Баспасөз жиынында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев ЭКСПО көрмесі халықаралық қауымдастықтың бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асып жатқанын атап өтті.
«Доминикан Республикасы Үкіметі басымдылығының бірі болып саналатын баламалы энергетика ресурстарының дамуын ескерсек, жаңартылатын энергия көздері және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы Қазақ-Доминикан қарым-қатынастарының нығаю әлеуеті зор. Доминикан Республикасының Энергетика және минералды ресурстар министрінің Қазақстанға сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосады» — атап өтті Ерлан Ашықбаев.
Өз кезегінде Доминикан Республикасының елшісі Ханс Данинберг Доминикан Республикасы Қазақстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес ретінде санайтындығын атап өтті.
«Біз EXPO-2017 көрмесіне қатысқанымызға қуаныштымыз. Алдағы уақытта Қазақстанның Кариб теңізі мен Латын Америка аймағындағы стратегиялық серіктесі болуды қалаймыз. Сондай-ақ Қазақстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес ретінде есептейміз. Доминикан Республикасы 2019 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Тұрақты емес мүшесі болуды көздеп отыр. Егер жеңіске жетсек, Қазақстанмен бірлесіп жұмыс атқарамыз. Көмірсутек саласындағы Қазақстанның тәжірибесі біз үшін маңызды болатындығына кәміл сенемін. Қазіргі таңда Доминикан еліне саяхаттайтын қазақстандықтар саны көбейіп келеді. Екі тарап азаматтарының қолайлығы үшін «Эйр Астана» компаниясымен кедергісіз, тікелей рейспен ұшу туралы шарт жасастық,» — деді елші Ханс Данненберг.
ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінде өз елін таныстыруға берілген мүмкіндік үшін Доминикан Республикасының министрі Антонио Иса Конде Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді. Ол Доминикан өңірлеріндегі жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мүмкіндігін баяндады.
«Біз шалғай орналасқан өңірлерде микрогидравлика құрылысының стратегиясын әзірлеп жатырмыз. Бұл жоба электр энергиясы тартылмаған өңір тұрғындары үшін өте пайдалы болмақ. Микрогидровалика арқылы тұрғын тұрмыстық техниканы пайдалануға мүмкіндік алады. Күнделікті өмірін жеңілдетуге айтарлықтай үлес қосады деп ойлаймыз,» — деді Доминикан елінің Энергетика және тау-кен өнеркәсібі министрі Антонио Иса Конде.
Сондай-ақ, ресми іс-шарадан кейін қатысушыларға мәдени бағдарлама ұсынылды. Мұнда «Грэмми» музыкалық сыйлығының иесі Санди Габриель өнер көрсетті.
Айта кетейік, 2011 жылы Қазақстан мен Доминикан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату жөніндегі Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Қазіргі уақытта Доминикан Республикасы Латын Америкасындағы ең жоғары ЖІӨ көрсеткішіне ие.