ЭКСПО: Сандар сөйлейді

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында ұйымдастырылған ресми шараларға 53 елдің президенті мен 72 премьер-министр келген. Көрмені тамашалаушылардың үштен екі бөлігін жастар құрады.

Елімізге 53 мемлекеттің президенті келді

ЭКСПО көрмесінің жабылу салтанаты

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев «ЭКСПО 2017. Жасыл экономиканың келешегі» конференциясында көрмені тамашалауға 53 елдің басшысы мен 72 премьер-министр келгенін мәлімдеді.

«Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің табысты өтуімен құттықтаймын. Көрмеге 115 ел мен 25 халықаралық ұйым қатысқанын білесіздер. Үш ай бойы халықаралық көрме аясында өткен 105 ресми шараға 53 елдің басшылары мен 72 премьер-министр, 20 Парламент спикерлері қатысты», — деді Рәпіл Жошыбаев.

Комиссардың айтуынша, Елбасы тапсырмасымен ЭКСПО-2017 базасында халықаралық стартап технопаркі, Халықаралық қаржы орталығы және БҰҰ-мен бірлескен әлеуметтік жоба – жасыл технология орталығы құрылады.

Конференция Астанадағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында өтті.

Тәулігіне 40-50 мың адам келді

экспо expo

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін тамашалуға кү сайын 40-50 мың адам келген. Үш ай ішінде келген адамдардың саны төрт миллионды құрайды. Бұл сандар көрменің салтанатты түрде жабылу салтанатында белгілі болды.

«Қайырлы кеш, құрметті қазақстандықтар, қонақтар, ханымдар мен мырзалар. Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің жоғары деңгейде және табысты өткеніне зор алғысымды білдіремін. Елорда үш ай бойы 115 ел мен 22 халықаралық ұйымның басын қосқан сағын қалашыққа айналды. Бұл көрме Қазақстанды әлемге танытты. Қонақтарға қонақжайлығымызды көрсете алдық. Бүкіл әлемнің тәжірибесін өз жерімізде тоғыстырдық. 4 миллион адам келгенін атап өттік. Оның 3/2 бөлігі жастар еді. Көрмеге күн сайын 40-50 мың адам келді. ЭКСПО-2017 көрмесінің ең танымал орталығы «Нұр Әлем» павильоны болды. Аяқталғанына дейін 1 млн 300 мың адам келді», — деген еді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жабылу салтанатында.

Астананың Инвестиция және даму басқармасының жетекшісі Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, көрме барысында елордаға бір жарым миллионнан астам шетелдік қонақ келген. Енді Астана әкімдігі өз алдына 2020 жылға қарай миллион туристті тартуды мақсат етіп отыр.

«Біз әртүрлі елдердегі ЭКСПО тәжірибесін зерттедік. Қабылдайтын ел алдында тұрған мақсаттардың бірі, ең алдымен қала үшін, көрмеден кейінгі туристер санына қатысты көрсеткішті сақтап қалу екен. Әрине, біз жыл сайын осындай шараны қайталай алмаймыз. Алайда туризм экономиканың жаңа өсу нүктесі бола алатынын көріп отырмыз. Мысалы, Парсы шығанағының елдері ЖІӨ едәуір бөлігін туризм арқылы қалыптастырады. Осыған орай, біз осы саланың дамуына байланысты өз стратегиямызды әзірледік. Басты мақсатты индикатор – 2020 жылға қарай миллион шетелдік турист. Сондай-ақ біз олардың осында болу уақытын ұзартуға ниеттіміз», – деп мәлімдеді Әлішер Әбдіқадыров.

Астанадағы туризм саласы дамуының стратегиясы негізгі үш бағыттың жүзеге асырылуын көздейді: іскерлік, мәдени және медициналық туризм.

