Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ – ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания.

Асқар Ақшабаев, жас ғалым
Асқар Ақшабаев, жас ғалым ©Baribar.kz

Мектеп кезінен бері түрлі олимпиадаларға қатыстым. Алайда, ғылымға деген қызығушылығым Қазақ-Британ техникалық университетінде оқып жүргенде басталды. Оқушы кезімде бастаған жұмысым — алгоритмдер мен мәліметтер құрылымын зерттеуді жалғастырдым. Соларды қолданып, жаңа бір нәрселер ойлап тапқым келді. 2008 жылы университет бітіргеннен кейін, сол кездегі деканымыз Фуад Гаджиев ғылым жолын жалғастыруыма ұсыныс білдірді. Сөйтіп, 2008 жылдан бері осы университетте сабақ беремін. Магистратура мен докторантураны да Қазақ-Британ техникалық университетінде оқыдым.

«Hunday көліктеріне жаңа бағдарлама жасадық»

Докторантураны ҚБТУ-да бастап, жартысын Сеул Ұлттық университетінде оқыдым. Кореяда жүргенде Computer Vision Lab деген лабораторияда жұмыс істедім. Онда Hunday Motors компаниясының демеушілігімен жаяу жүргіншілерді алыстан анықтайтын бағдарлама жасадық. Ол Pedestrian Detection деп аталады. Яғни, Hunday Motors адамдарымен бірге машинаға камера орнатып, жаяу жүргінші жүретін жерлерді түсіріп, адам жақындағанда көлік ішінде қандай белгілер берілетінін анықтап, алгоритмдерін жаздық. Қазіргі көліктерде «антирадар» деген құрылғы бар ғой. Сол сияқты жаяу жүргінші жақындағанда жүргізушіге белгі беріп отырады. Аталған бағдарлама қолданысқа әлі енгізілмеді. Себебі біз жасап жатқан кезде оның жаяу жүргіншіні тану мүмкіндігі 50-60 пайыз ғана еді. Бірақ мен ол жобадан кетіп қалдым. Бәлкім, жақын уақыттарда Hunday көліктері сол бағдарламамен шығатын болар…

Ол жобадан неге кеттім? Өйткені біз жарты жылға ғана бардық. Уақыт біткен соң да, жұмыс жасай беруге болатын еді. Алайда келісім-шартты тағы да үш жылға жасату керек. Ол кезде мен ҚБТУ-да оқуымды бітіріп жаттым. Сол үшін елге қайтуға тура келді.

«Бұрын-соңды ондай бағдарлама болмаған»

Одан бөлек «компьютерлік көз» бағытында жұмыс істедім. Біз жасаған бағдарлама адамның бетінің, көзінің, көзінің қарашығының қай жаққа қарап тұрғанына дейін анықтайды. Бұрын-соңды ондай бағдарлама болмаған еді. Бірінші қарашықтың қайда қарап тұғанын 80 процентке нақты анықтайтын алгоритм жаздық. Ол — жаңашылдықтың бірі. Аталған бағдарлама жарнама берушілер үшін тиімді. Яғни бағдарлама адамның компьютерді ашқанда экранның қай жеріне бірінші көзі түсетінін анықтайды. Кейін сол жерлерге жарнама қойылады.

Асқар Ақшабаев, жас ғалым
©Baribar.kz

Үшінші, интерактивті тақталардың аналогын жасадық. Бұрын тақта тұрған жерге ғана жазуға болатын болса, біз оны толығымен алып тастап, кез келген жазықтықты (мейлі ол қабырға немесе еден болса да) интерактивті тақта сияқты қолдану жолдарын жасадық. Ол үшін инфрақызыл қаламсапты арнайы камера арқылы компьютермен байланыстырдық. Тәжірибе жасап көру үшін 2008-2010 жылдары бірнеше мектептерге қойдық. Бірақ қаржыландыру болмағандықтан, жоба тоқтап қалды.

Қазір ҚБТУ-да «Бағдарламалау тілі», «Бағдарламалау технологиясы», «Алгоритм» пәндерінен сабақ беремін, профессормын. Осында балаларды олимпиадаға дайындап, ACM, ICPC сабақтарын оқытамыз. Сол үшін жеке сектор аштық. Онда тек өзіміздің студенттер ғана емес, Алматы қаласы мен қалаға жақын аудандардағы балалар да оқи алады. Іріктеу қыркүйек және қаңтар айларында болады. Одан өткендер бастауыш, орта және жоғары топ болып, үшке бөлінеді. Ең мықты балаларды республикалық, халықаралық олимпиадаларға дайындаймыз. Оқу — тегін. Оған ҚБТУ демеушілік жасап отыр. Мұғалімдер — өзіміздің студенттер. Олар да халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары.

