Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ – ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания.

Ұшқын Сәйдірахманұлы, жас ғалым
Ұшқын Сәйдірахманұлы, жас ғалым, ©baribar.kz

Менің Алаш тұлғаларымен қанаттас зерттеп жүрген тақырыбым — қазақ эмиграциялық баспасөзі. Бұл — қазақ журналистикасының тарихында назардан тыс қалып жүрген аса шетін тақырыптың бірі. 1929-1939 жылдар аралығында жарық көрген «Яш Түркістан», ІІ дүниежүзілік соғыста Мәжит Айтбаев, Мәулікеш Қайыпалдин, Хамза Абдуллиндер шығарған «Милли адабият», 1942-1975 жылдар аралығында әуелі Берлин, кейіннен Дюселдорфта басылған «Милли Түркістан», Мюнхенде жарық көрген «Түрікелі» қатарлы басылымдар саяси маңызы тұрғысынан да, мазмұндық мәні жөнінен де баспасөз тарихында елеулі орын алады.

Бұл тақырыпқа баруым ешқандай кездейсоқтық емес. Оған дейін Ташкентте шыққан «Ақ жол» газетін, Орынборда жарық көрген «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ» басылымдарын зерделедім. Эмиграциялық «Яш Түркістан» журналы Сталиндік режимде құмыққан Алаш идеясының, «тұтас Түркістан» тұғырнамасының шетелдегі бірден-бір насихатшысы еді. Әрі тоталитарлық жүйені батыл әшкерелеп, Еуропадағы саяси қауымдастыққа кеңестік өмір шындығын шынайы көрсетіп отырған сенімді дереккөз болатын.

«Мұстафа Шоқайдың беймәлім жазбаларын ғылыми айналымға қостым»

Алдында атап өткендей, «Яш Түркістан» журналы — отандық зерттеуде қағаберіс қалып жатқан соқталы тақырып. 10 жыл бойына жарық көрген басылымның барлық нөмірін түгел зейінмен қарап шығып, әрбір материалының деректік, дәйектік негіздерін нақтыладым. Мұстафа Шоқайұлына тиесілі бүркеншік есімдердің сыры ашылды. Ал ол бүркеншік есімдермен жазылған «Яш Түркістандағы» біраз материалдар Шоқайұлының толық шығармалар жинағына енбеген. Осылайша ғылыми түсіндірмелермен талдау жасай отырып, қайраткердің беймәлім жазбаларын ғылыми айналымға қостым. «Яш Түркістан» жазбалары — әділін айтсақ, Мұстафаның саяси көсемсөздерінің кульминациялық шырқау биігі. Сондықтан оны зерттемей, оған толық баға бермей Шоқайтану ғылымы өз биігіне көтеріле алмайды. «Яш Түркістан» туралы жарық көретін зерттеу еңбегім осы ақтаңдақты толықтырады деп сенемін.

Ұшқын Сәйдірахманұлы, жас ғалым
Ұшқын Сәйдірахманұлы, жас ғалым, ©baribar.kz

«Мұстафа Шоқайдың өткір сыннан Сталиннің өзі қаймықты»

Көсемнің саяси өмірге ерте араласып, баспасөзбен етене жұмыс жасағанын ескерсек, «Бірлік туынан» бастап, «Яш Түркістан» журналына дейінгі аралықта 20 шақты басылымға қатысқан. Оның қайсыбірінің шығарушысы, редакторы ретінде тікелей бағыт-бағдарын белгілесе, кейбіреулеріне автор ретінде материалдар ұсынып отырған.

Анығында Мұстафа Шоқайдың қаламгерлік қуаты «Бірлік туы» газетінде жазған материалдарынан-ақ анық көрінетін. Ал «Яш Түркістан» журналы оның публицист ретіндегі ой өрісі мен саяси көсем тұрғысындағы пайым парасатын толық әйгіледі.

Мұстафа публицистикасының ерекшелігі бұлтартпас фактілік негізінде жатыр. Ол туған топырағынан жырақта жүрсе де, елдегі жағдайды, халықтың бастан кешіріп отырған ауыр хәлін, реформалар мен өзгерістердің сыр-сипатын, түпкі мәнін айқын танып отырды. Ал бұл деректердің бәрін ол кеңестік баспасөзден, партиялық қаулы-қарарлардан, жоғарғы лауазымды басшылардың ресми сөздерінен алатын. Баспасөз бен құжат беттеріндегі сәйкеспейтін статистикалардан, дүдәмал сан-цифрлардан, кейде тіпті кереғар ой-пікірлерден тұтас жүйенің шын бет-бейнесін майдан қылшық суырғандай анық көрсетіп отырды. Сондықтан мұндай өткір сыннан Сталиннің өзі қаймықты.

