Дінтанушы жастардың дінге деген көзқарасы туралы айтып берді

Қазіргі жастар білім алу, өмір сүру жағынан алғанда сауатты, бірақ діни сауаттылық тұрғысынан алғанда бәрі бір деңгейде емес. Дінге бет бұрған жастар одан дәстүрдің тамырын, өздеріне рухани азық іздейді. Ал дінге қызықғушылық танытпайтын жастар мәдени ұстанымдардың аясында өмір сүреді. Сондықтан жастарды дінге қызығатын немесе бейтарап қарайтын деп бөліп қарастыруымыз керек.

Бағдат Бейсенов, дінтанушы
©Baribar.kz

Қала жастарының дінге қызығушылығы төменірек. Ал, ауыл жастарында жоғары. Олар қалаға келгенде жалғыздық сезінсе, діни тұрғыда өздеріне тірек іздеп, мешітке барады. Бірақ олар пәтер, қаражат мәслелерін шешу үшін топтасып өмір сүруге мәжбүр. Сол себепті де діндес бауырлар іздеп, жамағатпен тұра бастайды.

Қазіргі уақытта дін әлеуметтенудің бір жолына айналды. Кеңестік кезде бұл шаруаны пионер, еңбек ұжымдары атқарды. Сонда жастар ересек өмірге дайындалатын, қазір ондай жүйе жоқ. Жастар ересек өмірге өздігінен бейімделіп жүр. Бұрынғыдай үлкендер үлкендік көрсете алмайды, аға ағалығын, әпке әпкелігін жасай алмайды. Бұған нарықтық экономика да әсер етіп жатыр. Үлкендер күн көрістің қамына түсіп кетті.

Бағдат Бейсенов, дінтанушы
©Baribar.kz

Жастардың жат ағымдарға түсіп кетуіне не себеп?

Жастарымыздың өмірде өз орнын таппай, жат діни ағымның ықпалына кетуіне оларға немқұрайлы қарау себеп болып жатыр. Үлкендер жастарды сөгуді ғана біледі. Ол дұрыс емес. Ежелгі Грек қалаларының бірінен табылған жазбада «Қазіргі жастар бұзылып кетті» деп жазылған екен. Жастарды кінәлау үдерісі бұрын да болған, қазір де бар, бола береді де. Себебі уақыт өткен сайын құндылықтар да ауысып отырады. Біздің көрген киноларымызды жастар көрмейді, біздің қызығып тыңдаған әндеріміз жастарды қызықтырмайды. Біз атеистік кезде өстік. Ол кезде атеизм мемлекеттік идеология болды. Атеистік сананы қалыптастыру үшін жоғарғы оқу орындарында ғылыми атеизм пәні оқытылды. Енді қазіргі кезде жастардың діни санасын қалпына келтіру үшін мектептерде дінтану, ЖОО-да зайырлылық және дінтану негіздері деген пәт оқытылады. Енді Қоғам және дін істері комитеті «Қоғам және дін» деген оқулық даярлап жатыр.

Бағдат Бейсенов, дінтанушы
©Baribar.kz

Зайырлылық деген не?

Жастарға  зайырлы қоғамға сәйкес өмір сүріп, діндарлық мәдениетін ұстануды үйрету керек. Діндарлық мәдениет деген тек ғибадат жасау емес. Ол — адамның ішкі және сыртқы болмысының үйлесімділігі, ішкі рухани мідениетінің жоғарылығы, нақты қоғамдық қатынастарға бейімделу, мемлекеттік ұстанымдарға сай әрекет ете білуі. Өкінішке орай, теріс діни ағымның жетегінде кетіп жатқан жастар медицинаның жетістіктерінен бас тартуды шығарды, ортағасырлық дәуірде өмір сүруді қалайтын топтар пайда болды.

