Басты бетЖаңалықтарАлматы қаласы...

Алматы қаласы Түрксіб ауданының әкімі қызметіне Павел Кулагин тағайындалды

Жаңа басшы Павел Кулагин ҚР Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихаттың келісімімен тағайындалды.

Павел Кулагин мемлекеттік қызметтегі жұмысын 2008 жылы Қостанай облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің жетекші маманы болып бастаған. Әр жылдары инспектор, кеңесші, Астана қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

2010- 2016 жылдары Есіл ауданы әкімінің орынбасары, Сарыарқа және Алматы аудандарының әкімі, Астана қаласы коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы лауазымдарында болған.

2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған. Алматы әкімі ауданның жаңа басшысының алдына принципті және жүйелі әдісті талап ететін бірқатар міндеттерді қойды.

Жаңа әкімге қандай міндеттемелер жүктелді?

Қала әкімі Бауыржан Байбектің мәлімдеуінше, қазіргі кезде Түркісб ауданында 508 ескі үй бар. Бұл қаладағы барлық ескі үйлердің 50%-ын құрайды. Биыл инвесторлармен бірігіп, «Алтай-2» ықшам ауданында «Ескі үй» бағдарламасын қолға алып, 2 500 пәтерлі 40 жаңа үйдің құрылысын бастау қажет. Ауданның жаңа әкімі Глазунов көшесі бойында салынуы тиіс 2062 пәтерлі 48 көпқабатты үйдің құрылысына қатысты мәселені қосымша шешуі қажет.

Айта кетейік, Түрксіб ауданының экономикалық әлеуеті жоғары. Мұнда «АЗМК» ЖШС, «ЭФКО»ЖШС, «Бижан» ЖШС және басқа ірі өндіріс орындары бар. Жалпы, ауданда 93,4 млрд. теңгенің өнімін шығаратын 46 ірі және орташа өндіріс орны жұмыс істейді. Кәсіпорындардың жүктемесін қамтамасыз етіп, өзара байланысты қалыптастырып, аудандағы шағын және орта бизнесті дамыту қажет.

Ресми мәлімет бойынша, биыл ауданға 80 ауланы күрделі жөндеуден өткізу үшін 918 млн теңге бөлінді. Олардың барынша сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз еткен жөн. Жыл аяғына дейін Сейфуллин атындағы саябақты, Жұлдыз ықшам ауданындағы, Р. Зорге және Б. Майлин атындағы көшелерді жөндеуден өткізуді аяқтау керек. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа мектеп жасына дейінгі мекемелерді ашу жобасын одан әрі жалғастырған жөн.

Аудан әкімі Павел Кулагин қаланың Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасымен бірге қалаға қосылған Әлмерек, Колхозшы, Қайрат елді мекендерінде ұзындығы 52 шақырым су және 67 шақырым газ желісінің құрылыстары жөніндегі мәселені жүзеге асыруы тиіс.

Сондай-ақ Бауыржан Байбек ауданның жаңа басшысына бұлардан өзге 32 шақырымдық 17 көше салуды және жалпы ұзындығы 17,6 шақырым болатын 49 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді міндеттеді. Алматы әкімі актив барысында Түрксіб ауданының бұрынғы басшысы Владимир Устюговке атқарған жұмысына және зейнеткерлік жасқа жеткеніне алғыс білдірді.

Айта кетейік, соңғы 10 жыл ішінде Түрксіб ауданында 1 мыңнан астам жаңа кәсіпорын ашылды, 25 мыңнан астам жұмыс орны пайда болды. Инвестиция тарту 2,5 есе артып, 53 млрд теңгеден асты немесе әр тұрғынға 245 мың теңгеден келді. Бөлшек және көтерме сауда айналымы 5 есе өсіп, 1,1 трлн теңгені құрады. Орташа жалақы 2,3 есе өсіп, 158 мың теңгеден асты. Салық түсімі 3,3 есе артып, 60 млрд теңгені құрады. Әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамып, 5 мектеп және 8700 орынды 7 қосалқы нысан салынып, 31 мектеп жасына дейінгі мекеме ашылды.