Мұстафа Шоқай өмірінің әр сәті қауіп пен тәуекелге толы еді. Тіпті бас амандығына қатер төнген сәттер де аз емес. Соған қарамастан тұлғаны өзінің асыл мақсат, анық мұратынан айнытпаған қандай күш? Ол — отанға махаббат, «тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген ұлы сенім. Ендеше, басқасын айтпағанда, қайраткердің осы сенімінен үлгі алу, ұлт үшін қалтқысыз қызмет ету ұстанымынан өнеге көрудің өзі зор өрнек болар еді.

Ұшқын Сәйдірахманұлы, жас ғалым
Ұшқын Сәйдірахманұлы, жас ғалым, ©baribar.kz

«Яш Түркістан» журналы әлі жеке зерттеу нысаны бола қойған жоқ»

Мұстафа Шоқай тұлғасы аз зерттелген жоқ. Көшім Есмағамбетов, Бақыт Садықова, Әбдіуақап Қара және Дархан Қыдырәлі қатарлы ғалымдар зерттеу еңбектерін жазды. Әкім Тарази ағамыз Қайраткердің әдеби бейнесін жасады. Мұстафа Шоқай шығармаларының әуелі 2 томдық, кейіннен 3 томдық, одан беріде көптомдық жинақтары жарық көрді. Тұтас Түркістан идеясының эмиграциядағы күресін 30 жылдан бері зерттеп келе жатқан, АҚШ-та елеулі зерттеулер жүргізген ғалым Тимур Қожаұлы, «Аяз-Таһир Түркістан, Еділ-Орал» қоғамының төрағасы, Түркия Бұғазіші университетінің профессоры Түләй Дұран қатарлы шетелдік ғалымдар да журнал жайлы өз пікірлерін білдірді. Сөйтсе-дағы, «Яш Түркістан» журналы әлі жеке зерттеу нысаны бола қойған жоқ.

Жетекші ұстаздары туралы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде оқып жүрген 2007 жылы ұстазым Сағатбек Медеубекұлы тақырып белгілеп, алғаш рет ғылым академиясы кітапханасының сирек қолжазбалар қорында жұмыс жасадым. Содан бастап менің зерттеуге ықыласым ауды. Міне, одан бергі он жылдың әр жылында кем дегенде үш айым осы кітапханада өтеді. Университет қабырғасында осы бейінімді байқап, талабымды одан әрі ұштаған Кәкен Қамзин, Аманқос Мектептегі ұстаздарыма ерекше алғыс айтамын. Одан бөлек, еліміздегі журналистика мәселелерін зерттейтін тұңғыш және жалғыз институттың негізін қалап, менің зерттеу жұмыстарыма жетекшілік жасаған, өзінің ғылыми мектебінен ширатып шығарған Намазалы Омашұлына алғыс айтуға тиіспін. Осы кісілердің арқасында қалыптасып, өз соқпағымды таптым десем қателеспеймін.

Ұшқын Сәйдірахманұлы, жас ғалым
Ұшқын Сәйдірахманұлы, жас ғалым, ©baribar.kz

«Ғылымға келуіме балалық шақтағы кітапқұмарлығым әсер етті»

Пенде ретінде кейде өзіңмен-өзің оңаша сырласасың, өткен ғұмырыңды, басқан ізіңді бағамдап, әредік ойға шомасың. Осы жолға қалай келдім, қандай таңдаулар менің тағдырымды өзгертті деген сияқты сұрақтар мені де мазалағаны рас. Бала күнімде үйде көп кітаптар болды. Бірақ бір қызығы олар сөреде тізіліп тұрмайтын. Үйдің әр бұрышында: қонақ бөлме, ас үй, жатын бөлме, қысқасы, көз көріп, қол жететін жердің бәрінде кітап жатушы еді. Сосын бейсаналы түрде әлгілерді парақтайсың, суретін көресің, қыстырма суреттерін қызықтайсың. Мұқабасына көзің түссе, кейбірін қиып та аласың. Әйтеуір бар білгенімді жасайтын едім. Десе де, «Оның дұрыс емес»,- деп жаймашуақтап айтқаны болмаса, әкемнің оған бола ұрсып, жекігенін көрмедім. Содан көз алдымда көлбеңдеп жатқан әлгі кітаптарды парақтап бастадым. Кейбірі бір-екі беттен аспайды. Ондайда оны қоя саласың да, екіншісіне көшесің. Сөйтіп сөзге деген әуестік пайда болды. Кітаппен етене бола бастадым. «Неге бұлай?» деген сұрақтар жиі қойылатын болды. Менің тағдырымның осы бағытқа бұрылуына, ғылым жолына саналы қадам басуыма сол балалық шақтағы кітапқұмарлығым әсер етті десем еш қателігі жоқ.

