Басты бетАлматыда жеңіл...

Алматыда жеңіл атлетика стадионы ашылды

Алматының Алатау ауданында жеңіл атлетика стадионының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оның жалпы ауданы 39 000,00 шаршы метрді құрайды. Бұл соңғы 40 жыл ішінде салынған алғашқы жеңіл атлетикаға арналған жаттығу стадионы.

Жаңа спорттық нысан  «Алматы Арена» спорт сарайының маңында орналасқан. Стадионда спортшылар жеңіл атлетиканың 47 дисциплинасы бойынша жаттығуға мүмкіндік алады. Нысан 6 жүгіру жолы, әкімшілік ғимараты, 100, 400 метрлік жүгіру жолдарымен қатар, көлемі 100х70 жасанды футбол алаңы, биіктікке және ұзындыққа секіру алаңдарымен, сонымен қатар, көлемі 100х62 м табиғи шөппен жабылған ядро, диск, найза, шарбалға лақтыруға арналған аймақпен жасақталған. Сонымен қатар, онда 300 орынға арналған трибуна бар.

Жеңіл атлетика стадионы
©Ақпараттық-спорттық хаб

Стадионның салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, демеушілер, сондай-ақ, еңбегі сіңген спортшылар мен бапкерлер және Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Ольга Рыпакова, Дәулет Тұрлыханов, Ислам Байрамуков, Ермахан Ибраимов, Бахтияр Артаев пен Әмин Тұяқов қатысты.

Қала әкімі алматылықтарды жеңіл атлетика стадионының ашылуымен құттықтап, ЖШС «Алонс» және «Юником» компанияларпына алып шаһар спортшыларына стадионды салып, мемлекетке сыйға тартқаны үшін алғысын білдірді:

«Бұл соңғы 40 жыл ішінде салынған алғашқы жеңіл атлетикалық жаттығу стадионы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында «Алонс» және «Юником бизнес групп» компаниялары 605 млн. теңге қаржыға салып, мемлекетке сыйға тартып отыр. Стадион Алматы қаласы жеңіл атлеттерінің жаттығу орталығына айналмақ. Алдағы уақытта, «Халық Арена» жанында тағы да 5000 орынға арналған халықаралық бірінші санатты жеңіл атлетика манежін салатын боламыз.Бүгін біз ашып отырған жаңа жаттығу алаңы жеңіл атлетиканың қарқынды дамуына, еліміздің туын биікке желбірететін спортшыларды дайындауға қызмет ететін болады деп сенемін», — деп қорытындылады Бауыржан Байбек.

Бауыржан Байбек
©Ақпараттық-спорттық хаб

Құрметті қонақтар да әкімнің сөзіне қосыла отырып, өз құттықтаулары мен тілектерін жеткізді. Ел мақтанышы, жеңіл атлетикадан Олимпиада ойындарының чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері Ольга Рыпакова, арнайы осы шара үшін Өскеменнен келіп, спортшыларға шеберліктерін шыңдауға осындай мүмкіндік берген демеушілерге алғысын білдірді:

«Жеңіл атлеттерге арналған стадионның ашылғанына қуаныштымын. Мұндай ашылу жақсы дәстүрге айналып, барлық қалаларда осы спорт түрінің спортшыларына арналған спорттық нысандар ашылса екен деймін. Мұнда спортшылар жаттығып, өз мақсаттарына қол жеткізуге, яғни чемпион атануға мүмкіндіктері баршылық. Әлбетте, барлығы чемпион бола бермейді, біздің басты байлығымыз – денсаулығымыз», — деп атап өтті Ольга Рыпакова.

Алматы қаласының жеңіл атлетика Федерациясының президенті Мұхит Әзірбаевтың айтуынша, стадионда спорттық мектеп тәрбиеленушілері, жеңіл атлетика әуесқойлары жаттыға алады. Ол алдағы уақытта мұнда көптеген қалалық жарыстар өткізілетінін де айта кетті.

Стадион
©Ақпараттық-спорттық хаб

Спорттық шара Алматы қаласының спорт мектептері мен Федерация спортшыларының бұқаралық флешмобымен және жарқын фейерверкпен жалғасып, 100 метрлік жүгіру және эстафетамен өз мәресіне жетті.

Айта кетейік, стадион бас мердігер ЖШС «Алонс» пен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен салынды.