Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, негізінен түзеу мекемелеріндегі жағдаймен, заңдылықтардың сақталуымен танысу мақсатында келген халық қалаулыларының арасында Айгүл Нұркина, Сауытбек Абдрахманов, Павел Казанцев, Ирина Унжакова сияқты Мәжіліс депутаттары бар.
Аймақ басшысы жұмыс барысында бұрын да талай жүздесіп жүрген сіздермен кездескеніме қуаныштымын дей келе, сегіз айдың қорытындысы бойынша астаналық облыста барлық сала бойынша ілгерілеушіліктердің болғандығын атап өтті.
«Бүгінгі күні облыс аграршылары үшін аса маңызды егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Қазіргі күнге дейін облыс диқандары барлық егістіктің 80 пайызын дестеге салып, 3,6 миллион тонна астық бастырды. Гектар түсімі 10,6 центнерден айналуда. Астық түсімі ғана емес, оның сапасы да жоғары болып отыр. Өткен жылы үшінші класты бидай бар астықтың 65 пайызын құраса, биыл ол 85 пайыздың үстінде. Яғни, сапалы астықтың бағасы да жоғары болмақ» — деген өңір басшысы облысымызға келген халық қалаулыларының жұмыс сапарына сәттілік тіледі.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік әлжуаз топтарды қолдау жөніндегі комиссияның төрайымы Айгүл Нұркина астаналық облыста бірінші рет болып отырғандығын айтып, Көкшетаудың іргесінде орналасқан түзеу мекемесіндегі сотталғандарды ұстау, жұмыспен қамту, бостандыққа шыққаннан кейін еңбекке орналастыру сияқты жайлармен танысатындығын мәлімдеді.