Көптеген жастар «зайырлылық» деген ұғымды «атеизм» деп түсінеді. Зайырлылық деген атеизм емес. Атеизм – Құдай туралы ілімді қабыл алмау. Ал зайырлылық деп діннің мемлекеттің заңнамалық негізінде өмір сүріп, әрекет етуін айтады. Діннің өзіндік қызметі бар. Біз оны дүниетанымдық, рететуші, адамдарды біріктіруші және ажыратушы құрал дейміз.

Кеңестік кезде атеизм идеологиясы насихатталып келді де, еліміз тәуелсіздік алған соң ол идеологиялық вакуумға айналды. Енді сол бос тұрған кеңістікті батыстан, шығыстан келген әртүрлі діни ағымдар жаулай бастады.

2000 жылдары біреу құранды білетін болса, намаз оқыса, мешітке барса, біздің Ислам дінімізді насихаттаушы деп түсініп, тура жолға түскенін айтып қуандық. Дінімізді жандандырып жатыр деп ұқтық. Ол қандай Ислам әкеліп жатқанына мән бермедік. Оған мән беру 2000 жылдардың ортасынан басталды. Енді адамдар дінге бет бұрғандардан үркетін болды. Өйткені елімізде діни жағдайларға байланысты құбылыстар орын алды да, дінге байланысты секемшілдік көзқарастар орын ала бастады. Біреу намаз оқыса, қандай жолға түсіп кеткенін аңдимыз. Мешітке жиі барып кетсе де қауіптенетін болдық.

Дінге деген қызығушылық жастардың арасында жоғары болып тұр. Мысалы, жұма, айт намаздарына барсаңыз, мешіттегі жамағаттың 80-60 пайызы жастар болады. Ол жастардың да әлеуметтік құрамы әртүрлі. Көбі жұмыс іздеп келгендер, пәтерде тұратындар. Осындай пәтерде тұратын жастар көбінесе жат ағымның ықпалында қалып кетеді. Себебі, көптеген ағымдар жастарды үймен, жұмыспен қамтамасыз етеді де, өздеріне тартады. Бірақ діни адасушылықтың себебін тек діни аспектілердің іздеудің қажеті жоқ. Онда әлеуметтік, писхологиялық, рухани жағдай да себеп болуы мүмкін. Тіпті еліктеушілік те адасушылыққа алып келеді.

Бағдат Бейсенов, дінтанушы
©Baribar.kz

Жат ағымдардың бірінші белгілері

  • Өз жолдарын ғана дұрыс деп санайды. «Біздің жолымыз ғана дұрыс, соны ұстансаңдар ғана құтқарыласыңдар»,-деп айтады. Қалған қоғам мүшелеріне адасқандар деп қарайды;
  • Нақты бір діни ұстаздың болуы. Тек сол адамның ғана айтқанымен жүру;
  • Адамды ахиретті айтып, қорқыту. Жастарға бұл өмірдің маңызынан, мәнінен, қызығынан бас тартуға шақырады. Шейіт ұғымы арқылы бұл өмірді тәрк етуге, қызықпауға шақырады;
  • Қоршаған ортадан, ағайын-туыстан жатырқау. Туысқандарын адасқандар деп қарайды да, олардан безіне бастайды. Сөйтіп оқшау топпен өмір сүре бастайды. Бір-біріне қолдау көрсетіп, «Бауыр» деген ұғымды қолданады;
  • Адамды белгілі бір діни дүниетаным негізінде тәрбиелейді. Басқа әдебиеттерді, басқа ортаның айтқандарын қабыл алмайды;
  • Дәстүрлі ұлттық құндылықтарды, мемлекеттік нормаларды да қабыл алмайды;
  • Діни ғұрыптарды орындау бүкіл қоғамға тән болуы керек дейді;
  • Қыздар мен ұлдар бөлек оқуын қалайды;
  • Қоғамдағы барлық жүйені дінге қайшы дейді;
  • Қоғамды моральдық тұрғыда азғындаған қоғам деп қабылдайды да, оны жөндеп, тазалау керек деп ойлайды. Бұл экстремистік, террорлық оқиғаларға дейін алып келеді.