«Бүгінде Астанада алуан түрлі халықаралық деңгейдегі конгрестер мен көрмелерді өткізу үшін барлық инфрақұрылым жасалған. Бізде Конгресс-орталығы, Тәуелсіздік сарайымыз бар. Екінші – бұл қалалық рекреациялық туризм. Егер қалада белгілі бір шара өтіп жатса, туристердің ұзақ мерзімге кідіруі үшін олардың баратын жерлерін – әртүрлі музейлер, Шығыс қалашығы, театрлар, яғни астанада мәдени өмірді ұйымдастыру керек. Үшінші бағыт – медициналық туризм. Астанада көптеген жақсы емдік мекемелер, халықаралық деңгейдегі хирургтеріміз бар», – деп көрсетті ведомтсво жетекшісі.

Астана қонақжайлылық инфрақұрылымының барлық көрсеткіштері бойынша өсім көрсетіп отырғаны шүбәсіз. Елордада 201 мейманхана салынып, 2016 жылмен салыстырғанда олардың саны үштен бір бөлікке артты. Қонақүйлердегі нөмірлердің толуы да үш есе көбейді. Хостелдер саны 36-дан 95-ке дейін өсті. Астаналық билікті қуантатын жайттың бірі қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану орындарынан түсетін салық төлемдерінің ұлғаюы. Тамыз айында бұл көрсеткіш 170 миллион теңгеге жетті.

Астана туристер арасында кең танымалдылыққа ие болып, туроператорлардың қызметіне таяу және қиыр шетелден түскен сұраныс 78 пайызға артты.

AstanaCityPass саяхатшы картасын 30 мың пайдаланушы қолданған. Бес мыңнан астам адам екіқабатты экскурсиялық автобустар қызметіне жүгінген. Әлемнің 13 елінен (Австралия, Малайзия, Сингапур, Словакия, Ресей, Әзірбайжан, Түркия, Германия, Қытай, Испания, Польша, Франция, Сербия) келген 12 мың адам аудиогид қызметін пайдаланды.

EXPO 2017 азық-түлікті сатып алу өсіміне де ықпалын тигізді. Ауыл шаруашылық министрлігінің мәліментіне сүйенсек, EXPO көрмесінде өткен өңірлер күндері аясында өткізілген жәрмеңкелерде, биылғы жылдың наурызынан бастап 8 млн. теңге сомаға 25 мың тонна өнім сатылған. Соның ішінде, 13 мың тонна – көкөніс пен жеміс-жидек, ал 3,2 мың тонна – еттің барлық түрлері.

Жылдың басынан бері астанаға 80 мың тонна азық-түлік жеткізіліп, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 25-30 пайызға артық.

9 мыңға жуық полицей қызмет етті

ЭКСПО-2017 EXPO Astana

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.В.Ильиннің айтуынша, ЭКСПО-ның қауіпсіздігін қорғауға министрліктің әртүрлі ішкі ведомстволық қызметтерінен тоғыз мыңға тарта қызметкер жұмылдырылған. Үш ай бойы көрменің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі жеке құрамдардан 300-ден астам адам мен 36 техника әкелінген. Олар: Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы төтенше жеғдай департаменттерінің, Республикалық, Орталық, Шығыс, Солтүстік аэроұтқыр жедел-құтқару жасақтарының өрт сөндірушілері мен құтқарушылары, облыстар ТЖ департаменттерінің инженерлік-инспекторлық құрамы, облыстар ТЖ департаменттерінің және Апаттар медицинасы орталығының психологтары, сондай-ақ медициналық бригадалары, Көкшетау техникалық институтының курсанттары және «Қазавиақұтқару» АҚ ұшқыштар құрамы. Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің жеке құрамынан жалпы 1285 адам және 115 бірлік техника, 5 тікұшақ жұмылдырылды.

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті жоғары деңгейде қамтамасыз еткен 175-тен астам қызметкер марапатталды.

75 мың оқушы Астанаға қыдырып келді

Нұр Отан ЭКСПО-2017

2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында көрмеге 77 894 оқушы мен жетекшілері келген. Олар қаладағы білім беру ұйымдарының жатақханаларына орналастырылып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Жас қонақтар бірінші күні елорданың әсем жерлерімен танысып, келесі күні ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін аралады.

47 жаңа мейрамхана ашылды

Мейрамхана

Астана әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, Астанада ЭКСПО көрмесі кезінде 47 жаңа мейрамхана ашылған. Әкім бұл туралы көрмені ұйымдастыруға және өткізуге атсалысқан үздік қызметкерлерді марапаттау рәсімінде айтты.

