ҚР Сыртқы істер министрлігі Алмазбек Атамбаевтың сөзіне байланысты мәлімдеме жасады

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қырғыз БАҚ-тарында таратылған 2017 жылғы 7 қазандағы Қырғыз Республикасының Президенті А. Атамбаевтың Қазақстан Республикасының басшылығына қатысты сөздеріне байланысты қатаң наразылық білдіреді және мұндай сөздерге екі достас мемлекеттер арасындағы қатынастарда жол берілмеуі тиіс деп санайды», — делінген мәлімдемеде.

«Қырғызстан Президентінің сайлау алды мақсатындағы жауапсыз, арандатушылық мәнді және жалған пікірі елдеріміз арасындағы достық пен өзара көмектің көпғасырлы байланыстарына нұқсан келтіре алмайтынына сенім білдіреміз. Қазақстан тарапы қырғыз халқымен дәстүрлі бауырластық қатынастарын дамыту жолына берік болып қала береді», — делінген қазақстандық тараптың мәлімдемесінде.

Еске сала кетейік, 7 қазан күні бірнеше қырғыз БАҚ-тарында Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың мемлекеттік сыйлықтарды тапсыру рәсімінде Қырғызстанға «қазақстандық билік таңып отырған» жетекшілер жайлы пікірі жарияланды.