Жастар дінтанушыларға қандай сұрақтармен келеді?

Жастар маған хиджап, сақал, теріс ағымдармен күресудің әдіс-тәсілдері, дін туралы, дін мен дәстүрдің байланысы, қабірге зиярат ету туралы сұрақтар қояды.

Хиджап мәселесін қайта-қайта көтере берудің қажеті жоқ. Ол қоғам үшін өзекті емес. Оны ушықтырмай, бейбіт түрде шешуге болады. Діндар ата-аналар — атеистік қоғамда өскен жандар. Қалай олар аз уақыттың ішінде діни фанат болып кетті? Адам бәрін ақырындап үйренуі керек. Сананың бірден радикализациялануы қауіпті. Шынайы мұсылмандық дегеніміз — Исламның, құранның құндылықтарын ұстану, бүлік тудырмау.

Жат ағымда еріп кеткен адамға қалай көмектесу керек?

Адам жат ағымда жүргенін бірден байқай қоймайды. Себебі жанында жүрген адамдар оны тура жолда жүргендігіне сендіріп қояды. Ал басқа біреулер адасып жүргенін айтса, «олар сені көре алмайды»,-деп жұбатады.

Теріс діни ағымға түсіп кеткен адамды шеттете беруге болмайды. Оларды өзімізге тартуға тырысуымыз керек. Жастарды теріс жолдан сақтандырудың ең бірінші жолы — оларға қазақи мәдениет негізінде тәрбие беру. Ол тек мұғалімнің жұмысы емес, ең бірінші отбасылық жұмыс. Ата-ана баласына бір уақыт болса да қарап, әлеуметтік желіде кімдермен дос, діни білімді қайдан алып жүргенін бақылауы керек.

Жат ағымға кеткен адамдармен бірінші имамдарды, ғалымдары сөйлестіріп, діни мәселесін шешу керек. Кейде басқа да жағдайларға байланысты болуы мүмкін. Бізде қазір әлеуметтік лифт жұмыс істемей қалды. Содан таланттылардың қызметі өспей, тамыр-таныстылары жоғарылап кеткенін көрген адамда қоғамға деген өшпенділік пайда болуы мүкмін. Олар әділеттілікті іздей бастайды. Міне, осындай адамдарды жат ағымдықтар бірден анықтап, әділеттілік өздерінің діндерінде екенін айтып, алдайды.

Бағдат Бейсенов, дінтанушы
©Baribar.kz

Қазіргі жастарда білім алатын, еліктейтін ұстанымдар өте көп. Интернет ашық, небір фильмдер бар. Жастар түрік, кәріс, орыс сериалдарының жетегінде тәрбиеленіп жатыр. Сонымен бірге арабтық дәстүрмен жүретін де жамағаттар бар. Олар мұсылман болуды араб болу деп ойлайды. Қазақ та 14 ғасыр бойы мұсылман болып келе жатыр. Халқымыз мұсылмандылықты көркем мінезбен байланыстырады. Қазақтың дәстүрі мен діні біте қайнасқан. Ал, арабтардың никхап, паранджа киюі климатқа байланысты шыққан.

Теріс жамағақа кеткен адамдармен кәсіби психологтар жұмыс істеуі керек. Сектаға кіріп кеткен адамды бері қайтару үшін екі жыл уақыт керек екен. Ал біз жұмыстарымызды ұрандатып өткізе береміз. Дінге сенетін, сенбейтін жастарды да жинап, имаммен де, дінтанушымен де кездесу өткізе береміз. Сол себепті де жұмыстарымыз жемісті боламай жатыр. Сондықтан да қазір адресті түрде ұмыс істеуіміз керек. Дінге қызығатын адамдармен жеке жұмыс істеген дұрыс.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.