Ғылымға келгеніме өкінбеймін. Себебі ол, біріншіден, менің қызығушылығымды қанағаттандырды. Университет кезінен жаңа алгоритмдерді ойлап тауып, оларды тәжірибеде қолдануды мақсат етсем, соған қол жеткіздім. Ендігі мақсатым — бәрін білетін қарапайым бағдарламалаушы емес, бір салаға маманданған адамдарды даярлап шығару.

Ғылымды кәсіпке айналдыруға 2008 жылдан беру талпыныс жасап келе жатырмын. Биыл Codebusters деген компания аштық. Құрамында халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары бар. Бәрі ең талантты балалар деп ойлаймын. Machine Learning, Big Data сынды жаңа бағыттарды үйретеміз. Тек ғылыммен ғана емес, бағдарлама жасаумен де айналысамыз. Еліміздегі үлкен-үлкен компаниялармен жұмыс істеп жатырмыз.

Асқар Ақшабаев, жас ғалым
©Baribar.kz

Қазақстанда ІТ нарығы қалай дамып келеді?

Менің білуімше, біздің компаниялар тек қана ішкі нарыққа жұмыс жасайды. Ал үлкен компаниялар тек қана тендермен жұмыс істейді. Біз шетелдік индустрияға әлі шыққан жоқпыз. Бірақ шығуға ұмтылыс жасап жатқан компаниялар жоқ деуге де болмайды. Бар болғанымен, тым сирек. Мысалы, біз Австралиямен, Вьетнаммен жұмыс жасап жатырмыз. Бізден бөлек өзі жұмыс істеп жүрген бірнеше адамдарды білемін. Олар үйлерінде отырып-ақ, шетелдік компаниялармен жұмыс істейді.

Қазір жаһандану жүріп жатыр ғой. Алдағы бес-алты жылда сенің қай жақта отырғаның маңызды болмай қалады. Адамдардың бәрі қашықтықтан жұмыс істеуге көшіп кетеді. 

Асқар Ақшабаев, жас ғалым
©Baribar.kz

«Ғылымда қаржыландыру болуы үшін Кореяның үлгісімен жұмыс істеу керек»

Ғылыммен айналысу үшін оған бүкіл уақытыңды арнау керексің. Кореяда жүргенде жиырма қабатты ғимаратта жұмыс істедік. Өзіңіз елестетіп көріңізші, Қаныш Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ-дан да үлкен ғимаратта толығымен IT мамандары отыратынбыз. Дүйсенбіден-жұмаға дейін таңғы 7-де келіп, кешкі 10-ға дейін тек қана ғылыммен айналыстық. Сенбі күні түскі 5-те қайтатынбыз. Жексенбі — демалыс. Оларда ғалымдар ғылыммен айналысқандары үшін көлемді шәкіртақы алады, басқа нәрсеге алаңдамайды.

Бізде ондай мүмкіншілік жоқ. Сол себепті ғылыммен параллельді түрде сабақ беріп, кәсіп ашып, басқа да істермен шұғылдануға тура келеді. Грант ұтып алмасаң, қаржыландыру қиындау. Үлкен мемлекеттік компаниялар ғылымға жайдан-жай ақша бермейді. Ақша берген күнде де тек табыс жағын ойлайды. Мемлекеттік грант алу қиын. Қаржыландыру болуы үшін Кореяның үлгісімен жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Мысалы, Hunday Motors-тың 20 тапсырмасы болса, соларды ірі университеттердің профессорларына бөліп, әр профессордың қолына 1 миллион доллардан береді. Ары қарай оны қайда жұмсайды, ғалымдарға қанша ақы төлейді, қандай құрылғы алу керек екенін профессор өзі шешеді. Бізде ондай өзара байланыс жоқ. Мүмкін үлкен корпорацияларда жаңа нәрселерден гөрі, бұрыннан бар заттарды, тәсілдерді қолданған тиімді шығар… Дегенмен, индустрия мен ЖОО арасында байланыс болуы керек. Соны орнататын ұйым болса, тіпті жақсы.

«Шәкірттерім Amazon, Facebook, Google компанияларында жұмыс істейді»

Мақтанып айтар шәкірттерім көп. Жазира Жүнісова, Ержан Уткелбаев сынды кейбір шәкірттерімді 6-7-сыныптарынан бастап оқыттым. Шәкірттерімнің көбі Amazon, Facebook, Google, Microsoft компанияларында жұмыс істейді. Мысалы, Асхат Ахметжанов, Пернехан Өтемұратов, Рүстем Бекмұхамедовтар және тағы да басқалары.

Бәлкім, шәкірттерімнің бір-екеуі ғана ғылымда қалар, біршамасы шетелге жұмысқа кетеді. Олардың көбі осы ҚБТУ-дың 325-кабинетінен дайындалып шыққан.

Асқар Ақшабаев, жас ғалым
Асқар Ақшабаев 325-кабинетте ©Baribar.kz

Ғылымда жетістікке жету үшін, бәріне ортақ заңдылық: еңбек ету керек. Еңбексіз ешқандай нәтиже болмайды. Мысалы, олимпиаданы алсақ, онымен күні-түні айналыспай, халықаралық олимпиадалардан жүлде ала алмайсыз. Жақсы нәтижеге жететіндер — еңбектенетіндер.

