Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ – ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания.

“Қазақ жері – көптеген жабайы өсімдіктердің отаны”

Әлем ғалымдары, соның ішінде әйгілі ботаник Н.И. Вавилов қазақ даласының өсімдік байлығына жоғары баға берген. Өйткені, қазақ жері – көптеген жабайы өсімдіктердің шыққан отаны. Мысалы, алманың тегі, Malus Sieversii, Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауынан бастау алады. Жақында Америка мен Қытай ғалымдары алманың отаны Қазақстан екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұдан бөлек Қазақстан жабайы алмұрт, өріктің, қызғалдақтың, жусанның отаны болып саналады. Өсімдіктің барлығы  – мемлекеттің байлығы, биоресурсы, ген қоры, өзіндік ерекше «капиталы».

Балнұр Қабылбекова, зертханаБиологиялық алуан түрлілік конвенциясы — биологиялық алуан түрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық келісім. Ол 1992 жылы 22 мамырда Найробиде өткен БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының конференциясында қабылданды. 1993 жылы Конвенцияға 168 мемлекет, оның ішінде Қазақстан Республикасы да қол қойды, алайда 1994 жылы ғана қосылды. Осы құжатқа сәйкес, мемлекет өз территориясындағы өсімдік, жан-жануарлардың генетикалық қорларын табиғи және табиғи емес жолдармен, яғни ғылыми тілмен in situ және ex situ сақтауға келісім берді. Менің қызмет орным, Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты еліміздің жеміс, жидек дақылдары және жүзімнің ген қорын сақтаумен және құрумен айналысып келеді.

Институттың алқаптық коллекциясында жеміс-жидектің 3800, жүзімнің 400 сұрып үлгілері сақталған. Онда отандық селекция сорттарымен қатар, шетелдік сұрыптар, будандар, жабайы түрлер жиналған. Ген қорын табиғи жағдайда сақтаумен қатар, биотехнологиялық жолмен де сақтауды қолға алған. Осы орайда ген қоры криобанк және төменгі оң температурада сақтау банкінде сақталады. Криобанкінде өсімдік материалдары өте төменгі температура -196оС градуста, сұйық азотта сақталады. Сақтау мерзімін 100 жылға дейін ұзартуға болады. Ал төменгі оң температурада +4оС сақтау банкінде өсімдіктерді арнайы қоректік ортада бір жылдан, бес жылға дейін сақтауға болады.

Зертхана
©Baribar.kz

Әкем – атам мен әжемнің жеті қыздан кейін көрген алғашқы ұлы. Ал мен – олардың алғашқы немересімін. Маған артылған сенім жүгі ауыр болды деп те айта аламын. Соның әсерінен болар, мектепті жақсы оқып бітірдім. Қазақ Ұлттық аграрлық университетіне грантқа түстім. Кейін магистратураны да осы университетте оқыдым. Тобымызда жасы 50-лер шамасында екі топтасымыз болды. Олардың бірі – Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Сәуле Қорабаева еді. Мені сабақта байқап жүрген болуы керек, оқу аяқталғаннан кейін, институтқа бас ғылыми хатшы болуға ұсыныс білдірді. Ойлана келе келістім. Бірақ жұмыс оңай емес екенін кейіннен білдім.

Басшылықтың жөн сілтеуімен, әріптестерімнің қолдауымен үш жылдан аса уақыт бас ғылыми хатшы қызметін атқардым.

Балнұр Қабылбекова
©Baribar.kz

“Ғылыми жетекшім мені таңдаудан бас тартты”

Институтқа мамандарды мақсатты түрде дайындау үшін Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінде “Жеміс және жүзім шаруашылығы” мамандығы бойынша докторантураға орын бөлінді. Докторантураға түскеннен кейін, жетекші таңдау жағынан мәселелер туындады. Мені институтқа шақырған қызметкер: “Биотехнология –  болашағы бар сала, жетекшің – өте білікті ғалым”, – деп айтты. Ол кісіге барғанымда, “мен докторант алмаймын”, – деді. Басшылықпен бірге өтініп жүріп, Ковальчук Ирина Юрьевнаны менің жетекшім болуға көндірдік. Жетекшім: “Егер шынымен үйренгің келсе, мен саған бар білгенімді үйретемін, шетелдегі мықты мамандармен байланыстырамын. Мен бастаған жұмысты саған табыстаймын”, – деді. Қазір, міне, екі жылдан асты еліміздегі жеміс дақылдарының және жүзімнің ген қорын сақтау саласының негізін қалаушы, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты, тамаша ғалым Ирина Юрьевнамен бірге жұмыс істеп келемін. Жеміс, жүзім дақылдарының ген қорын биотехнологиялық жолмен сақтау ісімен айналысамыз. Ирина ханым зейнеткер болса да, институт үшін жанын салып қызмет етеді, берер білімін жан-тәнімен үйретеді. Жақында институттың өзге де ғалымдарымен бірге үш жылдық жобамызды аяқтауға жақын қалдық.

