Басты бетҚоғамҚазақстанда "Қаратау-2017"...

Қазақстанда «Қаратау-2017» әскери оқу-жаттығуы өтіп жатыр

Қазақстан аумағындағы «Қаратау – 2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуының жалғасып жатқан кезеңінде әскерлер шартты дағдарыс аудандарына жылжуға кірісті.

Оқу-жаттығу барысында әртүрлі бағыттардан заңсыз қарулы құралымдардың еліміздің аумағына ену сценариі ойнатылды. Алматы мен Жамбыл облысының екі жетуге жолы қиын аудандарында шартты қарсылас өңір мен елде жағдайды әрі қарай тұрақсыздандыру мақсатында бекініп алды.

Дабыл бойынша әскерлер көтерілгеннен кейін бірнеше сағат өткен соң дағдарыс аудандарына іргелес орналасқан аумаққа армиялық авиацияны қолдана отырып, қарсылас туралы мәліметтерді жинақтап, біріктіретін, сондай-ақ негізгі күштердің шығарылуы мен өрістетелуін қамтамасыз ететін барлау бөлімшелері түсірілді.

«Қарулы Күштердің құрамалары мен бөлімдері қарулы шиеленісті оқшаулау жөнінде тапсырма алып, ұдайы орналасу пункттерінен дағдарыс аудандарына бірнеше жүздеген шақырымға марш жасайды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлері жол мен теміржол қатынастарының желісін пайдалана отырып, құрамдастырылған тәсілмен ауысып отырады. Десанттық-шабуылдау бөлімдері мен бөлімшелері дағдарыс аудандарына жауынгерлік техникада аттанады. Қозғалу бағдарлары қолбасшылардың шешімімен айқындалған және марш барысында жасырынушылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді», — деді оқу-жаттығу барысында Бас штабы бастығының бірінші орынбасары генерал-майор Руслан Шпекбаев.

Авиация мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары толық әзірлікте.