Қазақтардың жаугершілігінің белсенді фазасында Еуропа елдері әлдеқашан қашықтықтан ұрыс жүргізу тактикасына көшіп кеткен болатын. Арбалеттердің, кейін оқ-дәрілі мылтықтың дамуы ұрыс жүргізудің бұрынғы айла-тәсілдерін адам танымастай өзгертті. Еуропада біртіндеп «прусс қатары» әдісі ене бастады: мұнда қарсы тараптар бірі-біріне қарама-қарсы сап түзеп жүріп, оқ жететін жерге келгенде мылтықтарының білтелерін тұтатып, көздеп тұрып ататын. Мұндайда қатардағы жауынгерлердің қорқып, саптың бұзылмауы — әскери айбынның басты шарты болды. Мергендік, мылтықтың сапасы және оқтау жылдамдығы ендігәрі жеңістің кепілі болып, намыс, айбын, жаужүректік сияқты қасиеттердің рөлі майдан даласында азая бастады.

Алайда қазақтар үшін жақыннан ұрыс тәсілдері маңызын жойған жоқ. Және оның себебі көбі ойлайтындай — мылтықтың болмауынан емес. Атыс қаруларының Ұлы Далаға ене қоймауының себебі — «таза жеңіс» культі әлі мықты болатын. Көптеген ұрыстар мақсатты түрде мобилизация жасап емес, 10-15 адамдық жасақтардың кездесіп қалуынан болғандықтан, қашықтан атып құлату немесе басқа айла-тәсілмен жеңу — арамдық, қарау жасау болып есептелді, дала жауынгерлері мұндай жеңісті қанағат тұтпады. Жекпе-жекте ашық жеңіске жету бір жағынан үлкен абырой еді, даңққа бөлейтін. Жұрт батыр деген атақ беретін.

Осылайша, Ұлы Далада жақыннан қоян-қолтық соғысу, яғни контактілі ұрыс маңызын сақтап қала берді. Қазақтарда сәйкесінше — физикалық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да оңтайлы қару түрлері іріктеліп қалды. Қоян-қолтық ұрыста «бес қару» принципі пайда болды, бұлар — тактикалық ахуалға байланысты бес әрекетке — кесуге, соғуға, түйреуге, шабуға және атуға мүмкіндік берді. Атыс қаруы бұл ретте — саяқ жүрген кезде аң аулауға да пайдаланылатын, әрі — барлау немесе барлауға қарсы шараларда қашықтан атып түсіру — аталмыш даланың ар-намыс кодексіне қайшы болған жоқ. Ал қалған төртеуі тактикалық ахуалға байланысты дереу суырылып-шешіліп алынып, ұрысқа тез арада қойып кетуге мүмкіндік берді. Алайда жауынгер шыңдала келе бәрібір де қарудың бір түріне бейімделіп кетеді. Дегенмен бұл жәйт ұрыс жүргізудің ар-намыс кодексі бойынша — ұрысты бастаушы жақтың (міндетті түрде еларалық қақтығыста емес, жеке намысты күйттеген кезде де) қару түрін таңдауды қарсы тарапқа беру жоралғысын еш жоққа шығармайды («найзаласамыз ба, семсерлесеміз бе?!»). Қорыта келгенде, біздер қазақтардың ұрыс тәсілінен — төбелестің мейлінше адал өтуіне, таза жеңіске ұмтылу әрекетін көреміз, және ұрыстың мейлінше әділ болуын шыңдай бергеніне куә боламыз. Бес қарудың әрқайсысының бірнеше түрі бар, тіпті онша дәл емес мәліметтер бойынша, кәдімгі арқанды қарудан бетер шебер пайдаланатын батырлар да болған.

Кесетін қарудың төресі — қылыш

Кенесары ханның қылышы
Кенесары ханның қылышы ©kazpravda.kz

Ең алдымен — кесуге, тілуге арналған қылыш — қоян-қолтық төбелестің басты қаруы. Оның жеңілдігі, оңтайлығы — қабілетіне қарамастан барлық жауынгердің міндетті қаруы болуын қамтамасыз етті деуге болады. Бір жағынан, жаппай қаруландыру үшін ең арзан жарақ деп топшылап отырмыз.

Жауынгердің атлетикалық қабілетіне байланысты Ұлы Далада қылыштың бірнеше түрі пайда болды.

Қайқы қылыш

Жұлмақай, шалт (қазірде «реакциясы дамыған» дер едік) келетін жауынгерлер үшін тамаша қару. Оның аэродинамикалық қасиеттері және салыстырмалы түрде қысқалығы жауынгердің икемімен шендесе отырып, қарсыласқа күтпеген жарақат салуға мүмкіндік береді. Бұғып қалып, еңсені қайта көтеріп тіктеп барып тіліп жіберу; соққыдан айналып кетіп, тез арада ту сыртынан кесу сияқты тәсілдер үшін осы қайқы қылыштан артық қару жоқ. Жаугершілік заманда да, бейбіт уақыттарда да елі мен жерін қорып, аттан түспеген батырдың қылышын «жел суарған» деп атайтын болған, яғни өмір бойы қынапқа салынбастан, көтерулі өтті деп, батырды да, оның қылышын да дәріптеген. Жауынгер үшін мұндай поэзиялық сипаттан артық сый болмаған.

