Ақмола — аграрлы аймақ. Сондықтан да, өңірдің орақ науқанына дайындығы көпшіліктің жіті назарында. Егін шаруашылығына тартылған еңбек адамдары да енді бір ай көлемінде ертелі-кеш қырман басынан табылары хақ. Қазір облыстың 9 ауданы астық бастырып жатыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары берген мәліметтерге сүйенсек, осы уақытқа дейін 42 мың гектар жердің бидайы орылып үлгерген.
Егін орағы кезіндегі жұмыс осал болмас үшін, техникаға артылар жүк тым жоғары. Сол себепті де, биыл 7 ай аралығында облыс бойынша 137 комбайн сатылып алынған. Орақ науқанына тартылатын дала кемесінің облыс бойынша жалпы саны 9 мыңға жуықтайды. Сондай-ақ, биыл астық жинау жұмысына мемлекет тарапынан 70 мың тонна жанар-жағармай бөлінген. Айта кетейік, мамандар биылғы астықтың шығымдылығы былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда төмен деп отыр.