Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Алмазбек Атамбаевтың сөздеріне қатысты мәлімдеме жасады

«Ағымдағы жылдың 7 қазанында Қырғыз Республикасының Президенті А. Атамбаев Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының жекелеген аспектілеріне қатысты орынсыз әрі екі елдің өзара достық қарым-қатынасына нұқсан келтіретін бірқатар мәлімдеме жасады (…) Осыған байланысты мен қырғыз жұртшылығын Қазақстанның шынайы экономикалық дамуы туралы дереу хабардар етуді жөн деп шештім»,-деп жазады Премьер-министр.

Мәлімдемеде Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның экономикасы 20 есе өскені айтылады. 26 жылдың ішінде тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 265 миллиард долларды құраған. 1,1 млн-нан астам қазақстандық отбасы баспанамен қамтамасыз етілген. Жыл сайын орташа есеппен 270 мың жаңа жұмыс орындары құрылады.

«Біздің елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 72,3 жылға дейін артты», — делінген мәлімдемеде.

Бақытжан сағынтаев мәлімдемесінде экономиканың тұрақты дамуы, елдің ІЖӨ өсімі Қазақстанға әріптес елдерге барлық көмек түрлерін көрсетуге мүмкіндік беретінін баса айтты. Қазақстан Республикасы 1997 ж. 8 сәуірдегі Мәңгілік достық туралы шарт пен 2003 ж. 25 желтоқсандағы Одақтық қарым-қатынастар шарты аясында Қырғызстан Республикасымен бауырластық және тату көршілік қарым-қатынастарды нығайтудың жүйелі саясатын жүргізіп келе жатқанын да атап өтті.

«Осы жылдар бойы Қазақстан әсіресе, күрделі кезеңдерде, қырғыз халқымен бірге болды, Қырғызстан басшылығының өтініштеріне түсіністікпен қарады, өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде барынша ықпалын тигізді және энергия таратушыларды, азық-түлік және басқа да әлеуметтік маңызы бар тауарларды жеткізуді қоса алғанда, елеулі гуманитарлық көмегін көрсетті», — деп жазылған мәлімдеме мәтінінде.

Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі аясында Қазақстан Республикасының Президенті 100 миллион доллар көлемінде техникалық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Қырғызстанға гуманитарлық көмек желісі бойынша 20 миллион доллардан астам қаржы бөлінді, Бішкек пен Ош қалаларында жалпы білім беретін екі мектеп салынды. Қырғызстан экономикасына қазақстандық инвестициялар көлемі 820 миллион долларды құрады. Осының нәтижесінде мыңдаған қырғызстандықтар жұмыс орындарымен қамтылды.

«Қырғызстандық тараптың ЕуразЭО талаптарына сәйкес санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық жүйелерді негіздеу бойынша міндеттемелер қабылдағанын айта кеткен жөн, бұл міндеттеме әлі күнге дейін орындалған жоқ. Бұл қазақстандық нарық пен жалпы интеграциялық бірігу үшін қатерлер тудырады. Осыған қарамастан, қазақстандық тарап қырғызстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің қазақстандық нарыққа қолжетімділігін және оның Қазақстан аумағы арқылы транзитін жеңілдетуге бағытталған шаралар кешенін қабылдады,-дейді Сағынтаев мырза.

Сөз соңында «Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевтың өз пайдасы мақсатындағы әредік қарсы шығу пиғылдарына қарамастан, Қазақстан Үкіметінің қазақ-қырғыз стартегиялық әріптестігі мен ынтымақтастығын одан әрі белсенді тереңдетіп, кеңейте түсуге ниетті екені» аталып өтті.

Еске сала кетейік, 7 қазан күні бірнеше қырғыз БАҚ-тарында Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың мемлекеттік сыйлықтарды тапсыру рәсімінде Қырғызстанға “қазақстандық билік таңып отырған” жетекшілер жайлы пікірі жарияланды.