Зұлпықар

Тактикалық қасиеттері қайқы қылышқа пара-пар болғанымен, оның мәні көбіне символикалық сипатта болған. Себебі зұлпықар (этимологясы араб-парсы тілдерінен) Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) мен оның немере інісі әзіреті Әлидің қолында болған деп есептелді. Сондықтан практикалық қолданыстан гөрі, символикалық мәніне басымдық беріліп, бұл қылыштар әдемі, ерекше дизайнерлік шешімдермен (сабын бағалы металмен аптау, өн бойын бедермен, аят-сүрелерден алынған қасиетті сөздермен безендіру) жасалған. Сондықтан да әдетте хандар мен қолбасшыларда ғана болған. Оның өзінде, жекпе-жек кезінде күнделікті жаулық болған өзіне ыңғайлы қылышқа ауыстырыла салатын. Тоқетері, зұлпықарды соғыстан гөрі, ырым мен билік атрибуты ретінде қызмет етті дейміз.

Наркескен

Сөздің мағынасына қарағанда, бұл ауыр қылыштың тиген жерін опырып кететін қасиеті болса керек. Алайда біздер қылыштың бұл түрінің кең тарамағанын білеміз. Зұлпықар сияқты, наркескен де символикалық мазмұнда дайындалып, көбіне — ант-су ішісу, серттесу, тамырласу(анда болу, бірін-бірі ендігәрі қандас, ағалы-інілі, туысқан деп мойындау) актілеріне ғана пайдаланылды.

Алдаспан

Қайқы қылышқа керісінше: денелі, күшті жауынгерлердің қаруы. Әлдеқайда ауыр болғанымен, жауды «ат-матымен қосып бір-ақ кесіп жоқ қылуға», мәселені тез және біржола шешуге дағдыланған жігіттің серігі. Тиген жерін көлденеңінен кесіп өтіп, турап тастайын, жауды қатты қаймықтыратын, төбелестегі бір ғана көрінісінен тұтастай жасақ жасқанып, жөніне кете беретін абыройлы қылыш. Сілтегенде өн бойға бойлап кіріп кететін, кері суырғанда — екіге айырылған басы жарып шығатын қорқынышты жарақ. Және бұл қылыштың жалаң жүретінін ескеру керек. Матаға, теріге орап алмаса, бұл қылышқа әдейілеп қынап жасалмайды.

Сапы немесе кейде жай — жетек пышақ. Әдейілеп жорыққа шықпағанмен, қапыда тап беретін жауға, немесе жабайы аңға іле кететін жеңіл-желпі қылыш. Ұрысқа тіпті жарамайды, себебі мұның құрышын әспеттеп құймайды, ұрысқа арналған кез-келген қылышпен соқтыққанда жарылып кетуі мүмкін. Жетек пышақ жыңғыл-қамысты шауып жүруге, керуендегі, даладағы ұсақ шаруашылыққа арналған. Сапыны ұрыс қылышы ретінде қарастыруға болмайды, алайда сірескен шайқас кезінде жауды алдап соғып, қынаптан дереу суырып алып сұғып алған жағдайлар болған. Ебі бар жігітке таяқ та мылтық деген осы.

Белде — шоқпар, қорқатын не бар?

Ұзақ батырдың шоқпары
Ұзақ батырдың шоқпары ©Baribar.kz

Соғып құлату айласының әсіресе мұздай қаруланған әрі епті қарсыласқа қарсы пайдасы зор. Қалқанды шебер пайдаланатын, «ел көрмеген сауыт киген» ширақ жау — қылышпен турап, найзамен түйреуге бой бермеуі мүмкін. Мұндайда — шоқпардың кинетикалық энергияны бір нүктеге жинап, бір нүктеден тарата алатын қабілеті іске асады. Қалқан мықты болғанымен, оған берілген кинетикалық күш аттан аударып жібермесе, денені уатып кетеді. Уатып кетпесе, есеңгіретіп тастап, шоқпаршының құзырында бірнеше секундтар болады. Әрине, шоқпар — қылыш сияқты емес, тек «әлі келетіндер ғана беліне байлайды».

