Сауда электронды түрде жасалу керек. Қала әкімдігі өзіне тиесілі пайызды 2 миллиардтан астам теңгеге бағалап отыр екен. Ал сарапшылар мұндай спорттық нысаннан пайда жоғын айтады
Қала әкімдігі «Қайрат» футбол клубының өзіне тиесілі 30 пайызын аукционға қойған еді. Алайда, ешкім оған қызықпаған көрінеді. Негізі, клуб осымен екінші рет сатылымға қойылған. Жалпы, клуб 2 миллиард теңгеге бағаланған екен. Алматыда «Қайраттың» 5 жаттығатын орталығы бар. Сарапшылардың сөзінше, жекешеленген нысандар өз жұмысын ауыстырмай, жалғастыруы керек. Ал дәл футбол нысанын сатып алу тиімсіз екен.
«Кәсіби спортқа келер болсақ, бұл сала мүлде кіріс әкелмейді. Бокс пен күресті қоспағанда, әрине. Ал футбол мүлде пайдасыз деп айтуға болады. Егер жекешеленетін болса, онда ол клуб өзін асырай алмай қалады. Бұл жерде пайда туралы сөз қылмай-ақ қойса болады», — дейді спорт журналисі Сергей Райлян.
«Қайрат» футбол клубы осымен екінші рет бәссаудаға қойылып отыр. Оның бастапқы бағасы 2,032 миллиард теңгеден басталған. Сатып алушы кепілдік ретінде алдын ала 68 миллион теңге салу керек. Алайда, сауда жасалмады. Өйткені, электронды аукцион ережесі бойынша кем дегенде екі үміткер болуы тиіс.
«Қайрат клубының тарихы тереңде жатыр. Былтыр «КазРосГаз» компаниясы жеке инвестор ретінде 70 пайыз үлесін алған болатын. Содан кейін, қалған 30 пайызды сатып алатын шығар деп ойлағанбыз. Алайда, жеке инвестордың тарапынан ондай қызығушылық байқамадық. Болашақта кәсіби футболмен айналысатын адамдар саудаға қатысып, алады деп ойлаймыз», — деді Қаржы басқармасының басшысы Айнұр Құдайбергенова.
Осы жылы қаржы басқармасы 25 ұйымды жекешелендіруді жоспарлап отыр. Жалпы аукцион электронды түрде өтеді. Яғни, барлығы айқын. Ортада делдалдар болмайды. Кез келген адам тіркеуден өтіп, аукционға қатыса алады.