«Ұшқын» газетінен Жүсіпбек Аймауытұлына тиесілі бүркеншік есімді анықтадым»

Зерттеумен айналысудың кісі баласына сезіле бермейтін өз рахаты болады. Дәлірек айтсақ — рухани ләззат. Бұл күйді мен, әсіресе, сирек қолжазбалар қорында ескі мұрағаттармен жұмыс жасағанда көп сезіндім. Көз алдыңда осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын жарық көрген басылымдар жатады. Сарғайған, тіпті, кейбірі үлбіреп тұрған басылымдардан Алаш зиялыларының жазғандарынан оқисың. Сол сөзді өзіңе арнап жазғандай, саған аманат артқандай толқисың, тебіренесің. Одан бөлек, ескі оқығындар көптеген жазбаларына бүркеншік есімдер пайдаланған. Қаламаттардың жұмбағы әлі дерлік шешілмегендіктен кейбір есімдерге тиесілі шығармалар ғылыми айналымнан тысқары қалуда. Сондай айрықша қуанышқа бөленген сәтімнің бірі текстологиялық талдау арқылы «Ұшқын» газетінен Жүсіпбек Аймауытұлына тиесілі бүркеншік есімді анықтағаным болды. Меніңше, дәл осындай көңіл-күй мен сезімді ешқандай материалдық жетістік бере алмайды. Ал ғылымға не бердім деген сұрақ өзіндік қолтаңбасы бар, ғылыми мектебі қалыптасқан сақа ғалымдарға арналған сауал болса керек. Әйтпесе, «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарған» дегеннің кебін киеміз. Сөйтсе де 2011 жылдан бері профессор Намазалы Омашұлының жетекшілігімен «Алаш көсемсөзінің» 10 томдығы, «Жиырмасыншы жылдар журналистикасының» 3 томдығын құрастыруға қатыстым. Бұл ғылым жолындағы алғашқы беталыс-бағытым деп білемін.

Ұшқын Сәйдірахманұлы, жас ғалым
Ұшқын Сәйдірахманұлы, жас ғалым, ©baribar.kz

Болашаққа жоспарлары

Болашақтан күтер үміттер көп. Он жыл мұрағат қорларындағы ескі газет-журналдарды парақтадым. Көзім жеткені — Алаш арыстары жайлы әлі талай аршылмаған ақиқат, айналымға енбеген асыл сөздері тұнып жатыр. Алаштану, тұлғатану деп ауыз толтырып айтқанымызбен, шынын айтқанда, академиялық толық жинағы жарық көрген Алаш зиялылары Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа ғана. Рас, артында іздейтін ұрпағы бар алаштықтардың жазған-сызғандары да баспа бетін көріп жатыр. Десе де, жоқшысы жоғы қаншама?! Алаш партиясына мүше болып, жер-жерде еңбек еткен 250-ден аса алғабасар қайраткерлер бар десек, біздің қазір ғылыми айналымға енгізгеніміз толық жиырмаға жетер жетпес. Демек, біз Алаш қозғалысының құбылыстық мәнін толыққанды пайымдай алған жоқпыз. Ақтаңдақтар мен іздеушісін күткен белгісіз есімдер әлі де көп. Мендік арман осы есімдер халықпен қауышса, сирек қорлардың әр жерінде шашырап жатқан мұралары жинақталса деймін. Өзім де осы жолда еңбек еткім келеді.

«Қоғамды өтіріктің елесі кезіп жүр»

Толғандыратын мәселе аз емес. Толғандыру дегеннен гөрі алаңдататын, опындыратын жағдайлар деп айтсам оң болар. Ең басты мәселе — өзімізге сынмен қарау, сыни ойлау қабілетіміз кеміп барады. Бұл тіпті қоғамдық дертке айналды десем де ұшқары айтылған пікір болмас. Айналамыздың бәрі қолпаштау мен көпірме мақтау. Кіл ода мен мадақтан май жұтқандай жүрек шайлықты. Асылы, 25 жылды енді ғана еңсерген елдің мәселесі шаш етектен демесек те, бір басына жетерлік болмайтын ба еді? Жоқ, біз кемшіліктеріміз бен кемістігімізді, жетерсіздіктеріміз бен олқылықтарымыз туралы ауыз ашқымыз келмейді. Жауырды жаба тоқымдаймыз. Бізде бәрі ғажап, бәрі тамаша. Теледидарды қоссаң, ТМД-да тұңғыш, әлемде алғашқы рет жасалып жатқан «теңдессіз» жобалар мен «таңғажайып» реформалардан құлақ сарсиды. Одан қалса бітпейтін концерттер мен таусылмас шоулар. Қосқан бетте қайтадан сөндіресің. Күні кешегі тарихы зар мен мұңға толы қазақтың бар мәселесі шешіліп, жоқтайтын құндылығы қалмағандай. Осыған жаның күйзеледі. Қоғамды өтіріктің елесі кезіп жүр.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқытсуреттер Ақмарал Ағзамқызы

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.