Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ – ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания.

Неге бұл салаға қызықтым?

Университетте бакалаврді бітірерде маған мәтінге байланысты диплом жұмысы берілген болатын. Оған қызығушылығым болмады. Тақырыбымды қазіргі зерттеу еңбегіме ауыстырып беруді сұрадым. Сөйтіп, «Әлемнің тілдік бейнесіндегі символдар» деген тақырыпта дипломымды қорғап шықтым. Осы жұмысты РһD дәрежесін алғанға дейін зерттеп келемін. Бұл ғылым саласына терең кіріскеніме 6-7 жылдай болды.

Біріншіден, Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық кодты сақтау керектігіне ерекше көңіл бөлді. Ұлттық кодты сақтауда тілдің жетекші рөлде тұратыны сөзсіз және символ ұлттық кодтың бір бөлігі ретінде ұлттық сананы тәрбиелеуші құралдардың бірі болып табылады. Екіншіден, символ адамның сезімі мен эмоциясына тікелей әсер етеді. Диссертациялық жобамда символды жүйе ретінде қарастырдым. Яғни, олар қалай туындайды, оның қалыптасуына әсер ететін факторларлар, мағыналарының динамикасы мен санада жүйеленуін зерттедім.

Үміт Әнесова
©Baribar.kz

Біз сөйлеген кезде санамызға образдар мен бейнелер келеді. Сол бейнені тудыратындардың бірі – символ.

Бұған дейін символ көбінесе әдебиеттанудың объектісі ретінде зерттеліп жүрді. Тілдік тұрғыдан символды зерттеген ғалымдар бірер болды. Кейбір ғалымдар тек шолып қана өтіп кеткен. Дипломдық жұмысты бастағанда тақырыбымды әуелі өзім түсінуім керек болды. Көп іздендім. Ақпаратты қазақ ғалымдарынан ғана емес, көбіне шетелдік және ағылшын басылымдарынан да қарадым.

Символдың адам өміріне қандай байланысы бар?

Символ адамға бейсаналы түрде манипуляциялық қызмет атқара алады. Мәселен, кішкентай кезінен бастап бала қоршаған ортаны тани бастайды, сол кезде баланың санасында символдар қалыптаса бастайды. Символдардың қалыптасуына әр түрлі факторлар әсер етеді. Мысалы, қоршаған орта мен туып өскен өңірдің табиғаты, флорасы мен фаунасы, құстары мен жануарларын көріп өскен баланың санасында көптеген ассоциациялар туындайды және көп жағдайда сол нәрселер символданып, санада тұрақты мән-мағынаға ие болады. Бала кезде қалыптасқан символ адамның болашағымен және алдағы өміріне тікелей әсер етеді. Неге? Себебі, адамның өмір сүру моделін құруда, белгілі бір жағдайда маңызды шешім қабылдауда символдың ықпалы зор. Басты ерекшелігі – осыда.

Үміт Әнесова
Символдар ең біріншіден, адамның эмоциясына әсер етеді ©Baribar.kz

Қазақстанның әр түрлі өңірлерінде тұрып жатқан халықтардың ойлау жүйесі де басқаша дамиды. Сондықтан да, кейде қарым-қатынас барысында түсініспеушілік болуы мүмкін, өмірге деген көзқарасы өзгеруі мүмкін. Мұның барлығына түрлі факторлар әсер етеді, кей жағдайда символдарға да байланысты болады.

Егер бала кезден санаға басқа өркениеттің символы енсе, адамда ұлттық сана қалыптаспайды. Осылайша, біртіндеп ұлттық кодты жоғалтамыз.

Батыстық ғалымдар «символдан абай болу керек» деп жиі айтады. Батыстық жарнамашылар символды жарнамада өте көп қолданады. Өйткені, олар, ең бірінші кезекте, эмоцияға әсер етеді. Сол арқылы адамды белгілі бір әрекетке итермелейді. Жарнама жасау кезінде символдар өнім өндірушінің мақсатына сай қолданылады. Алайда біз үшін бұның пайдалы тұстары бар. Біз ұлттық сананы дамыту мақсатында түрде қолдануымыз керек. Қазақ тіл білімінде символды әдебиеттің құралы, көркемдеуіш құралы есебінде пайдаланады.

