Ербол Серікбайдың Корреспондент.kz газетіне берген сұхбаты.
– Ербол, Оңтүстіктің тумасы екеніңізден хабарымыз бар. Бүгінде мыңдаған қолданушысы бар «Сұрақ-жауап» сайтының авторысыз. Ғаламтордың аса бір белең ала қоймаған уағында туылған балада «сайт ашсам» деген арман бола қоймаған шығар. Әңгімемізді балалалығыңыз бен бала арманыңыздан бастасақ…
– Иә, Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Қажымұқан ауылында дүниеге келдім. Әрине, бала күнімде сайт жасаймын деген ой үш ұйықтасам түсіме кіріп шыққан жоқ. Бірақ кішкентайымнан жұмысымның бәрі осы компьютермен тікелей байланысты болса екен деген ой болды. Анам аспаптарды үйрену сынды түрлі үйірмелерге берді, хирург болғанымды жөн көрді. Бірақ өзімнің жүрек қалауым компьютермен тікелей байланысты болған соң, өз-өзімді алдарқатпайын деп осы салаға бет бұрдым. Осындай мақсатпен М.Әуезов атындағы университеттің ғылыми информатика мамандығына оқуға түстім. Содан сол 3-ші курстан бастап «Сұрақ-жауап» сайтының жұмысына кірістім.
– Қателеспесем, «Айтабер» блог тұғыры да сіздің жобаңыз. Ол кезде интернет қолданушылары да қазіргідей болмағаны белгілі. «Айтабер» мен «Сұрақ-жауап» сайтын ашу оңайға түспеген шығар…
– 2010 жылдың 10 қаңтарында «Сұрақ-жауап» сайтының негізі қаланған болатын. Қазіргі таңда орташа есеппен алғанда сайттың 60-70 мың қолданушысы бар. Оны бір айға шағатын болсақ 1,5 миллион адам кіреді. Сол 1,5 миллион адам 3 миллионға жуық бетті қарайды. Бұл бүгінгі көрсеткіш қой, бірақ әрине мұндай дәрежеге бірден жете салған жоқпын. Сайт ашылғаннан кейін де оны дамыту керек болды. Сондықтан интернет қолданушылармен көп араласа бастадым. Осы кезде «Сұрақ-жауап» сайтында блог жазғысы келетін қолданушылардың көбін байқадық. Сосын Бауыржан Жақашев, Садық Шерімбек, Берікбол Жарылқасын деген төрт жігіт бірлесіп, кеңесіп, қазақ тілінде блогтұғыр ашуды жөн көрдік. Осылайша «Айтабер» сайты дүниеге келді. Сосын біз «Сұрақ-жауап» сайтындағы қолданушыларды осында шақырып, блогсфераны дамытуға тырыстық. «Сұрақ-жауаптың» қолданушылары «Айтаберде» блог жүргізіп көпшілікке танымал болды. Мысалы, Абылай Әділханов, Рауан Бұқпанов, Ербол Исламбек, Көркем Абылаеваларды айтуыма болады. Әрине, ештеңе оңай болмайды ғой, қазір оңай көрінгенімен, өз уақытында өз ауыртпалықтары болды. Бірақ, бастысы жасаған ісімізде нәтиже бары көңіл қуантады.
– Сайтта редакторлар мен модераторлар болатынынан хабарымыз бар. Сұрақ-жауап сайтының осындай қызметкерлері қарапайым қолданушылардан іріктеліп алынды ма? Сонымен қатар, «Сұрақ-Жауапта» қолданушылар «Айдың, жылдың үздік қолданушылары» деп іріктеліп отыратынын білеміз. Оларға осыдан қандай да бір пайда бар ма?
