Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы ұйымдастырған жиын Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында өтті. Дөңгелек үстелде қазақ тіліің латын әліпбиіне өтуі туралы пікірлер айтылды.
Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орныбасары Хамедов А, Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының жетекшісі Ахетов М, Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Мамсуров К. және қаладағы этномәдени бірлестіктердің басшылары мен жетекшілері қатысты. Сондай-ақ, дөңгелек үстелге қоғамдағы белсенді азаматтар мен жастар қауымы да атсалысты.
«Тіл — мемлекеттің, ұлттың, халықтың біріктірушісі. Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ең маңызды басымдық ретінде қазақ тілінің латын әліпбиіне кезең-кезеңмен өтуі керектігін айтқан болатын. Бұл мемлекеттің рухани-мәдени дамуындағы аса маңызды кезең. Аттан салып, дүрлігудің еш қажеті жоқ. Біз латын әліпбиіне көшіп жатқан жоқпыз, қайта оралып жатырмыз. Халыққа да өзіміздің тарихи тамырымызға оралып жатқанымызды түсіндіріп айтуымыз керек. Біз, қазақтар, 1940 жылдарға дейін латын әрпімен жаздық. Кириллицаны Қазақстанға келген шетелдіктер оқи алмай қиналып жатады. Латын әліпбиін қабылдау арқылы біз өз тілімізді әлемге танытып, әлемдік мәдениетті жеңіл қабылдай алатын деңгейге жетеміз. Сондықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді қолдайды», — деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Абульфас Хамедов өз сөзінде.
Дөңгелек үстелдің модераторы, Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Мамсуров Қазбек әрбір қазақстандықтың қазақ әліпбиін латынға ауыстыру барысында өз ойын айтып, пікір білдіруге құқылы екенін айтты.
«Барбанг» Қазақстан күрдтері қауымдастығының басшысы Князь Мирзоев қазақ тілінің тарихына шегініс жасап, латын әліпбиіне көшуге ешқандай кедергі жоқ екенін нақты дәлелдермен жеткізді.
«Латын әліпбиіне көшу — тарихымызда болған үрдісті қайта жаңғырту деген сөз. Орхон-енисей жазуларын, Қожа Ахмет Йасауидің мұраларын, басқа да тарихи туындыларды алып қарасақ, ұқсастықтар өте көп. Латын әліпбиі бізге етене жақын. Мысалы, қазақ тіліне «я», «ю», «ц», «ч» деген әріптердің қажеті жоқ. Қазақ тілінің латын әліпбиін қолданғаны тарихи шындық. Мен қазақтың бұған дейінгі әліпбиіне қайта оралуын қолдаймын әрі бұл латын әліпбиін қолданатын мемлекеттермен ынтымақтастықты арттырады», -деді Князь Мирзоев.
Алматы Корей ұлттық орталығы басшысының орынбасары Георгий Кан да латын әліпбиіне көшуді қолдайтынын жеткізді.
«Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру — әрбірімізге берілетін жаңа мүмкіндік. Қоғамда қорқыныш барын жасыра алмаймыз. Алайда, латынға көшу тілімізді модернизациялауға көмектеседі. Енді біздің қоғам оқытушылар мен оқушыларға, сауаттылар мен сауатсыздарға бөлінбейтін болады. Бәріміз оқитын боламыз, бәріміз үйренетін боламыз. Жаңа үй салу үшін ескі үйді құлату керек. Оның орнына үлкен, әдемі үй салуға болады. Сол сияқты, біз де тәуекелге барып, болашақтың жарқын болатынына сенуіміз керек», — деді Георгий Кан сөзсоңында.
Дөңгелек үстелге жиналғандардың барлығы қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне қолдау білдірді. Қазақстан халқы Ассамблеясының жиыны жастардың пікірімен толықты.