 «Символ бала кезден қалыптасады»

Әр мемлекеттің бір-бірінен айырмашылығы – ұлттық ерекшелік. Ол тілден басталады. Бұл жерде тіл бөлек болған соң ұлттық код, менталитет, мәдениет, адамның санасы мен ойлауы, бәрі – басқаша болады. Зерттеуімде көңіл бөлген басты нәрсем – символдың ұлттық кодтың бірі ретінде ұлттық сананың қалыптасуында атқаратын рөлі.

Символдың жарнамада алатын рөлі зор. Мысалы, бір кездері Кока-Коланы қазақтың ұлттық өнімімен бірге жарнамалап жүрді. Біз шетелдік өнім екенін білеміз. Себебі, бала кезімізден Санта Клаусты көрдік. Бірақ, 4 жасар балам жарнаманы көрген кезде басқаша ойлауы мүмкін. Жарнамада қазақтың қызы дастарханға Кока-Коланы қояды. Сол кезде бала біздің ұлттық символдар арқылы шетелдік сусынды ұлттық өнім деп қабылдауы мүмкін. Солай санасына еніп кетеді. Белгілі бір нәрсені көрсетер кезде ұлттық символдарды ұтымды пайдалану керекпіз.

Үміт Әнесова
Баламды тәрбиелеу барысында әртүрлі ұлттық кодтар, ұлттық сананы қалыптастырудағы символдардың қолданысы болды©Үміт Әнесованың жеке мұрағатынан

Зерттеу барысында мына нәрсені ең басты жеткен жетістігім деп білемін. Менің 4 жасар ұлым бар. Баламды тәрбиелеу барысында әртүрлі ұлттық кодтар, ұлттық сананы қалыптастырудағы символдардың қолданысы болды. Символдардың көбі бала кезде пайда болатынын аңғардым. Егер бала күні бойы компьютердің алдында, не ұялы телефонмен ғана отырса, символдық ойлау жүйесі тарылады немесе символдар әлемі тек сол ютубта көрген видеолардың негізінде ғана қалыптасады, яғни ол «человек паук» пен «макуин», «мистер макс» пен, әйтеуір бір «мистер…» болмақ. Ал керісінше, үйде, сыртта жүрген жерде көп нәрсені көзбен көріп, қолмен ұстаса, одан алған сезімдер мен эмоциялар әлдеқайда әсерлі болады да, символдардың қалыптасу үдерісі жоғарылай түседі. Осы жерде ата-ана дұрыс бағыт беріп, сол бір ұлттық кодқа ерекше мән беруі шарт.

Біз қалада тұрғандықтан, табиғатпен байланысымыз әрине аз. Бәрібір белгілі бір шектеу болады. Осы жерде ұлттық сананы жоғалтып алмау керекпіз. Бала үшін белгілі бір әлем құру керек. Сол әлем символдардан құралу керек. Өйткені, бала өзінің эмоциясына әсер ететін нәрсенің бәрін қабылдайды. Оны өмір бақи есінде сақтап қалады. Барлығы оның тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Бұл үдеріс тіл арқылы жүзеге асуы керек. Осы нәрсені білдім. Мәселен, баланың санасында жылқыға ұлттық символ ретінде мән беру үшін оның санасында түрлі мүсін, образ, қиял тудыратын сөздер қолданылуы керек. Осы кезде туындайтын ассоциациялар да ұлттық нақышта болса, жылқының символизациясы ұлттық сипат алады.

Таңба мен символдың айырмашылығы неде?