Асқар Ақшабаев шәкірттерімен
Асқар Ақшабаев шәкірттерімен Киевте өткен KPI-Open халықаралық бағдарламалау олимпиадасында

Қазір шетелден жұмыс табу оңай. Біздің көп студенттеріміз шетелде жұмыс жасайды. Тіл білсең, кез келген компаниялардың сайттарына кіріп, жұмыс туралы айдардан ақпарат алуға, түйіндемеңді жіберуге болады. Олар бірінші әңгімелесуге шақырады.

IT саласы барлық ғылыммен тығыз байланысты. Медицинада да, философияда да – бүкіл салада компьютер керек. IT арқылы мұғалім, бағдарламалаушы, сарапшы, архитектор болуға болады. Қазіргі кезде IT мамандығы қатты дамып келе жатыр. Әлем бойынша маман жетіспеушілігі байқалады. АҚШ-та, басқа елдерде IT мамандарына сұраныс жоғары. Өз елдеріне маман жоқ боландықтан және доллардың қымбаттауынан олар қызметкерлерді өзге елдерден іздей бастады. Бізге тапсырыс берген оларға тиімді. Біздің ҚБТУ-да, Назарбаев Университетінде, Халықаралық IT-университетінде, Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ, СДУ-да оқығандар сұранысқа ие мамандар болып шығып жатыр.

Асқар Ақшабаев, жас ғалым
Асқар Ақшабаевтың шәкірттерінің халықаралық олимпиадаларда алған жүлделері, ©Baribar.kz

Жұмыс жасайтын IT мамандар жылдан-жылға жасарып келе жатыр. Бұрын университет бітіргендер ғана жұмысқа алынса, қазір бәрін біліп тұрса, оқушыны да жұмысқа ала береді.

«IT саласына келуіме ағам себепкер болды»

Талдықорған қаласындағы №19 қарапайым орта мектепте оқыдым. Мен 7-сыныпта оқып жүргенде, ағам «политехқа» бағдарламалаушы мамандығына түсті. Содан бастап, қызығушылығым оянды. Мектепте тек IBM-386 компьютерлері ғана болатын. Онда бағдарлама жазуға арналған сыйымдылығы мегабайттық бағдарлама ғана бар еді. Соны ары-беріп шұқылап көретінмін. Кейін мен 10-сыныпта оқып жүргенде Алматы облысында мектеп оқушыларын олимпиадаға даярлайтын орталық ашылды. Сонда -сыныпта сонда оқуға барып, ұстазыммен Нұржан Бакибаевпен таныстым. Сол кезде ол ҚБТУ-да 2-курста оқитын. Осы кісілердің арқасында мен IT-саласындамын.

Бұл салаға келу үшін математиканы жақсы игеру керек. Менің әкем инженер-математик болды. Көп есептерді бірге шешетінбіз.

Ата-ана баласына «Оқы, еңбектен» деп насихат жасауы керек. Білім деңгейі мектепке де байланысты. Бірақ оқығың келсе, қажетті адамды тауып өзің де оқисың. Мысалы, мен 10-сыныпта математикадан олимпиадаға қатысып жүргенде, деңгейімді көтеру үшін Талдықорғандағы №20 лицейде сабақ беретін Пак Олег Владимирұлын тауып, содан дәріс алдым. Білген адам үйренем дегеннің бетінен қақпайды. Мысалы, маған бір оқушы келіп, дәріс алғысы келсе, қарсы болмаймын. Талпынысы жоғары болса, курсымызға аламыз.

Асқар Ақшабаев, жас ғалым
©Baribar.kz

Менің балам 4 жаста. Оған да математиканың мүмкіншіліктерін ақырындап үйретіп жатырмын. Қазіргі таңда үйренемін дегендерге жағдай жасалған. Барлық нәрсе интенетте бар. «Хан академиясынан» оқуға болады.

Асқар Ақшабаевтан кеңес

Ақпараттық технология саласындағы жаңалықтарды үнемі қарап отыруға кеңес беремін. Мысалы, мен жұмысымды күн сайын Habrahabr, Techcrunch, Howtoforge, жаңалықтарын оқудан бастаймын.

Бір салада үздік болу үшін, оның негіздерін білу керек. Мысалы, ақпараттық технологиялардың іргетасы математикадан қаланады. Мәліметтер құрылымының алгоритмін білсе, Big Data, Data science, Machine learning — бәрі оңай болады. Егер IT маманы болуды қаласаң, codeforces.com, topcoder.com деген сайттарға кіріп, шығарған есептеріңді, алгоритмдеріңді автоматты түрде тексертіп алуға болады.

Сұхбаттасқан және суретке түсірген Әсел Сарқыт

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.