12 тамыз күні Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің әскери кафедрасында білім алған 264 курсант салтанатты түрде Отан алдында ант беру рәсіміне қатысты.

Әскери кафедра курсанттары
Әскери кафедра курсанттары ©Baribar.kz

Әскери кафедраның курсанттары бұйрық бойынша жеке-жеке ант қабылдап, әскери борышын адал өтеуге, Қазақстан халқы мен Президентіне адал болуға, егемен мемлекетіміздің заңдарын қастерлеп сақтауға және өзіне жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындауға, әскери қызметтің қиыншылықтарын көтеруге ант етті.

«Отан алдында салтанатты ант беру рәсімі — кез келген ер-азаматтың, оның ішінде әскери қызметкердің өміріндегі ең маңызды оқиға. Отан алдында, халық пен Президентке адал болуға ант беру — әрбір жастың сана-сезіміне зор әсерін тигізеді, сондай-ақ өз өміріне үлкен жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Бүгінгі ант қабылдап жатқан курсанттарды құттықтаймын. Оларға артылар сенім мен үмітіміз мол», — дейді әскери кафедраның бастығы, полковник Б.Дүйсембаев.

Әскери кафедра курсанттары
©Baribar.kz

Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің әскери кафедрасында төрт әскери мамандық бойынша дайындық жүргізіледі. Елімізде көптеген ЖОО-дарында әскери кафедра бар. Алайда, «ветеринарлық санэкспертиза» мамандығы тек қана ҚазҰАУ-дың Әскери кафедрасында даярланады.

Дайындықтан жоғары деңгейде өткен кафедра түлектеріне биыл алғаш рет лейтенант атағы беріліп отыр. Осы орайда лейтенант атағын алып отырған Әскери кафедраның түлегі Нұрым Жолдыбаев Отан алдында ант қабылдағаннан кейінгі әсерімен бөлісіп, сұрақтарымызға жауап берді.

Нұрым Жолдыбаев, ҚазҰАУ Әскери кафедрасының түлегі, лейтенант: Мен Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің Әскери кафедрасында екі жыл бойы оқыдым. Бала күнімнен Әскери форма киюді армандайтынмын. Әскери кафедраның арқасында жоғары оқу орнында өзім қалаған мамандық бойынша оқып жатырмын және қосымша Отан алдындағы борышымды өтеп, әскери билет пен шеннің де иесі атанып отырмын. Қазіргі таңда қоғамда әскери кафедра мен әскердің арасы жер мен көктей деген сөздер айтылып жүр. Алайда, әскери кафедрада оқығанның да өз қиындықтары бар. Біз де әскери тәртіп пен жүйеге бағынамыз, әскерге барып көрмегеніммен, әскери кафедраның берген білімі мен тәрбиесіне ризамын. Жігіттер қауымы әскери кафедрада оқығаннан кейін батылдық, төзімділік, адалдық пен жанкештілікті бойына сіңіреді. Әскери кафедрада оқығанның унивеситеттегі оқу процесіне ешқандай зияны жоқ. Бүгін лейтенант атағын алып отырғаныма өте қуаныштымын. Бұл жетістік маңдайдан аққан тер мен екі жылғы үлкен еңбектің нәтижесі деп нық сеніммен айта аламын. Жоғары оқу орнына түскен әрбір азамат, мейлінше, әскери кафедрада оқып, білім мен тәрбие алуы керек деп ойлаймын. Себебі, әскери кафедра берген тәрбиені ер жігіт басқа еш жерден ала алмайды.

Нұрым Жолдыбаев, Әскери кафедраның түлегі, лейтенант
Нұрым Жолдыбаев, Әскери кафедраның түлегі, лейтенант ©Baribar.kz

ҚазҰАУ әскери кафедрасының студент-курсанттары қазір әскери дайындықтың соңғы кезеңі саналатын жаттығу жиынына қатысуда. Әскерилер арасында дала жаттығуларын «полигон» деп атайды екен.

«Қыз балаларға әскерге баруға бола ма?» деген сауал көптің көкейінде жүр. ҚазҰАУ-дың курсант қыздарын көргенде осы сауалға жауап тапқандай болдық. Әскери формадағы арулар да ел басына күн туғанда ер азаматтармен қатар Отан қорғауға дайын. Бұл туралы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің 5 курс студенті, әскери кафедраның түлегі Назерке Өмірғалиева айтып берді.

Назерке Өмірғалиева, ҚазҰАУ Әскери кафедрасының түлегі: Мен әскери кафедраны «ветеринарлық санэкспертиза» мамандығы бойынша оқып аяқтадым. Бұл мамандық тек қана Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің Әскери кафедрасында бар. Бүгін Отан алдында Әскери ант қабылдап, запастағы лейтенант атағын алып отырмын. Бұл мен үшін айтулы мереке. Отан алдында ант қабылдау — абыройлы іс. Алғашында Әскери кафедраға құжат жинап, емтихан тапсырып дайындалып жүргенімде құрбыларым қызығушылық танытып, не үшін керектігін сұрап жатты. Ер-азаматтар қыздарды нәзік, қорғансыз деп ойлайды. Осы кафедрада екі жыл оқыған қыздар қауымы өзіміздің өжет, қайсар мінезімізді танытып үлгердік. Әскери билеттің қыздарға да пайдасы көп. Мен болашақта мемлекеттік қызметте еңбек еткім келеді. Қыздар қауымын мықты болуға, Отан қорғауға шақырамын.

Назерке Өмірғалиева, Әскери кафедраның түлегі, лейтенант
Назерке Өмірғалиева, Әскери кафедраның түлегі, лейтенант ©Baribar.kz

Салтанатты ант беру рәсіміне университет басшылығымен қатар соғыс және Қарулы Күштер ардагерлері, студенттердің ата-аналары да қатысты. Тәлімгерлерді осы мәртебелі сәтімен құттықтаған университет ректоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Есполов Тілектес Исабайұлы әрбір азаматтың Отан алдындағы парызы мен жауапкершілігі турасында ой қозғады.  Ардагерлер кеңесі атынан сөз алған қадірменді ақсақал, полковник Қазбек Мансұров бұл күннің  болашақ офицерлер үшін де, университет үшін де тарихи маңызды сәт екенін баса айтты.

«Баласы атқа мінсе, анасы тақымын қысады» дегендей, баласының Әскери ант қабылдағанын тамашалауға келген ата-аналар қауымы көздеріне жас алып, қуанышымен бөлісіп жатты. Әскери-патриоттық тәрбие беруде ата-ананың да рөлі зор екенін айтқан Бибіхатша Бүркітбаева отбасыдағы бала тәрбиесі туралы жайында сөз қозғады.

Бибіхатша Бүркітбаева, ата-ана
Бибіхатша Бүркітбаева, ата-ана ©Baribar.kz

Бибіхатша Бүркітбаева, ата-ана: Бүгін ұлым Отан алдында Әскери ант қабылдап жатыр. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Әскери кафедрада оқығалы бері ұлымның бойында көп өзгерістер болды. Таңертең ерте тұрып, уақытылы тамақтанатын болды. Полигонға кеттік деп апталап хабарсыз кеткенде уайымдайтынмын. Жанымда жүрсе де әскери адамдар секілді Отан алдындағы парызын өтеп шықты. Баласының патриот болып ержетуі, Отанға деген махаббатының қалыптасуы ата-анасының тәрбиесіне байланысты деп ойлаймын. «Отан — отбасынан басталады» деген сөз бекер емес қой. Біз ұлымызды мақтан тұтамыз.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.