Символдың таңбадан ерекшелігін айтайын. Осыған дейінгі ғалымдардың еңбектеріне сүйенсек, таңба жай ғана бағыт-бағдар береді. Мысалы, жолда жүру таңбаларын алсақ, жасыл жанса жүреміз, қызыл жанса тоқтаймыз. Яғни, таңба бағыт- бағдар береді. Ал символ белгілі бір шешім қабылдауға алып келеді. Мысалы, парта десек – жай сөз, таңбалар болады, партаның суреті елестейді. Ал, «арыстандай айбатты» десек, ар жағында образ, эмоция, күш, сезім бар. Міне, символдың көрінуі.

Бала кезде әркімнің өзіне тән символдары болады. Мәселен, менің бала кезімдегі қызықты айтайын. Апам ыстық нан пісіргендегі иіс балалық шағымның символы ретінде қалып қойды. Немесе кішкентай кезіңде тыңдаған ән символ ретінде қалыптасуы мүмкін. Келесі де сол әнді тыңдасаңыз, балалық шағыңыз еске түседі.

Біз үшін символдық фигуралар да өте көп. Елестетейік, бір адамның образы сіз үшін жігерліліктің символы ретінде қалыптасуы мүмкін. Ол атақты жазушы, әнші, күйші болуы мүмкін, алайда ол сізбен көрші тұрған апай да болуы мүмкін. Сіз қиналған кезде сол жанды өз орныңызға қоясыз. Өйткені, ол сізде мықтылықтың символы ретінде қалыптасты. Сосын «ол болса былай жасаушы еді» деп шешім қабылдауда оның символдық образы көмек беруі мүмкін.

Біз зерттеу барысында әмбебап және ұлттық символдар тақырыбында сауалнама жүргіздік. Көп ұлттарға тән символдар әмбебап деп аталады. Мысалы, көгершін – бейбітшіліктің, жүрек – махаббатың символы. Ұлттық символдар – әр халықтың өзіне ғана тән символдары.

«Символ мәселесі 5 жылдан бері пән ретінде жүргізіледі»

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде ғылым өте жақсы дамып, көркеюде. Мемлекетіміз ғалымдарға түрлі жобалар, гранттар беріп жатыр. Бүгінгі басты талап – ғылымды коммерцияландыру. Мен мұны қолдаймын. Егер ғылым коммерцияланбаса, онда нәтиже көрінбейді.

Осы қазақилықты дамыту мақсатында 2 жыл бұрын қойын дәптерлер (блокноттар) шығара бастадық. Ерекшелігі – қазақша-ағылшынша, сырты мен ішінде қазақи ою-өрнегі бар. Біздің негізгі мақсат – ақша табу емес. Қатты күшті табыс та әкелмейді. Бір күні баспаға бір тапсырыс беруші келді. Барлығы орысша екен. Сонда мен “осы қойын дәптерлер қазақшаланса ғой” деп тілек айтты. Содан өзімізге идея келді. Басында “Жан досыма”, «Асылым», «Арманым», «Жаным» деген жазуы бар мұқабамен, әрлеп, әдемілеп шығардық. Кейін бәрі жеке тапсырысқа көшті. Яғни, адамның аттарын жазғызады. Еліміздің әр аймағынан тапсырыс түседі. Әсіресе, Ақтау, Атыраудағы тұрғындар жиі хабарласады.

Қазақша блакнот
Қазақилықты дамыту мақсатында 2 жыл бұрын қойын дәптерлер (блокноттар) шығара бастадық©Үміт Әнесованың жеке мұрағатынан

Ұлттық кодты дамытуда символдың рөлі көп. Адам санасын символ арқылы қайта жаңғыртуға болады. Бала тәрбиесінде қолдана аламыз. Жалпы, бұл ғылым саласы пән ретінде 2-3 курс студенттеріне жүргізіледі. ҚазҰУ-дың филология факультетінде бұл пән бойынша 5 жылдан бері ағылшын тілінде дәріс оқылады. Сабақ кезінде біз қазақ және ағылшын, американдық әдебиеттеріндегі символдарды салыстырамыз.

