«Жайдарманшылар» Орал әкімі кубогы үшін бақ сынасты

Қала күні мерекесі аясында Орал көшелерінде шағын сәулеттік мүсіндер ашылды, облыс аудандарының көркемөнерпаздары концерт қойды және Жайық өзеніне бекіре шабақтары жіберілді.

Қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған шаралардың біріне «Жайдарман» фестивалін де жатқызуға болады.

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында өткен көңілді кешті «Қазақстан көңілді тапқырлар клубы одағының» президенті Есен Елеукен жүргізді. Айта кетейік, шараның мақсаты – жастар арасында мәдени құндылықтарды насихаттап, тапқырлық, шешендік секілді қырларын дамыту болды. «Жайдарман» фестивалі Орал қаласы әкімінің Кубогы үшін өтті.

Еліміздің әр түкпірінен келген жайдарманшылар, «Қала күні» мерекесі өздерінің әзілдерін сыйлады. Фестивальдің салтанатты ашылуында сөз алған қала əкімі Мұрат Мұқаев, қазіргі таңда КТК ойындары – жастарға тек көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қоғамдағы ойларды, әлеуметтік мәселелерді әзіл арқылы қозғап, жастардың көкейіне ой салуға және ең бастысы – мемлекеттік тілдің мәртебесі көтерілуіне жаңаша ықпал ететін тамаша заманауи институт екенін атап өтті.

Тартысқа толы ойындардың қорытындысы бойынша Орал қаласы әкімінің кубогіне Маңғыстау облысынан келген «Боранқұл» құрамасы ие болды. Оралдық «Грант Орал» құрамасы екінші орынды еншілесе, Атырау облысының «Сағыз» құрамасы үшінші орынға табан тіреді. «Үздік ойыншы» аталымына Ерген Ақмурзин лайық деп танылды.

Естеріңізге сала кетейік, Республикалық «Жайдарман» ойындарында бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, қалың көрерменнің көзайымына айналған «Назар аудар» КВН құрамасы да осы Орал қаласынан шыққан болатын.