазылған ҚР СІМ таратқан хабарламада.

Сондай-ақ, келісімде Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуда Қазақстан техникалық жәрдем көрсетуге дайын екенін атап көрсеткен еді.

«Қол қойылған құжаттар уақытылы ратификациядан өтті және бұл жәрдемнің бірінші траншын осы жылдың қараша айында жіберу жоспарланған еді. Аталған қаражатты бұдан ерте мерзімде бөлуге болар еді, алайда қырғыз тарапының қажетті құжаттар мен тиісті сметаларды ұсыну үдерісі созылып кеткенін атап өткен жөн», — деп көрсетті баспасөз қызметі.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version