Студенттер тарапынан бұл пәнге деген қызығушылық өте жоғары. Бастапқы кезеңде көп нәрсені түсінбейді. Алайда оқу барысында біраз мәселенің мән-жайын анықтап, байыбына барып жатады. Кейде шатасып кетеді, ажырата алмай қалады. Сабақ кезінде әртүрлі әдіс-тәсілдер қолданамы. Символдардың түрлерін зерттеу бойынша үйге тапсырма беремін. Әр студент жеке-жеке көркем әдебиетпен жұмыс істейді, сауалнама жүргізеді. Қызметі қалай, пайда болуы, мағынасы – бәрін зерттейді. Менің ойымша, бұл қызықты тақырып. Әрі пән семиотика, психолингвистика, лингвомәдениеттану және лингвистиканың басқа басқа бағыттарымен тығыз байланысты, пәнаралық мәселелері көп пән болып табылады. Пәнді оқыту студенттерге лингвист маман, филолог, болашақ ата-ана, ұлттық тұлға қалыптастыруда үлесін қосады.

«Жарнамада ұлттық символдар жиі қолданылса екен…»

Өзім Абылай хан атындағы Қазақ әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетін бітіргенмін. Ағылшын тілінің маманымын. Бірақ ғылым жолын таңдағым келді, сол үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түсіп, білімімді жалғастырдым. Әкем де, анам да – филологтар. Әкем Ғарифолла Әнес – “Арыс” қорының президенті, филология ғылымдарының докторы. Анам Бағдан Момынова – филология ғылымдарының докторы, профессор. Шынын айтайын, ғылымға бет бұруға маған ата-анам ықпал етті, үлгі болды. Әке-шешем өз істеріне берілген нағыз ғалымдар, «қазағым», «тілім» деп еңбек етіп жүрген көпшілікке танымал жандардың бірі.

Үміт Әнесова
Ғылымға келуіме әкем мен анамның ықпалы зор болды©Үміт Әнесованың жеке мұрағатынан

Отбасымда жолдасым, жоғарыда айтқанымдай 4 жасар ұлым бар. Баламды қазақша сөйлетуге тырысамыз. Қазақ балабақшасына барады. Жеке өзім баланың сөздік қорын қазақша дамытқым келеді. Егер ана тілінде сөздік қоры қаншалықты көп болса, өзге тілді меңгергенде де солай болады. Сөздік қор да образ, бейне, таңбаланып тұрады ғой. Сол үшін де барлығын көрсетіп, қолына ұстатып үйретуге тырысамын. Балабақшадағы апайы : “балаңыз үлкен адамдарша сөйлейді” деп айтады. Оған қуанамыз. Себебі ол «филолог атасы мен апасының» баласы, жасыратын несі бар. Өздері бағып, үйретіп, тоқытады. Қазір орысша да сөйлей алады. Дегенмен, қазақша ойлағанын қалаймыз. Ұйықтарда қазақ ертегілерін оқимыз.

Үміт Әнесова
Отбасымен©Үміт Әнесованың жеке мұрағатынан

Символды жақсы түсінген адам болса, өмірдің кез келген тұсында қолдана алады. Мәселен, бала тәрбиесінде, психологиялық тұрғыда, тіл білімі саласында, жарнамада, т.б.

Менің арманым…

Менің ең үлкен арманым – ұлттық символдардың жарнамада және бала тәрбиесінде маңызды қазіргі заманға сай анимациалық фильмдер арқылы қолданылуын одан әрі жетілдіру. Ұлттық бояуымызды көрсететін символдарды жарнамада көп қолдана бермейді. Өйткені, кей жағдайларда, оны қазақтар емес, өзге ұлт өкілдері жасайды. Ал, олар басқаша ойлайды, сол себепті ұлттық символдардың мәнін білмейді. Кез келген нәрсені жақсы жағынан қолданыса, жақсы болар еді.

Сұхбаттасқан және суретке түсірген Айзада Жайыққызы

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.