Ахметжан Есімовтің ЭКСПО-ға қосқан үлесі қандай?

Әйтсе де биылғы жылдың бас оқиғасының қалай өткендігі туралы көпшіліктің ойы бір жерден шығып отыр: ЭКСПО-2017 ың-шыңсыз, кәсіби түрде ұйымдастырылды деп жазады «Время» газеті.

Осыдан екі жыл бұрын көрме орталығының орнында қоршау мен бірнеше ғимараттың қаңқасынан басқа ештеңе жоқ еді. 2015 жылдың жазында Ермегияев пен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшылығы тұтқынға алынған болатын. Ұлттың бас жобасы үлкен дағдарысқа тап болды десек, артық айтпаспыз. Көрменің өтуі, нысандарды салып үлгеру жүзеге асар-аспасы белгісіз мәселелерге айналды. Сондықтан бұл дағдарысты жойып, үлкен шараны аман-есен, ойдағыдай ұйымдастыра алатын адам керек болды.

Ермегияев тобы тұтқынға алынған соң ұлттық компанияның шартты түрдегі басшысы болып сол кездегі Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков тағайындалған болатын. Алайда бас қаланың да жұмысын алып жүру, үлкен дағдарысқа ұшыраған ұйымды да құтқару кім-кім үшін болса орындалуы мүмкін емес деуге келерлік іс болатын. Нәтижесінде 2015 жылдың тамыз айында Алматы қаласының әкімі болып отырған Ахметжан Есімов ЭКСПО басшылығына тағайындалады.

«Ұлттық компанияға үкіметпен, барлық аймақтардың әкімдіктерімен байланыста болатын, инвестиция және технологиялар тарту үшін әлемнің ондаған елімен жұмыс істейтін тәжірибелі адам керек, — деп түсіндірді Ахметжан Есімовті «Астана ЭКСПО-2017» басшылығына тағайындаған Нұрсұлтан Назарбаев. – Өте аз уақыт қалды… Көрмені жоғары деңгейде өткізу керек. Қолымыздан келеді деп білемін. Жағдай оңай емес, Ұлттық қордан ақша бөліп отырмыз, әр теңгені пайдамен жұмсау қажет».

Көрме салтанатты түрде ашылардан 21 ай бұрын президент Есімовтің алдына бірқатар мақсат-міндеттер қойған болатын. Атап айтқанда, ЭКСПО жұмысының үш айы ішінде шараға 2 миллион адам келеді деп жоспарланды. Іс жүзінде 4 миллионға жуық қонақ келді. Барлық павильондар 30 миллион рет көрілді, ал шара алдында жоспарланған бұл көрсеткіш 5 миллион еді. Көрмеге кететін шығынды Қазақстан ойластырылған 816 миллиард теңгеден 452 миллиардқа дейін қысқарта алды. Елге 28 мемлекет басшысы, 36 премьер-министр мен олардың орынбасарлары, 11 парламент басшысы және олардың орынбасарлары, 70 министр және олардың орынбасарлары келді. Шет мемлекеттер 200 миллиондай долларды өз павильондарын дайындау үшін жұмсады.

Әу баста дағдарысқа ұшырап, ұйымдастырылуының өзі екіұшты болған шара жоспарлағандай өтті. Бір айта кетерлігі, Есімов бұған дейін де қиын кезеңге тап болған құрылымдар жұмысын бірнеше рет қалпына келтірген болатын. Сарапшылар «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Алматы қаласының әкімі, Ауыл шаруашылығы министрі,  ЕуроОдақ пен НАТО-дағы Қазақстан өкілі, Инвестициялар жөніндегі комитет төрағасы болып отырған кезінде жоғары деңгейдегі бірқатар жетістіктерге қол жеткізгенін атайды.

Саясат болжаушылар көрме біткен соң Есімовтің жайы қалай болады деп сан түрлі ой айтты. Біреулер Алматы әкімі болады деп долбар жасады, енді бір сарапшылар премьер-министрлікке барады деді. Алайда Нұрсұлтан Назарбаев Есімовтың міндеті ЭКСПО базасында іске қосылады деп жоспарланып отырған жобалардың дұрыс жұмыс істеп кетуін қамтамасыз ету деген болатын. Ахметжан Есімовке мұндай тапсырманың жүктелуі президенттің бұл жобаларға үлкен үміт артып отырғанын білдіреді.