Басты бетТанымАңырақай шайқасында...

Аңырақай шайқасында қазақ әскерін еңіске жеткізген әдіс-айла туралы не білеміз?

Мерзімі: 1729 жылдың мамыр-маусым айлары

Майдан алаңы: Хантау тауы, Алакөл көлі мен Аңырақай тауларының аралығы (қазіргі Алматы және Жамбыл облыстары)

Шайқасқан екі тарап: қазақтар 30-35 мың атты әскер — жоңғар жағы 40-42 мың атты әскер

Қолбасшылар: қазақ әскерінің қолбасшысы — Әбілқайыр хан, жоңғарлардың қолбасшысы Қалдан Серен болды.

Қатысқан батырлар: 

  • Ұлы жүз жасағы – Жолбарыс хан және Төле би, Қарабатыр, Өтеген, Сәмен, Қойгелді, Саңырық, Төлек, Қазыбек бек, Хангелді батырлар.
  • Орта жүз жасағы – Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Ер Жәнібек, Тілеулі, Қабанбай, Жауғашар батырлар.
  • Кіші жүз жасағы – Есет және Тайлақ батырлар.

Қанша күнге созылды: 45 күн

Адам шығыны: қазақтардың жасағынан 8 мың жауынгер қаза тапты; жоңғарлардан 28 мың жауынгер шығын болды.

Тарихи маңызы

Мұхтар Мағауин: «Егер Бұланты мен Аңырақайдағы жеңістер болмаса, Қазақ ордасы осыдан үш жүз жыл бұрын мүлде тозып, құрып біткен Ноғай Ордасының кебін киері анық. Тоқтау көрмеген Жоңғар қалмағы енді бірер серпінгенде Еділ қалмағымен тоғысар еді. Сарыарқадан айырылған соң қазақтың барар жер, басар тауы қалмас еді», – деп баға берді.

Өту барысы

Шайқас жекпе-жектен басталады. Жоңғар жағынан мықты әскери қолбасшы Шарыш батыр шықса, қазақ қолынан жап-жас Сабалақ батыр (Әбілмансұр) ниет білдіреді. Оның «Абылайлап» аруаққа сыйынып шабатыны да – осы сәт.

Аңырақай шайқасында алғашқы ұрыстар позициялық күштерді барлау, ой қорыту мақсатында жүргізілді. Екі жақ та сол өңірдегі тау, жыра, жазықты барынша ұтымды пайдаланып, аз шығынмен жауын көп қыруға жанталасты. Жоңғарлардың қару-жарағы басым еді. Мылтық та, өздері жасап шығарған зеңбіректеріне дейін болды. Ал, қазақ жағы түрлі тәсілдермен және айла-амалдарды қолдану арқылы жауының қару жағынан басымдығына қарамастан жеңіп кетті. Соған қарағанда, қазақтар сол уақыттарда зеңбірекке қарсы ұрыс тәсілдерін меңгерген болуы керек. Негізгі тәсіл – аз ғана қолмен жау жайбарақат демалып отырғанда шабуылдау әдісі болды. Мұндайда адам шығыны аз болады. Әсіресе, түнгі уақыттарда жау жағы от жағып отырғанда барып шабуылдаған. Жауынгерлердің аз ғана тобы жау жағының алдынан шығып, өтірік қорыққансып қашады да, даланың бір бұрышына қарай еліктіріп әкетеді. Көп әскер солардың артынан өкшелеп шауып барады. Жер жағдайын білмейтін жерге әкеткен соң үлкен қолмен оларға қарсы соққы берген. Олардың бәрін түгел қырып жіберген. Себебі аман қалса, басқа қолға қосылып, күшейіп кетуі де мүмкін еді.

Ұрыс тактикаларынан бөлек, мұнда жекелеген батырлардың ерлігін ұмытпаған жөн. Мәселен, Сіргелі Елшібек батыр өз тобымен жойқын шабуылдаған күйі жау зеңбіректерін жарып жіберді, Тілеулі батырдың «жылжымалы қамалына» тап болған жоңғарлардың талай атты әскері көзді ашып, жұмғанша жоқ болды. Қазақ садақшыларының жеке жасағын ошақты Саурық батыр басқарды. Қанжығалы Бөгенбай Қалдан Сереннің інісі қолбасшы Шононы жеңді, шапырашты Бөлек батыр қалмақ Аңырақайды, шымыр Ақша батыр қалмақ Дәржіні мерт қылды. Итішпестің Алакөлі маңындағы соққыдан есін жия алмай қалған қалмақтар сусыз сортаң жерде шөлге ұшырап, одан әрі соғыса алмай Аягөз, Шарға қарай жөңкіле қашты. Аңырақай шайқасы болған жер 200 шақырымды қамтиды екен. 45 күнге созылған майданда қазақтар басымдыққа ие болып, Балқаштың оңтүстігіндегі Сорқұдық көлі тұсында да жеңіске жеткен. Өкінішке қарай, жеңіс жалғасын таппады. Хан болудан үмітті Әбілқайыр мен Сәмеке хандар қазақ билеріне ренжіп, әскерін алып кетіп қалды.