Қазақтың шоқпарының кәдімгідей ерекшелігін атап өткеніміз дұрыс. Себебі ол көбіне әдейі соғылмайды, әдетте ағаштың томарын пайдаланады. Еліміздің музейлеріндегі шоқпарлар — бабаларымыздың тапқырлығымен қоса, алыптығының куәсі. Кейде сабының диаметрі 25 см болатын ағаш томарды қандай палуан алып жүруі керек екенін елестете беріңіз. Мұндай қару дөп тиесе, жалпы жанап тисе де оңдырмайтынын жан-тәніңізбен сезесіз. Атасын танымай кететін буырқанған қара күш иесін айлакер семсершімен теңестіретін сұмдық жарақ. Дегенмен бұл — шағын денелі, орташа күшті жігітке шоқпармен қош айтысу керек деген сөз емес. Шоқпардың гүрзі, сақетер деген түрлері қолдан жасалатындықтан, кім-кімге болса да лайықтауға болады. Шынжырын сәл ұзындау қылып жасап алып, ұрыс кезінде қол жетпей тұрғандай сыңай танытып тұрып тарқатып жіберіп қалып, мерейі үстем болған батырларымыз бірсыпыра. Осылайша, соғу қаруының мәртебесі өз алдына бір төбе.

Ұшына жау ілінген найза

Найза ұштары
©Baribar.kz

Ұзындығы әдетте үш-төрт метр болатын ағаш сырықтың басына темірден ұш салып, жауыңды жақындатпай діңкелету де бір қызық. Мұндайда небір түлкібұлаңға салатын айлакер семсершінің білетінінің бәрі бекер. Жағдайға қарап, қолтықтың астына жіберіп қысқартып жіберіп, кенет ұзарта қойып қапыда түйреп алып, бабаларымыз талай жерді қорғаған. «Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» деген мәтел халқымызда бұл түйреуіш қарудың мәртебесі жоғары болғанына меңзейді. Әрбірден соң найза — бүгінгі аңшы мылтықтарынан кем емес. Лақтырғанда 40-50 метрге жетуі мүмкін. Тек түйреуге емес, қапыда зытыруға да арнап жасалғандықтан, жасаушы шеберден аэродинамикалық біліктілікті талап етеді. Күштілікті, икемділік пен мергендікті ұштастырған найзаның ұшына іліну әдетте анық өлімді білдіреді. Себебі ұзын сырықтың бойындағы кинетикалық энергияның барлығы ұшына жиналып, шартты миллиметр квадратқа түсетін күш бірнеше есе өседі. Қалқандар мен басқа да қорғаныс құралдарының сәл еңіс боп жасалатындығы сондықтан: ең болмаса найзаның тайып кетуінен үміттенуге болады. Мұндай қорғаныс концептін сіздер бүгінгі барлық танкілерден көре аласыздар: темір тажалдарда әдетте 90 градус тік тұрған жері болмайды, әйтпесе снарядтың айырып кететіні анық.

Найзаның баллистикалық қасиеттерін арттыру үшін оның сабына стабилизатор ретінде қанатшалар жалғанатын болған. Ал ұшына жасалған арнайы ойықтан — зулап келе жатқанда жаудың дегбірін қашыратын дыбыс шығара алу да – найзаның бір қасиеті.

Шабудың төресі – айбалта

Айбалта
©Yvision

Айбалтаны — бір бойына семсердің де, шоқпардың да қасиетін сіңіріп алған қару дерсіз. Ұшының екі жағынан жарты ай шығып тұрғандай балта — оны сермегенде де, қайта тартқанда да жаралап кететін сұсты қару қылып тұр. Ал шапқанда өткір қайралған жүзі қалқанды осып өтуі мүмкін. Мұндайда жата қалып, Ұлы Дала заңы бойынша басыңа-жаныңа сауға сұрамасаң, келесі бір сермегенде өзіңді шауып тастайтыны анық енді.

Айбалтаға байыптап тағы бір қараңызшы. Үндістердің томогавкін еске түсіре ме? Ендеше бүгіндері зымыранға арқау боп отырған сол томогавкі де — өзіміздің айбалта. Себебі, балтаның ұшындағы екі жарты ай — шапсаң балта, ал лақтырсаң — кәдімгі стабилизатор: көздеп лақытрған жеріңе дөп тиеді. Қару ретінде сенімді серік болғаны соншалық, айбалтаны жастанып ұйықтау әдеттке айналған. Үнемі жаныңда болсын деген мәтеліміз тағы бар…

Қорытынды ретінде

Әрине, кез келген соғыс — мүмкіндіктердің комбинациясы. Ебін тапсаң — қылышпен шабуға, ал айбалтамен кесу түк емес. Бір нәрсе анық: «бес қару» концепті міндетті түрде жауды аяусыз, асқан айуандықпен өлтіруді көздеген емес. Аңдап қараған адамға — бабаларымыз бұл қарулардың әрбірін адамның табиғи икемін мейлінше ашуға және… Және төбелестің мейлінше өте әділ өтуін қамтамасыз етуге тырысқанын көресің. Міне, ар-намыстың, Ұлы Даланың кодексінің соңғы арқалаушысы болған бабалардың мұрасы осы.

Ескерту! Бұл жазба ешқандай академиялық дереккөз бола алмайды және келтірілген барлық дәйектер мен тұжырымдар көркем шығармалар мен танымдық материалдарға негізделген.

Алихан Түйебаев