– «Сұрақ-Жауап» сайтында қазіргі таңда өзіміздің белсенді қолданушылардың арасынан сұрыпталып алынған сайттың редакторлары мен модераторлары бар. Олардың қызметі қолы бос уақытында ерікті түрде сұрақтарды өңдеп, модерациядан өткізіп, бір сөзбен айтқанда уақытын тиімді жұмсайды деп ойлаймын. Олар, яғни сайттың редакторлары мен модераторлары өзге қолданушылардың сұрақтары мен жауаптарын өңдей алады, орынсыз деп есептесе жасырып тастауына болады. Бірақ мұндай атаққа ие болу үшін қолданушыға қойылатын талаптар бар. Мысалы, сайтта тіркелгеніне 4-5 ай болса, қолданушының жауаптарының кемінде 20-cы жақсы жауап деп танылса деген сынды бірнеше талаптарды орындаса, қолданушыны өзінің өтініші бойынша модератор немесе редактор етіп өзім тағайындаймын. Оларға біз ешқандай қаржылай қолдау көрсетпейміз. Былайша айтқанда олар қазақконтентінің дамуына өз үлесін қосқысы келетіндер деп түсінуге болады. Қаржылай көмек көрсеткіміз келеді, әрине, бірақ бізде әзірге ондай мүмкіндік жоқ. Ал, «айдың, жылдың үздік қолданушылары» статусы сайт тұтынушыларын белсенділікке шақыруға негізделген сайттың жүйесі. Мұнан да, өкінішке орай, қолданушыларға пайда жоқ. Осыдан біраз уақыт бұрын сайттың үздік 5 қолданушысына азын-аулақ сый-сияпат жасайтынбыз. Қазір бұл конкурс уақытша тоқтап тұр. Алдағы уақытта оны қайта қолға алуды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек алда түрлі байқаулар ұйымдастыру да ойымызда бар.
– «Сұрақ-Жауап» сайты, жалпы осы әлеуметтік желілер сізге атақ-абыройдан басқа не берді? Сізге қазір сайттан қаржылай пайда түсіп отыр ма?
– Сұрақ-жауап сайты өзімнің тұңғыш балам сияқты. Ол бір жетістікке жетсе шынымен қуанамын. Егер сайт істен шығып, жұмысы тоқырай бастаса ол да менің жаныма батады. Яғни осы сайттың қас-қабағына қарап отырған адаммын. Абыройдан бөлек сайт маған азын-аулақ болса да қаржылай көмек әкелді. Сайттан түсетін аз-маз қаражат сайттың өзінің техникалық қажеттілігіне, сондай-ақ өзімнің бөліп отырған уақытымның орнын толтыруыма жұмсалады. Шынымды айтсам, осы сайттың арқасында, үлкен болмаса да, ата-анама үй салып бердім. Одан бөлек, жасыратыны жоқ, күнделікті жүріп-тұруыма жұмсалатын қаражат та осы сайттан түседі. Сондай-ақ, мені көпшілік осы «сұрақ-жауаптың» авторы ретінде ғана танығанымен, мен медиатренер ретінде мастеркласстарға, болмаса форумдарға, іс-шараларға жиі қатысып тұрамын. Яғни, өз имиджімді маман ретінде қалыптастыруыма «Сұрақ-жауап» сайты үлкен ықпал етіп жатыр десем де болады. Шынымды айтсам, «Сұрақ-жауаптың» шығуына мен ықпал етсем, соңғы кезде менің Ербол Серікбай болуыма «сұрақ-жауап» ықпал етіп жүр.
– Қазір сайттар мен әлеуметтік желілерде бейәдеп сөздер жиі қолданылады. «Сұрақ-жауапқа» да қойылатын орынсыз сауалдар мен жазбалар көп шығар. Осының алдын қалай алып отырсыздар? «Сұрақ-жауап» сайтында, қателеспесем, 30 санат бойынша блог жазуға болады. Осы блогтар іріктеліп отыра ма, әлде қолданушының кез-келген блогы жариялана бере ма?
– Біз қазіргі таңда web 1.0-дің заманында емес, web 2.0 заманында өмір сүріп жатырмыз. Яғни бұрын адамдар тек сайттың берген ақпаратын тұтынатын болса, қазіргі таңда берілген ақпаратқа қолданушылар өз пікірін білдіре алатын болды. Яғни қолданушының өзі контент жасайтын дәуір. Бір сөзбен айтқанда, біз қолданушыларға жағдай жасап береміз. Біз оларға ортақ сайт жасап бердік, оны қалай қолдану олардың өзіне байланысты. Сондықтан, әрине, артық сөздер айтылып жатады. Ол жағдайда сайт модераторлары ол қолданушыны белгілі бір уақытқа «банға» салып тастайды, яғни оның іс-әрекетін шектейді. Қазақ өзі қандай, қоғам өзі қандай сұрақтар да сондай болады. Мен ойлаймын, қоғамның нағыз шынайы бет-бейнесін осы сайттан көруге болады деп. «Сұрақ-жауап» сайтына былтырдан бері блог қосылды. Қолданушылар блог жазып жүргенімен, ол әзірге аса бір танымал емес. Жазылып отырған блогтың қажетті дегенін іріктеп, таңдаулы мақала ретінде іріктеп, алғашқы бетке шығарып отырамыз. Иә, блогтар іріктеледі.
