Армия халықаралық ойындарына Әзірбайжан, Армения, Бангладеш, Беларусь, Венесуэла, Греция, Зимбабве, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тайланд, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан, ОАР сынды он жеті елден келген әскери қызметкерлер ЭКСПО көрмесін тамашалауды қазақстандық «Нұр Әлем» павильонынан бастады.
«Астанада өтіп жатқан ЭКСПО көрмесінен өте жақсы әсер алдым. Бізді осында әкеліп, әлемнің жасыл экономика жолында жасап жатқан технологияларымен таныстырғаны үшін ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Өте пайдалы және танымдық ақпараттарға қанықтық»,- деді Үндістанның Қарулы Күштерінің майоры Вивек Чаттерджи.
Халықаралық ойындардың қатысушылары бұнымен қоса еліміздің Оңтүстік астанасы саналатын Алматы қаласының көрікті жерлерін аралады. 350-ге жуық әскерилер Қазақстанның Тұңғыш Президенті саябағына, «Медеу» мұз айдынына барды. Сол арқылы еліміздің тарихына, көркем табиғатына саяхат жасады.
«Іскерлік сапарларымның ішіндегі ең естен кетпесі осы сапар болды. Маған қатты ұнады. Қала сондай әдемі. Жалықтырмайды. Алматыға бір рет келген адам ешқашан оны ұмытпайтын шығар»,- деді Зимбабведен келген Мудада Элиша.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрамасы Армия халықаралық ойындарының аясында өтіп жатқан «Мерген шебі» сайысында үздік нәтиже көрсетіп келеді. Сайыстың алғашқы кезеңдерінде отандастарымыз бәсекелестерінен асып түсті. “Ату сынағы” мен “Қорғаныстағы мерген” кезеңдерінде қатысушылар нысананы дәл көздей алу шеберлігін паш етті.
Қазақстандық құраманың айтуынша, аталған сайыстың “Мерген биатлоны” кезеңі күрделі болған екен. Себебі, онда қатысушыларға қабырға, үйінді, шұңқыр, тікенекті сымнан өтіп, кедергілерді бағындыру керек. Одан бөлек, сайыс барысында Макаров тапаншасынан, мерген винтовкасынан, гранат лақтырудан да жарыс болды.
«Артиллерия оттарының шеберлері» сайысында да еліміздің Қарулы Күштерінен құрылған команда үздік нәтижелер көрсетіп, көш бастап келе жатыр. Сайыстың алғашқы кезеңдері “Дара жарыс” және “Түнгі спринт” деп аталады. Дара жарыс кезінде қатысушылар ең жоғарғы жылдамдықпен бірнеше кедергілерден өтті. Олар: “жылан”, “белес”, “миналы-жарылғыш аймақтан өту”, “қос табанды көпір” деп аталады.
Сайыс кезінде әділ қазылар қатысушылардың дайындығына, қозғалыс кезіндегі әдіс-тәсілдеріне баса назар аударды. Кедергілерден өту кезінде ешбір қателік жібермеуін қатты қадағалады. Әрбір кемшілік үшін уақыттарына 10 секунд қосылып отырды. Одан бөлек жарыс кезінде РПГ-7В мен АК-74 қаруларынан оқ атып, нысананы көздеді. Ойынның нәтижесінде қазақстандық құрама мәреге бәсекелестерінен 3 минутқа озық келді.
Ал түнгі спринт жарысында әскери қызметкерлер 2Б11, РПГ-7В минометтерінен, отандық “Аселсан” түнгі нысанасын пайдалану арқылы АК-74 автоматынан оқ жаудырды. Бұл сайыста да еліміздің намысын қорғаушылардың асығы алшысынан түсті.
Естеріңізге сала кетейік, Армия халықаралық ойындары елімізде 9 тамызға дейін жалғасады.
“Армия ойындары – 2017” – ТМД мен алыс шетелдің танкішілері, ұшқыштары, артиллерияшылары мен саперлері бақ сынасатын халықаралық сайыс. Әскери қызметкерлер 30-ға жуық кедергілерден өтіп, бақ сынайды. Атап айтар болсақ, «Танк биатлоны», «Суворов тегеуріні», «Мерген шебі», «Әскери барлаудың үздіктері», «Артиллериялық оқ ату шеберлері», «Авиадартс», «Аспан кілті», «Теңіз кубогы», «Теңіз десанты», «Тереңдік», «Десанттық взвод», «Эльбрус шығыршығы», «Ашық су», «Қауіпсіз бағдар», «Инженерлік формула», «Қауіпсіз орта», «Рембат», «Автоброньды танкті техника шеберлері», «Далалық ас үй», «Әскери-медициналық эстафета», «Жол патрулі», «Күзет сақшысы», «Әскери ралли», «Достастық жауынгері», «Қару шебері», «Ұшқышсыз ұшу аппараттары сайысы есептоптарының сайыстары» және тағы да басқа сынақтар бар.
Ойынды Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің сайтында және KazSport арнасында тікелей эфирде көруге болады.