Басты бетЖаңалықтарАстананың қоғамдық...

Астананың қоғамдық көліктеріне «салық» салынуы мүмкін

«Мәселен, 2014 жылы Астана LRT қала әкімдігінің кепілдігімен 107 млн еуро, ал екі жылдан кейін тағы 65 млн еуро несиеге алды. Ол ақшаға 568 жаңа автобус сатып алынды. Барлық көліктерді жолаушы тасымалдаушыларға таратып бердік. Олар жаңа көліктермен xалықты тасып, ақша тауып, несиені қайтаруы тиіс еді. Алайда оған жете алмадық. Тасымалдаушылар табыс түспей жатқандығын айтуда. Ал несиені «Астана LRT» компаниясы мен әкімдік қайтаруға мәжбүр», — деді Ақжанова бүгін қаланың көлік кешенін дамытуға арналған партиялық тыңдауда.

Алдағы уақытта қалаға 1600 автобус керек болады. Қазіргі курспен санағанда, шығын шамамен 220 млрд теңгені құрайды. Бюджеттік субсидиялар да тапшы. Осыған байланысты «Астана LRT» компаниясы қоғамдық көлік кешенін қаржыландырудың бірнеше үлгісін ұсынып отыр. Бір ұсынысқа сәйкес, жол жүру ақысын көтеру керек. Бюджетке түсетін салмақты барынша азайту үшін бір билеттің бағасын 300 теңгеге арттыру қажет. Алайда xалықтың қалтасы ондай бағаны көтермейді.

«Біз жаңа революциялық жолды ұсынамыз. Соның арқасында бір отбасының қоғамдық көлікке кететін шығындарын азайтып қана қоймай, бюджетке түсетін салмақты да төмендетуге болады. Жаңа жүйеге сәйкес, қоғамдық көлік ақысы Бірыңғай есептеуіш орталығына төленеді. Қазіргі кезде біз ай сайын аталған орталық арқылы барлық коммуналдық төлемдерді, лифт пен күл-қоқысты шығарғаны үшін ақша төлейміз. Сол сияқты әрбір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысанынан 1,7 АЕК көлемінде алымды жинасақ, онда қаржының ашықтығын қамтамасыз ете аламыз», — деп атап көрсетті Ақжанова.

Компания өкілінің айтуынша, қаланың әрбір тұрғыны қоғамдық көлік «салығын» төлесе, қоғамдық көлікпен жүруге кететін шығындар азаяды. Зейнеткерлер және тағы басқа адамдар ол салықтан босатылуы шарт. Ал жеке көлікпен жүретін адамдар автобусқа мінбесе де, ақылы тұрақтар және тағы басқа орындарда жеңілдік ала алады.

ДереккөзInform.kz