Басты бетЖаңалықтарБақытжан Сағынтаев...

Бақытжан Сағынтаев бензин тапшылығына қатысты Энергетика министріне сөгіс жариялауды ұсынды

«Өңiрлерде жанар-жағармай тапшылығы орын алып отыр. Бензин лимитпен, кей жерлерде талонмен сатылып жатыр. Осының салдарынан жанар-жағармай бағасы қымбаттады. Дегенмен, Қанат Алдабергенұлы (Энергетика министрi), сiз өткен Үкiмет отырысында барлық проблемаларды шешуге уәде берген болатынсыз. Жанар-жағармай бойынша жағдай өзгерiссiз қалды, яғни тұрақталған жоқ. Бұл жағдай қай уақытқа дейiн жалғаспақ?», — дедi Бақытжан Сағынтаев.

Энергетика министрi Қанат Бозымбаевтың айтуынша, елiмiздегi 2017 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша АИ-92 бензинiнiң жиынтық қоры 292 мың тоннаны құрады.

«Жоғары тұтыну кезеңiнде, бұл демалыс кезеңi, iшкi туризм, ЭКСПО-2017 көрмесi кезiнде АИ-92 және АИ-93 бензиндерi мұнай базаларында 140 мың тоннаға дейiн азайды. Бұл шамамен 15 күндiк сұранысты қанағаттандырады. Республика бойынша бензиннiң орташа бағасы қаңтарда 135 теңгенi құраса, қазанда 150-155 теңгеге жеттi. Осылайша, 11 пайызға қымбаттады. Мен бензин қымбаттауы жайлы айтсам, бұл жерде қымбаттау деген сөздi пайдаланған дұрыс. Елiмiзде бензин тапшылығы жоқ», — дедi Қанат Бозымбаев.

Алайда, премьер-министр жанармай бекеттерiнде бензиннiң жоқтығын айтып, мұнай зауыттарының жөндеу жұмыстары алдын ала дұрыс жоспарланбағанын жеткiздi. Бақытжан Сағынтаев көршi елдердiң бағасы, валюта бағамы мен басқа да сылтаулардың орынсыз екенiн айтты. Және ол бұны өз тiкелей мiндеттерiн орындамаушылық деп бағалап, бiрқатар шешiм қабылдады.

«Энергетика министрi Қанат Бозымбаевқа сөгiс жариялау туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына өтiнiш жасаймын. Энергетика вице-министрi Әсет Мағауовты қызметiнен босатамын», — дедi Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда бензин бағасы қымбаттап, жанар-жағармай тапшылығы орын алып отыр.