Алматыдағы қуыршақ театры халықаралық Анкара фестиваліне шақырту алды

Фестиваль қазан айының 19-27 аралығында өтеді. Мақсаты – қуыршақ театры өнерінің көкжиегін кеңейтіп, халықаралық стандартқа сай ете отырып, кәсіби театр мамандары мен түрік суретшілері, режиссерлері, продюсерлері мен қарапайым өнер сүйер қауымның талабынан шығу, жаңа тынысын таныту.

Мемлекеттік қуыршақ театры фестиваль қатысушылары мен қонақтары назарына «Қуыршақ думан» (авт. және реж.: Қ.Ешмұратова, С.Шүкіров) және «Арыстанның үрейін қалай емдеу керек?» (авт.: М.Дългечева, реж.: Э.Тотева-Андотова) қойылымдарын ұсынады.

Айта кетейік, III Халықаралық Анкара театр фестиваліне биыл 4 түркиялық және 6 шетелдік өнер ұжымдары қатысып, бақтарын сынайды. Фестиваль барысында қойылымдардан тыс арнайы дәрістер, семинарлар оқылып, қуыршақ театр өнеріне байланысты көрмелер ұйымдастырылады.