Басты бетАлматы облысында...

Алматы облысында 35 жаңа мектеп салынды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов облыс орталығы Талдықорған қаласында зиялы қауым өкілдері мен ардагерлермен кездесті,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Игі шарада Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы кездесуге келгендерге облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында қысқаша ақпарат берді. Әкімнің айтуынша, биыл жетісулықтар үшін жемісті жыл болған. Өйткені республика бойынша 18 миллионыншы тұрғынның Алматы облысында дүниеге келуі үлкен жетістік екен.

«Сонымен қатар, биыл қаңтар-маусым айлары аралығында облыста өнеркәсіп саласында 329,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Нақты көлем индексі 104,4 % құрады. Ауылшаруашылығы саласында да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді. Қазірдің өзінде 149,8 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Одан бөлек, осы кезең аралығында облысқа 174,6 млрд. теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 12 724 жаңа жұмыс орны құрылды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген негізгі тапсырмалар аясында өңірімізде түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Атқарылған игі шаралардың барлығы да сіздердің назарларыңыздан тыс қалған емес», – деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Өңір басшысы облыстағы туризм саласын дамыту үшін Үшарал қаласынан әуежай ашылғанын айтты. Сондай-ақ, соңғы үш жылдың ішінде қант қызылшасының егіндік алқабын 9 мың гектарға ұлғайтылғанын зор мақтанышпен жеткізді. Сонымен қатар, биыл тәтті түбірден 300 мың тонна өнім алу жоспарда барын да атап өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде әлеуметтік салаға үлкен көңіл бөлініп жатқандығын тілге тиек етті. Ескірген нысандар күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базалары жаңартылып, жаңадан сәулеті келіскен ғимараттар бой көтергені жайлы толық ақпарат берді. Өңір басшысы 44 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның 35-і жыл соңына дейін пайдалануға берілетіні жайлы сөз қозғады. Ал аталған білім ошақтарының 24-і Білім күні өз шәкірттерін қабылдамақ. Мектеп табалдырығын аттайтын оқушылар саны 49 мыңға жеткені де жетісулықтар үшін үлкен жетістік.

«Өңірімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін ұтымды пайдаланудың нәтижесінде мектепке дейінгі білім беру мекемелері көптеп ашылуда. Мысалы, үш жыл бұрын мектепалды даярлықпен қамту көрсеткіші 64 пайызды көрсетсе, өткен жылы 85, ал биыл бұл көрсеткіш 95 пайызды құрайды»,- деді өңір басшысы.

Ақсақалдар түрғын үй мәселесі мен қаланы газдандыру жүйесіне қатысты сұрақтар қойды. Қазіргі таңда негізгі тақырып өзегіне айналған газдандыру жүйесі жайлы сұраққа облыс әкімі толыққанды жауап берді.

«Өңірде 2 миллион тұрғын тұрады. Оның 473 тұрғылықты өңірінде тұратын 1,4 млн. тұрғын табиға газбен қамтылады. Бүгінгі таңда газдандыру жұмысы 22,8 пайызды көрсетіп тұр. Осы іспен айналысатын жергілікті атқарушы орган бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 26 пайызға орындауы керек, – деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Өзге де салалар бойынша ауыз толтырып айтар жетістіктермен бөліскен Амандық Ғаббасұлы зиялы қауым өкілдері мен ардагерлерге тағы да ризашылығын білдіріп, ел дамуына үлестерін қосқан жандардың ақыл-кеңестері мен көпжылдық еңбек тәжірибелері ауадай қажет екенін айтты. Әсіресе, болашақ ұрпақ тәрбиесін «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен байланыстырып аталған бағдарламада көрсетілген тапсырмаларды орындауда үлкен сенім артылатындығын тілге тиек етті.

Кездесу соңында зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдар бірқатар мәселелер бойынша өз ойларымен бөлісіп, облыс әкімінің жұмысына сәттілік тіледі.