Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе шалынады. Қой, ешкі бір адамға, ал сиыр мен түйені жеті кісі бірігіп шалуына болады.

Мешіт бар жерде құрбандық айт намазынан кейін шалынады. Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұсыл алып, таза киініп, ешнәрсе ішпей мешітке барып, айт намазына қатысқан абзал.

Мешіттен қайтарда басқа жолмен жүрген дұрыс. Құрбан айтқа дейінгі жаманшылық артта қалып, мешіттен таза пейіл, ізгі үмітпен шыққан соң жаңа таза жолмен жүру керек.

Құрбандық шалу Ибраһим пайғамбарымыздан бастау алған. Ибраһим егде тартқанға дейін Сара анамыз құрсақ көтермеген екен.

Бірде Сара анамыз: «Ибраһим сен ұрпақсыз өтетін болдың. Сен менің Ажар күңіме үйлен. Алла нәсіп етсе ұрпақ көрерсің», — дейді.

Ибраһим мен Ажар қосылғаннан кейін көп ұзамай дүниеге Смайыл атты ер бала келеді. Ажар ана болған соң Сараның бойында қызғаныш пайда болады.

Ақыры: «Ибраһим сенің мына балаң мен әйеліңді менің көзіме көрсетпе қызғаныштан жүрегім өртеніп барады», — дейді ол.

Бұл да болса, Алланың қалауы шығар деп әйелі мен баласын есекке мінгізіп, азық-түлік сусыннан алып, елден қашық айдала жазыққа апарып тастайды.

Ибраһим кері қайтып бара жатқанда Ажар анамыз: «Иә, Ибраһим бізді кімге тапсырдың?», — деп сұрайды. Сонда Ибраһим: «Сендерді бір Алла Тағалаға тапсырдым», — деп жөніне кете барды.

Ана мен бала айдалада қалады, азығы мен суы таусылып, бала шөлдеп жылай береді. Біраздан соң сәби шалқалап жылай бастайды. Ол оң аяғын көтеріп жылаған сәтте, оң өкшесінің астынан ылғал пайда болады. Оны көріп отырған Ажар саусағымен қаза бастап еді, астынан су атқылайды. Ана мен бала шөлдерін қандырады. Су жиналып, көлшік болады. Сөйтіп, олар осы жерге тұрақтап қала береді.

Бұл керуеннің жолы еді. Бірде Жорхум тайпасы көшіп бара жатып осы маңнан құстарды көріп, керуен басы көмекшісіне: «Мына құстар тегін ұшып-қонып жатқан жоқ, онда су не өлексе бар, барып біліп кел», — дейді. Көмекшісі барса, көлшік пайда болыпты және басында әйел мен бала бар. Көмекшісі көргенін айтып келеді.

Сонда керуен басы: «Біздің іздеп жүргеніміз су емес пе, бар ана кісіден аяқ суына рұқсат етсе біз осы жерге қоныстанамыз», — деді. Ажар рұқсат етеді. Жорхум тайпасы бұлақ басына қоныстанып, осы жерде Мекке қаласының негізі қаланады.

Ибраһим әйелі мен баласын еске алып өзінің қалдырып кеткен жеріне келсе, екеуі де дін аман екен. Осыдан кейін ол баласына келіп, амандықтарын біліп тұратын болады.

Бірде осындай сапармен келсе, түнде таң ата Алла аян береді, «Балаң Смайылды құрбандыққа шал» деп осы аян екі күн және құрбан айттың бірінші күні қайталанады.

Бұл бір Алланың сыны шығар деп баласы Смайылды құрбандыққа шалуға ыхтияр болады. Отын әкелеміз деген сылтаумен баласын ертіп шығады.

Құрбандық шалатын жерге келгенде Ибраһим баласына шынын айтады. «Егер Алладан пәрмен келген болса, мен ыхтиярмын, мені құрбандыққа шалыңыз» дейді.

«Алайда, менің өтінішім бар, соны орындаңыз.

1. Пышағыңызды әбден өткірлеп алыңыз;

2.Менің қол аяғымды мықтап байлаңыз;

3. Менің жүзімді төмен қаратыңыз менің көзіме көзің түсіп кетсе, аталық мейірімімен бауыздай алмассыз;

4. Менің көйлегімді шешіп алып, анама апарып беріңіз мауқын бассын», — дейді.

Осы өтінішдері орындап, Ибраһим «Аллаһу әкбар» деп үш рет талаптанса да пышақ өтпей қояды. Енді не істесем екен деп тұрғанда аспаннан «Аллаһу әкбар» деген дауыс естіледі. Қараса Жәбірейіл періште бір қошқар алып ғарыштан түсіп келеді екен. Бұл Алланың сынағы болыпты. Оның Аллаға деген сүйіспеншілігі мен махаббаты жалғыз ұлын құрбандыққа шалуға мәжбүрлейді. Соныдқтан, Алла баласын аман алып қалып, құрбандыққа қошқар шалдырады.

Міне, осыдан кейін мұсылмандар құрбандыққа мал шалатын болды. “Құрбандық нисабы” деп аталатын мөлшерден көп ақшасы, мал-мүлкі болған адамның құрбандық шалуы уәжіп болады. Ал ешқандай себепсіз құрбандық шалмау күнә болады.

Құрбандық сойған адамдардың үй-ішіне Алла разы болады, иелеріне игі дұға етеді. Ислам дінінде құрбандық шалған мұсылман өзін жаһаннамнан азат еткен болып есептеледі.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!