«ЭКСПО көрмесін өткізу аясында қонақ үйлер саны 2016 жылғы 165-тен 201-ге дейін артты. Оларда адамдардың орналасу көрсеткіші үш есеге көбейді», — деді Әсет Исекешев.

8 917 медициналық көмек көрсетілді

Ақ халат дәрігер

ЭКСПО-2017 мамандандырылған халақыралық көрмесі аумағында 8917 қатысушы және көрме қонағы медициналық көмекке жүгінген. Олардың 7447-і – Қазақстан азаматы, 1470-і-шетелдік.

Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыровтың сөзіне қарағанда, медициналық қызметтер белгілі тәртіпте және кәсіби тұрғыда жұмыс істеді.

“ЭКСПО аумағында 7 медициналық пункт және 1 медициналық орталық ашылды. Астана қаласының қалалық жедел-жәрдем стансасының орталық базасы негізінде жедел-жәрдем қызметінің бірыңғай көпканалды қызметі ұйымдастырылды. Тәулік бойы жұмыс істейтін колл-орталық ашылды, онда ағылшын, қытай, неміс, араб, түрік, француз тілдерінде кеңес берілді,” – деді Камалжан Надыров.

8,5 мың ерікті қызмет атқарды

Астана ЭКСПО ерікті

Өз кезегінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов те ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрме еріктілерінің өз міндеттерін жоғары деңгейде орындағанын атап, алғысын білдірді.

«Волонтерлік қызмет көрмені табысты өткізудің маңызды факторына айналды. ЭКСПО-2017 аясында 8,5 мың адам іріктеліп алынды. Оның 5,5 мыңы көрме аумағында жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Олардың 2500-ден астамы – Астана қаласынан, 900 – Алматыдан және 1600 волонтер – өзге аймақтардан жиналды. Сондай-ақ, Ресей, Қытай, АҚШ, Бельгия, Италия, Польша, Моңғолия, Қырғызстан және өзге мемлекеттерден келген 150 шетелдік волонтер көрмеге өз үлестерін қосты. Еріктілердің орташа жасы – 19, ал ең үлкен волонтердің жасы 70-те. Дәл осындай 30  «алтын еріктілер» жұмыс істеді. Көрмедегі жұмыстары барысында көңілдері жарасқан үш жұп шаңырақ көтерді», – деді Ахметжан Есімов.

Еске сала кетсек, үш ай бойы Қазақстанның 16 облысынан және әлемнің 35 елінен келген волонтерлар күніне 8 сағаттан үш ауысыммен көрме қонақтарына қызмет етті.

Баспасөз беттерінде 250 мың материал жарияланды

Газет-журнал

«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі туралы қазақстандық және шетелдік БАҚ-та 250 мың материал жарық көрді. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ халықаралық қатысушылармен жұмыс департаментінің директоры Илья Оразақов «ЭКСПО 2017. Жасыл экономиканың келешегі» атты конференциясында айтты.

«ЭКСПО-2017 көрмесі туралы БАҚ-та 250 мың жарияланды. Жарты миллиард адам көрме туралы көрді, естіді, оқыды. Туризмнен бастап инвестициялық қызығушылық артты», — деді Илья Оразақов.

Айта кетейік, көрме туралы  «Астана ЭКСПО-2017. Болашақ энергиясы» деп аталатын кітап жарыққа шықты.

«Жаңа кітаптан энергетика қандай бағытта болатындығы туралы ақпарат алуға болады. Энергиясыз ештеңеде болмайды. Ал жасыл энергетика бүгінгі күні әлемдегі болашағы өте зор бағытқа айналды. Кітап ЭКСПО-2017 көрмесі аясында 3500 данамен жарық көрді. Бұл кітапты шығаруға қазақстандық және шетелдік үздік авторлар, фотографтар тартылды», – деді кітаптың бас редакторы Элдар Агамалов.

Көрме туралы кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде барлық оқырманға арналған.

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өз шығынан толықтай ақтаған. Бұл туралы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге берген сұхбатында айтты.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!