Балнұр Қабылбекова
Балнұр Қабылбекова ғылыми жетекшісі Ирина Ковальчукпен

Қарапайым тілмен айтар болсақ, ген қорын сақтау – мың гектарлық жерді алып жататын дақылдың ген қорын кішкене ғана ыдысқа сыйдыру. Жақында алманың 25 сұрпын крио сақтауға қойдық. Жеміс ағаштарының қоллекциясын сақтау әдістемесіне сай, әр сұрып 7 ағаштан отырғызылуы қажет, сонымен аталған 25 сұрып үш гектар жерді алады деп есептейік, қазір үш гектарлық көшет кішкентай қорапта тұр. Осылайша жұмысты бірнеше есе азайттық. +4оС температурада жасанды қоректік ортада отырғызылған көшеттеріміз бар, бір жылдан асты жасыл күйін сақтап тұр. Ген қорын сақтаудың осындай қызықтары бар. Арнайы пакеттердегі сұрыптарды халықаралық аламасулар үшін де қолдануға болады. Бұл да – бизнес. Осындай жолмен еліміздің бағбандарына, шаруа қожалықтарына, әуесқойларға шетелден өсімдіктер алып беруге мүмкіндігіміз бар.

“Алматының апорты қайтадан жаңғырады”

Апорттың жоғалу себептерінің бірі оны өсіру технологиясының сақталмауында деп есептейміз. Ол теңіз деңгейінен 900 метр биіктікте, жоғары тұста ғана өзінің дәмін, көлемін, түсін береді. Мұндай бақтар қазіргі кезде өте аз. Биіктіктердің барлығына адамдар қоныстанды, ауа ластанды. Содан Апорт деградацияға ұшарады.

Апорт қазақстандық сұрып емес. Менің естуімше, бұл сұрып Ресейден келген. Алайда ол жақта Апорт дәл Алматыдағыдай өнімді нәтиже көрсетпеген. Қазақ жеріне келіп, Апорттың өзін жақсы қырынан танытуына шыққан тегі, өз отаны әсер етті деп ойлаймын. Біздің мекеме үш жыл бойы «Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтымен» бірге тәжірибелер жасады. Бес гектар жерге Апорт бағын отырғызды. Алдағы уақытта Алматыда Апорт сұрпы қайтадан жаңғырады деген үміттеміз.

Апорттың өзіне тән генетикалық қасиеттерінің сақталмауына экология, климаттың өзгеруі, антропогендік факторлар әсер етті. Кезінде Malus Sieversii алмасы да үлкен алқаптарды алып жатқан. Адамдардың алма ағаштарын заңсыз отауының себебінен қазір олардың қоры айтарлықтай азайды.

Балнұр Қабылбекова,
Жеміс-жидек дақылдарының және жүзімнің ген қорын төменгі оң температурада сақтау банкі

Қазақстандық жеміс-жидектің өнімділігі неліктен төмен?

Институт 60 жылға жуық уақыт жеміс-жидек дақылдарының және жүзімнің селекциясымен, оларды сақтау және өсіру технологияларын құрастырумен айналысып келеді. Бірақ бұл сұрыптардың барлығы оңтүстік-шығыс аймақтарға ғана бейім. Басқа аймақтарда сынау учаскелері жоқ, өкінішке орай, қалған өңірлерде сұрыптарды сынау, бейімдеу бойынша зерттеулер жүргізілгенімен, дәл мұндай зерттеулер жүргізілмейді. Басты себеп – кадр тапшылығы. Солтүстік өңірлер сұрыптардың басым көпшілігін Ресейден алып келеді. Алайда селекциялық жұмыстарды әр аймақ өзі жасаса, экономикалық тұрғысынан да тиімді болар еді.

