Конференция барысында елордада цифрландыру бағдарламасы қалай өтетіні туралы «Астана қаласы Инвестиция және даму жөніндегі басқарма» ММ басшысы Алишер Абдыкадыров пен «Астана Innovations» АҚ басқармасының төрағасы Олжас Сартаев әңгімеледі.
Қазіргі уақытта әкімшілікпен цифрлық Астананың әлеуетін өсіру бойынша SmartAstana тұжырымдамасы шеңберінде жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бекітілген тұжырымдама «Ақылды қалалардың» Еуропалық моделі негізінде әзірленді және оның инфрақұрылымы мен басқару әдістерін жетілдіру арқылы Астананы «ақылды қалаға» өзгертуге бағытталды.
Конференция барысында аталмыш жобаны іске асырудың негізгі бағыттары, ақылды экономика, ақылды қоғам, ақылды басқару, ақылды өмір салты, ақылды көлік, ақылды қоршаған орта, туралы түсініктеме берілді.
Алғашқы жобалардың бірі 15 қыркүйекте іске қосылған «СЕРГЕК» интелектуалды видеобақылау жүйесі болды.
«СЕРГЕК» құқық бұзушылықтардың үш түрін тіркейді: жылдамдық режимін арттыру, BusLane бөлінген автобус желілері бойынша қозғалыс және тоқта сызығын қиып өту. «Астана қаласы Инвестиция және даму жөніндегі басқарма» ММ басшысы Алишер Абдыкадыровтың айтуынша, құқық бұзушылықтар саны бақылау камерелары іске қосылғаннан кейін әдеуір төмендеді.
«Бұл жоба ең алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Астана жолдарында жаяу жүргіншілерді жиі қағып кететінін бәрі біледі. Қазақстан бүгінде дүниежүзілік банк деректері бойынша жол-көлік оқиғалары есебінен 1,5% астам ЖӘӨ жоғалтады. Олардың ішінде ЖКО-да зардап шеккен адамдарға кететін шығындар, жол құрылымдарын түзету және басқалары. Жыл соңына дейін бізде барлық желілік учаскелер жабылады. Біз бірінші нәтижелерді көреміз – жолда адамдар құқық бұзушылықтарды аз жасай бастады,» -деп түйіндеді спикер Алишер Абдыкадыров.
Сондай-ақ, Интернет заттарының датчиктерін қолданумен «Ақылды көше жарықтандыру» жобасы бойынша американдық CISCO (АҚШ) компаниясымен, PHILIPS(Нидерланды) және Қазақстандық LEDSolutions компаниясымен екі пилоттық жоба іске асырылды. Осы жоба ақылды жүйе көмегімен электр энергиясын 60 % дейін үнемдеуге, шамдарды ұстауға кететін пайдалану шығындарын 30% дейін төмендетуге және олардың қызмет ету мерзімін алты айдан 15 жылға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Олжас Сартаев астана әкімшілігімен жоспарлық режимде мақсаты ПИК жұмысын автоматтандыру және кооперативтермен тұрғындардың өзара әрекет етуі болатын «е-КСК» жобасын масштабтау өткізілетіні туралы айтты. Жоба бүгінде 250 астам ПИК (қалада 436 ПИК-тен) және шамамен 1200 үйді қамтыды.
Алуан түрлі міндеттердің оңтайлы шешімін таңдау және үлкен деректерді өңдеу мақсатында Интернет заттары (IoT) платформасымен, Microsoft, IBM, CISCO және корейлік Mobius компанияларымен төрт түрлі пилоттық жобаны іске асыру жоспарланады. Осы пилоттық жобаларды енгізу Астана үшін қолайлы платформаны анықтауға және одан әрі қаланың көптеген инфрақұрылымдық міндеттерін шешуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Цифрлы Қазақстан» жобасын қолға алды. Аталған бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспары туралы» 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілді. Бағдарлама аясында алдағы 4 жылда Қазақстандағы интернет пайдаланушылар үлесін 78 пайызға дейін көтеру, Қазақстан халқын эфирлік телехабарлармен қамту 95 пайызға жеткізу және халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін 80 пайызға дейін көтеру мәселелері қаралады. Сонымен қатар, ел азаматтарының өз бетімен интернет арқылы алған қызметтер сапасының қанағаттанушылық деңгейін 83 пайызға көтеру болып отыр.
«Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты», — деді Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының 4 негізгі бағыты бар:
Бірінші – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру.
Екінші бағыт– экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны енгізу.
Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру.
Төртінші – IT мамандарды даярлау.