Шет тілі курсын қалай таңдайсыз?

Магистратураға түсу үшін немесе қандай да бір қажеттіліктен тіл білу керек болса, жастары­мыздың дені шет тілі курстарын іздеп, ғаламтор беттерін ақтарап әлек болады. Қала берді, қалтасы көтеретін,  аз уақыт ішінде сертификат бере алатын орталықтар қарастыратыны да жасырын емес. Салдарынан қазіргі заман сападан гөрі санға көп мән беріп кеткен секілді.

Тіпті толассыз саны көп орталықтардың ерекшеліктеріне де мән бермейміз. Осы күнге дейін неге бір курстың бағасы 7000 тг, ал бірі 45 000 тг екенін ойланып көрдіңіз бе? Олардың неге соншалықты арзан, яки қымбат деп ойлайсыз? Бір-бірінен айырмашылығы қандай екенін білесіз бе? Сіз тіл курсын таңдағанда ең бірінші неге басты назар аударасыз? Бұл сұрақтар төңірегінде ойланып көрмеген боларсыз. Ендеше, саралап көрелік…

Ең бірінші, индивидуализмге басты назар аудару қажет

Арнайы шет тілін үйрететін курстар «жеке және топтық» оқу жүйесін пайдаланады. Яғни жалғыз сізді немесе 10-15 адамды бір топта оқыта алады. Осыған байланысты білім алушы жеке оқығанды жөн көретіні рас. Жеке білім алу топқа қарағанда қымбат болғандықтан. бәрінің қалтасы бірдей көтере бермейтінді. Сондықтан  бірнеше адам оқитын топқа барады. Немесе керісінше, оқыды деген сертификат қажет болғандықтан, арнайы сапалы курс іздемей-ақ ең арзан курсқа жазылады.

Екінші, жарнамаға мән беру керек

Осы орайда: «Жарнамасы көп жалғанда, абайсызда алданба», – деп бекер айтылмаса керек-ті. Адамды еріксіз арбайтын тақтайшаларға алданғандар, сапасыз оқу бөлімдеріне тап болып, алтын уақыттарын босқа жоғалтып алады. Әрине, оны өздері біліп, бағалай алса…

Үшінші, методикаға жіті назар аудару қажет

Әр оқу бөлімдерінің білім беру әдіс-тәсілдері әртүрлі. Бірі грамматикаға көбірек мән берсе, бірі ауыз екі сөйлеуге бейімдейді. Әрқайсысы өз тәжірибесіне сүйене отырып үйретеді. Қала берді екі кеменің басын бірге ұстаймын деп, білім алушының ынтасын жоғалтып алып жатқандар қаншама…

Осыған байланысты қоғамда әртүрлі пікір қалыптасқан.  Бірі тіл үйренудегі ең басты медотика – сөз жаттау, интернет арқылы түрлі ұлт өкілдерімен байланыс орнату десе, бірі өзге тілді үйрену үшін сол елдің мәдениетін, бар болмыс-бітімін білу қажет дейді. Яғни, сол елдің фильмдерін көру, әуендерін есту арқылы да тіл үйренуге болады.

Әрине, әрқайсы­сымыздың қабілетіміз әртүрлі. Арнайы курстан жеткілікті түрде білім алып, шет тілін жетік меңгеріп шығуға да болады.

Ағылшын тілін үйрететін курста ұстаздық ететін Жанна Асылханның айтуынша, бүгінде елімізде шет тілдерін үйрететін орталықтар көп болғанымен, бетке ұстар қаймақтары аз. Олардың ұстанатын бағыт-бағдарлары да әр түрлі. Бірінде Америкадан арнайы шақырылған тәлімгерлер болса, енді бірінде өзіміздің ЖОО-да екі шет тілі мамандығын меңгерген оқытушылар сабақ береді екен.

Не десек те, тілді жетік меңгеру адамның өзіне байланысты.