Меніңше, қазіргі кезде адамдарда құндылық өзгерген. “Біреуге мал қайғы, біріне жан қайғы” дейді. Біздің елде жан қайғысы көп болып көрінеді. Ауыл шаруашылығы мамандығын таңдайтындар аз. Оның себебі де жоқ емес. Адам болған соң, кез келген талапкер жалақысы жоғары мамандықты таңдайды. Сол себепті оларды сөгу де кейде артық болар.

Институт басшылығы Қытайда өткен әлемдік симпозиумға барып келді. Шара кезінде қонақтарды Қытайдың алма бағына аралатыпты. Кәдесый ретінде Қытай бағынан бір алма келді. Ол алма әлі күнге дейін тоңазытқышта тұр, жыл асқаннан кейін ғана түрін өзгертті. Қытай алмалары вегетациясына 20 рет түрлі аурулардан, зиянкестерден сақтау үшін химиялық өңдеуден өтеді. Препараттар шамадан тыс мөлшерде пайдаланады. Бұның салдары адам денсаулығына кері әсерін тигетіні сөзсіз.

Қытай алмасы
Бір жылдан астам уақыт тоңазытқышта тұрған қытай алмасы ©Baribar.kz

2016 жылы институтқа жапон ғалымы келді. Жапонияның жері кішкентай, климаты өзгеше, ол жақта күн сәулесі жерге аз мөлшерде түседі. Ғалымның айтуы бойынша, бақ шаруашылығы Жапонияда отбасылық әрі өте қымбат бизнес болып саналады екен. Дүкендеріндегі бір алманың құны  3$  құрайды. Жапон алма бағының басты мәселесі жеміс түсінің қанық боялмауы екен. Сол үшін арнайы технологиялар ойлап табылады. Айтуынша, ағаштағы әр алмаға ерекше күтіммен қарайды. Соның өзінде Жапония алмамен өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр. Статистика бойынша, алма 2% мөлшерде ғана Жаңа Зеландиядан әкелінеді. Ал біздің мемлекетке алманың қаншама импорты келіп жатыр…

“Отандық сұрып егістікке қолайлы әрі арзан”

2016 жылғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда алма бақтары 31 645,2 га алып жатыр, оның 50% фермерлер мен шаруа қожалықтарына тиесілі. 2014-2015 жылдары мемелкет қолдауымен 17 мың га жерге бақтар мен жүзімдіктер отырғызылды. Сонымен қатар субсидиялауға жұмсалған қаржы да жылдан жылға артып келеді. Мемлекеттен қолдау болғанымен, қынжылтатын тұстар жоқ емес. Еліміздегі бақтардың көпшілігі шетелдік сұрыптармен өсірілуде. Қазақстанда вируссыз көшеттер даярлайтын өндірістік зертханалар әзірге жоқ. Шетелден келген сұрыптар біздің еліміздің топырақ, климаттық жағдайына лайықталмаған. Сол себепті олардан нәтижелі өнім шықпайды.

Отандық алма, алмұрттың бір көшеті 700 теңге, ал сүйекті дақылдар көшетінің бағасы 800 теңгені құрайды. Шетелден келетін көшеттердің бағасы 5 доллардан кем емес (теңгеге шаққанда шамамен 1700 теңге). Біздің ғалымдардың мақсаты – ауылшаруашылық министрлігіне, кәсіпкерлерге, бағбандарға тек отандық өнімді, сұрыпты пайдалануға кеңес беру. Кейде осы үніміз халыққа жетпей жатқандай көрінеді. Өйткені, азаматтардан шетелдік сұрыптарды артық көретіндей сыңай байқалады.

Балнұр Қабылбекова, зертханаҒалымдарымыз жақында Самарқандқа барып келді. Олардың таңданысы сондай, айтуларынша, бақтарында бір тал артық шөп өспейді. Адамдар өте тиянақты, өз істерін қатты жақсы көреді. “Қазақ халқы мал шаруашылығына бейімделген ғой” деп айтайын десең, өркендеп тұрған мал шаруашылығын да көрмейміз. Ел арасында “Бәріміз бастық болайық десек, 17 млн кресло жоқ, әттең” деген қалжың да бар. Шаншу болса да, шындығы бар тәрізді.

