Басты бетБақытжан Сағынтаев:...

Бақытжан Сағынтаев: «100 нақты қадамның» жартысы орындалды

Жауапты орган басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалу барысымен таныстырды. Кеңесте Бақытжан Сағынтаев осы күнге дейін 50 қадамның орындалғанын мәлімдеді.

Ал Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын қалай көтеру жоспарда тұрғанын айтып берді.

«Біз өзімізге, халқымызға да, дүние жүзіне де мемлекетті жаңғырту үшін 5 үлкен қадам жасаймыз деп жарияладық. Ішімізде де, сыртымызда да бұл біздің ойымызды, пікірімізді, жоспарымызды жұртшылық қолдап, оң бағасын берді. Біріншісі – мамандандырылған мемлекеттік аппарат, екіншісі – заң үстемдігі, үшінші – өрлеу, экономиканың өсуі, төртінші – бірлік пен қоғам ішіндегі тыныштық арқылы жетеміз бұл жұмысқа, бесінші – халықтың алдында есеп беретін мемлекет»,- деді Елбасы.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Ұлт жоспарын заңмен қамтамасыз ету үшін 66 заң қабылданған. Жыл соңына дейін Парламентке тағы 8 заң жобасы түседі екен.

«Ұлттық комиссия «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді. Қазіргі таңда комиссия 5 бағыт бойынша әрбір қадамның нақты іске асу барысын мұқият қадағалап отыр. Осыған дейін 50 қадам орындалды. Қалған 50 қадам орындалу үстінде. Әрине, отырыста мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын өсіру жайы да сөз болды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Қайрат Қожамжаров еңбекақыны төлеу ісі жаңа жүйемен орындалатынын айтты. Яғни бұдан былай жалақы мөлшері мемлекеттік орган алдына қойылған тапсырмалардың орындалу барысына қарай белгіленеді. Сол сияқты еңбекақы көлеміне аймақ пен саланың ерекшелігі және жұмыстың ауырлығы да әсер ететін болады», -деді өз сөзінде Премьер-министр.

Дереккөз24.kz