Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үздік нәтиже көрсетіп, 10-шы орынға тұрақтаған. Бір жылда бұл оқу орны рейтингте бір орынға көтеріліпті. Осылайша ресейлік ТМУ (11-орын), МФТИ (13-орын), Н.Э.Бауман атындағы ММТИ (20-орын) секілді жоғары оқу орындарын басып озған.
Сонымен қатар еліміздің басқа да ЖОО-лары рейтингте біршама жақсы көрсеткішке қол жеткізген екен. Еуразия ұлттық университеті былтыр 33-ші орында болса, биыл 24-ші орынға табан тіреген. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті (жаңа атауы Satbayev University) рейтингте 50-ші орында тұр. Ол бір орынға төмендеген екен.
«Дамушы Еуропа және Орталық Азия» дамыған университеттерінің рейтингінде жетекші екі ресейлік университет көш бастап келеді. Үшінші жыл қатарынан бірінші орынды М.В. Ломоносов атындағы ММУ, екінші орынды НМУ, ал үшінші орынды Тарту университеті (Эстония) иеленіп отыр.
Жыл сайынғы QS Emerging Europe және Central Asia рейтингі университеттердің онлайн қатысуын және PhD деңгейінде білікті қызметкерлердің үлесін қоса алғанда, сегіз түрлі көрсеткіш бойынша университеттерді бағалау арқылы жасалады.