Кәсіби даяшылар байқауына әлемнің ең үздік 37 даяшысы қатысуда. Олардың арасында қазақстандық Полина Сидельникова да бар.
«Жарыс біз ойлағандай оңай емес екен. Әсіресе, Еуропа елдерінде бұл мамандыққа деген көзқарас та, құрмет те ерекше. Соған сәйкес, даяшы бірнеше қызмет түрін көрсете білуі керек. Оның ішінде тағамды ұсыну, коктейль дайындау, кофе әзірлеу және тағы басқалары бар. Расымен де әлем чемпионатында әр даяшы бір күнде 5 түрлі қызметті көрсетеді. Негізгі талаптардан бөлек, қатысушының түр келбеті, киімі, шаш үлгісі, қолының күтімі, тіпті көзқарасына дейін есепке алынады. Халықаралық төрешілердің айтуынша, даяшы тек қызмет көрсетуші ғана емес, психолог та бола білуі керек. Яғни мейрамханаға келген қонақтың көңілі көтеріліп, яки жаны жадырап шығуына мұндай мамандардың ықпалы зор», -дейді Полина Сидельникова.
Жарыс 4 күнге созылады. Негізі даяшылар арасындағы әлем чемпионатына қатысушылар жылдар бойы дайындалады. Қазақстандық Полина Сидельникова да біраз уақыт мейрамханада, кофеханада және асханада тәжірибеден өткен. Ал теориялық білімді Қарағандыдағы арнайы колледжден алған. Соңғы кезде елімізде мұндай мамандарды дайындайтын оқу орындары көбейіп келеді. Олар даяшымен қатар аспаз мамандығын да игеріп шығады.