Еліміздің кей аймақтарында мерзімінен бұрын жылу берілді

Биыл Қостанай облысында жылу беру маусымы әдеттегіден 1 апта бұрын басталды. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы барлық әлеуметтік нысанға жылу беріле бастады. Ал тұрғын үйлердің құбырына ыстық су бүгін жіберіледі.

Семейде де осы аптаның соңына қарай жылу беріле бастайды. Өңірде бірнеше күннен бері түнде сынап бағанасы минус 2-ге дейін төмендеп тұр. Жергілікті билік қалаға Қаражыра көмір кенішінен 50 мың тонна отын жеткізілгенін айтады.

Атырауда мұнайлы өңірге әзір қыс ызғары жеткен жоқ. Термометр бағаны әлі күнге 25 градустан төмен түспей тұр. Дегенмен бұл аймақта жылыту маусымы 1 қазаннан басталмақ.

«Перзентхана, балабақша секілді әлеуметтік нысандарға қазірдің өзінде жылу бере аламыз. Бірақ синоптиктердің мәліметі бойынша, әзірге облыста температура 8 градустан төмен түспейтін сыңайлы. Соған қарамастан, Атырау облысы бойынша 1 қазаннан бастап жылу беру маусымы басталады», — дейді «АтырауЖылуҚуат» орталығының техникалық жетекшісі Михаил Борисенко.

Оңтүстік Қазақстан облысында жылу маусымы 1 қарашадан басталады. Қазір ауа райы өңірде +25 градустың маңайында. Дегенмен күн күрт суытар болса, жылу беруге сақадай саймыз дейді жауапты сала мамандары.

Астанада жеке тұрғын үйлер пеш жаға бастаса, көпқабатты тұрғын үйлерге жылу әлі берілген жоқ. Астана әкімі Әсет Исекешев тағы 1-2 күн суық болса, елордада жылу 27 қыркүйектен бастап беріле бастайтынын айтты.

ДереккөзKhabar.kz