Биыл алғаш рет Қазақстан мен Қырғызстан арасында веломарафон ұйымдастырылды. Веломарафон Алматыдан басталып, Ыстықкөлде аяқталады. Велосипедшілер 500 шақырым жолды бағындыруы қажет. Сапар алты күнде аяқталады деп жоспарланып отыр.
Шараға жеті жеке тұлға, төрт екі адамдық велосипедшілер тобы аттанды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жалғыз өзі қатысып отырған 7 велосипедшінің көзі нашар көреді, ал қосарланған велосипедшілер тобындағылар көз жанарынан мүлде айырылған, зағип жандар. Велосипедшілердің әрқайсында жол бастаушы пилоттар бар.
«Шекарасыз спорт» жобасы мүгедек жандарға арналған. Идея бұрыннан ойымда жүрген еді. Өйткені, менің өзім көзім нашар көрсе де бейнематериалдар түсіріп, байқаулардан жүлде алып жүрмін. Былтыр біз Алматы — Астана арасында бірінші веломарафон өткіздік. Биыл міне, бірінші рет, екі ел арасында ұйымдастырдық. Келесі жылы бұдан да ауқымдырақ жасау ойымызда бар»,- деді «Шекарасыз спорт» жобасының жетекшісі Бахтияр Базарбеков.
Еске сала кетейік, былтыр Алматы-Астана веломарафонына 11 адам қатысқан. Биыл ол жобаға қатысушылар саны 18-ге жетті.