“Бренд өсімдіктерімізді бизнес көзіне айналдыруымыз керек”

Қазақстанның эндемик өсімдіктерін, қызғалдақ, жусан, алма тәрізді «брендін» сақтау әрі тиімді пайдалану – мемлекеттің, сондай-ақ әрбір азаматтың борышы. Бұларды қолдана отырып, үлкен бизнестер ашуға болады. 2017 жылдың сәуір айында тәжірибе алмасу мақсатында Американың Орегон Штаты Университетіне (Орегон штаты, Корваллис қаласы) бардым. Сол штатта орналасқан National Clonal Germplasm Repository мемлекеттік ұйымға бардық. Сондай ұйымдар Американың бірнеше штатында орналасқан екен. Мұнда әрбір жемістің әлемдегі барлық сұрыптары жинақталған. Сол репозиторийлер өз коллекцияларын әлемнің барлық мемлекеттеріне жібере алады. Егер зерттеу мақсатында болса – тегін, ал жеке тұлға ретінде сатып алу қажет.

Жылыжай
North American Plants зертханасы. Жылыжай

Сонымен қатар, Орегон штатын көшеттермен қамтамасыз етіп отырған өндірістік зертханаға бардық. Онда жылына 17 млн көшет даярланады. Бұл көшеттер бірнеше штатқа, Мексикаға экспортталады. Ол жердегі жұмыстың көлемі өте ауқымды. Бір ғана шаруашылықпен бір штат өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр.

Балнұр ҚабылбековаЕлімізде анар өсірілмейді. Алматы базарларында көктем кезінде үндінің бір анары 2000 теңгеге сатылып жатты. Егер оларды өзіміздің жерде өсірсек, бағасы да әлдеқайда төмен болар еді. Қайын атам бір жылы үш түп анар өсіріп көрді. Одан екі қап анар алды. Демек, Қазақстанда анар өсіру – қолдан келер шаруашылық. Алдағы уақытта осы дақылдың сұрыптарын біздің топырағымызға, климаттық жағдайына лайықтап бейімдегім келеді. Базарларымызда бағасы тым жоғары жеміс, жидек дақылдарын, орман жаңғағы, құрма, анар интродукциясын жасап, егістікте өсіріп көру жоспарымда бар. Бұл сала өзіме қатты қызық. Менің түсінігім бойынша, ғалым болу – адамзаттың игілігі үшін қызмет ету. Мақсатым – айқын. Тек еңбектенуден еш жалықпауым керек.

Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

7 пікір

  1. Елбасының талабы made in KAZAKHSTAN бренд бірі, ол біздің АПОРТЫМЫЗ! осындай талантты жастар Ауылшаруашылығының тымырын тереңдетуіне және экономикалық драйверине серпін беретініне кәміл сенемін.

  2. 1865 жылы Егор Редько есімді азамат Воронеж губерниясы Острогожский уезінен Верный қаласына (Алматыға) апорттың бірнеше түрін әкелген. Сөйтіп Алатаудың бөктері әлемдегі ең үлкен алма бақтарының біріне айналып сала беріпті.

  3. ай қазағым ай қолда бар лалттының қадірін білмейсіңдер. Еліміз алманың қызғалдақтың одан қалды мұнайдың отаны. Бірақ…. сол қазіргі жагдай

  4. Ағылшындарда алманың 2500 түрі бар. Дегенмен, олардың бәрі дерлік Жоңғар, Іле Алатауының бойынан тараған. Ал, Иван Сиверс 1796 жылы қыркүйекте Алакөлге келіп, Тарбағатай тауының Үржар маңайында өсіп тұрған алмаларды көріп, таңданып, оны ең алғаш дүние жүзіне мәлім еткен. Ол алманың сорты, сөйтіп, сол ғалымның атымен аталып кеткен.

  5. Жақсы тақырыптарды қозғап жүрсіз, ісіңізге сәттілік! Ғылым жолында жүрген жастарды осылай көтермелеп, кейінгі буын өкілдеріне үлгі қылып көрсету керек. Сонда ғылым мен технологияға деген қызығылушылық артады, мектеп бітіруші түлектерге де ой салады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!