– Бір кездері сайтты арнайы мамандар жауап беріп отыратындай дәрежеге жеткізсем деп едіңіз. Байқасақ, әлі де мұнда нақты және мүлде жауапсыз сауалдар жетерлік екен. Осы сөзіңіздің әлі іске аспағанына не себеп болды? Жалпы аталмыш сайтта келешекте қандай өзгерістер болуы мүмкін?
– Мүмкін, биыл осыны жүзеге асырып қалатын шығармыз. Шыны керек, бұл ойымды жүзеге асыруға өзім де құштармын. Нағыз мамандар жауап беріп отыратын сайтқа айналдыру ойымызда бар. Өз саласының мамандары аз болған соң шығар, көп сауалдар жауапсыз қалып қойып жатады. Менің о бастан негізгі мақсатым «Сұрақ-жауап» сайтының редакциясын жасақтау. Олар контентті тазалап, жауапсыз сұрақтарға жауап беріп, эксперттермен жұмыс жасау үшін еңбек етер еді. Қазір сайттың форматы бұрынғыдай тек танымдық бағытта емес, ақпараттық-танымдық бағытқа қарай өзгеріп келе жатқанын байқауға болады. Бүгінде сайтта тек мен ғана жұмыс жасайтын болсам, алдағы уақытта сайтты өз саласы бойынша жұмыс жасайтын адамдармен көбейтіп, порталға айналдырғым келеді. Осы жылдың соңына дейін сайттың құрамы болады деп жоспарлап отырмын.
– Қазір жастардың дені күні бойы әлеуметтік желіде отырады. Осы саланы мықтап меңгергендердің бірісіз ғой, қалай ойлайсыз, жалпы осы интернет жастарға не беріп жатыр? Оның пайдасынан зияны көп деген пікірге қосыласыз ба? Өзіңіз, интернетке күніне қанша уақытыңызды жұмсайсыз?
– Интернет – ол құрал. Оны қалай пайдалану әркімнің өз құзыретінде. Өзіңізге пайдалы жағын қолдануға да болады немесе уақытыңды зая кетіру де өз қолыңызда. Ал, мен үшін интернет өзімнің жұмыс орным. Мені асырап отырған осы. Бірақ расымен де қазір оны тиімді пайдаланатындар аз. Меніңше, ол мектеп бағдарламасында информатика пәнін әлі жақсы өтпейтіндіктен де болса керек. Өйткені жастарда әлі де болса дұрыс ой қалыптаспаған. Олар интернеттен барлық ақпаратты алуға болады деп ойлайды. Ол түгілі кітапхананың өзіне ешкім кітап әкеліп қоймаса, іздегеніңізді қайдан табасыз?! Сол сияқты интернет те сондай орта, оған сіз бен біз өзіміздің тың ақпараттарымызды қоспасақ, онда ол көбеймейді. Сондықтан, мұғалімдер оларға сабақ оқытқанда интернеттен ақпаратты ал деп емес, оған қос деп үйретсе жақсы болар еді. Ол кезде қазақ тілді контент екі есе артады. Қазір тәуірлеуміз ғой, осыдан екі-үш жыл бұрын тіпті қазақша ақпарат табу қиынның-қиыны болатын.
Өзім интернеттен ұйықтағанда ғана қол үземін. Мен үшін зиянынан тиімді тұсы басым. Жастарға да дұрыс қолдана білсе берері мол. Алдағы уақытта ақпараттық технологиялар заманы қарыштай береді. Сол себепті мектеп бағдарламаларын түзетіп, жастарға мастеркласстар өткізіп оны тиімді пайдалануды үйретуіміз керек деп ойлаймын.
Мақпал ТӨРЕБЕК