Атырауда «Жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің жобасы талқыланды

Бұл заңнамалық құжат еліміздегі көмір сутегі шикізатын игеру мен пайдалану мәселелерін реттеуге бағытталып отыр. Атап айтқанда, геологиялық барлау саласына инвестор тарту, салық жүйесін оңтайландыру, заң жобасындағы әкімшілік кедергілерді алып тастау, сарқылған кен орындарының қоршаған ортаға кері әсерін болдырмау сияқты маңызды мәселелер сарапқа салынды.

Өйткені бүгінде еліміздегі барлау саласына бөлінетін қаржы өте аз. Қазір Қазақстанда 1 шаршы шақырымға бөлінетін қаражат көлемі 7- ақ долларды құрайды, басқа елдерде бұл отыз есеге артық. Сонымен қатар барлау жұмыстарын жүргізу үшін лицензия алу немесе келісімшарт құжаттарын жасауға 12-18 ай уақыт кетеді. Ал жаңа заң жобасы бұл мерзімді 10-15 күнге дейін қысқартуды көздеп отыр. Жаңа құжат қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға негіз болады.

Шавхат Өтемісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Жалпы бұл кодекстің алдында тұрған мақсаттарды үш бағытқа бөлуге болады. Біріншіден – осы жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіру. Екіншісі – осы жер қойнауы саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту. Үшінші – соның арқасында сергек жұмыстардың нәтижесі ол біздің минералдық базамызды толықтыру. Міне осы бағытта нормалар реттелген.

Дереккөз24.kz