«Әркімге бір кітаптан, әркімнен бір кітаптан!» Соншалықты ынталандыра қоятын ұран емес екендігіне келісеміз. Алайда ол біздің Bolashak Books әлеуметтік жобамыздың барлық мән-мағынасын ашып көрсетеді. Жобаның тобықтай түйіні — қоғамдық кітап шкафтарын ашу. Әрбір азамат кітабын алмастырып немесе оны оқуға алуға мүмкіндігі бар. Жобаны Астанадан бастаймыз. «Болашақ» қауымдастығы елорданың бірқатар сауда ойын-сауық орталығымен кітап шкафтарын орналастыру туралы уағдаласты», — деді аталған қауымдастықтың мүшесі Ермек Мақаш.
Жобаға қатысуға ниет танытқан кез келген азамат кітаптарды Астана қаласының Қонаев көшесі 12/1 ғимаратындағы 412 кеңсеге келіп, «Болашақ» қауымдастығына табыстай алады. Ал қазан айының басында шкафтар орналастырылатын болады. Бүгінгі күнге дейін 100-ден астам кітап жиналып, жобаға қоғам және мәдениет қайраткерлері қолдау көрсетуде.