Елбасының айтуынша, еліміздің экономикалық даму көрсеткіштері өсіп келе жатыр.
Премьер-министр тарапынан Нұрсұлтан Назарбаевқа 7 айдың қорытындысы бойынша экономиканың даму барысы және бағдарламалардың аралық нәтижелері жөнінде айтылды.
«Экономикалық өсім 4,2%-ды құрап отыр. Өндіріс саласындағы көрсеткіштер мұнай өңдеу деңгейі төмендеген Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан басқа өңірлерде 100 пайыздық мөлшерден асты. Біз қазіргі уақытта бұл өңірлерге жаңа резерв көздерін жұмылдыру мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Негізгі капиталға инвестиция тарту мәселесі жөнінде. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 3,7 пайыз өсім байқалды. Барлық өңірлерде көрсеткіштер жақсы. Инфляция деңгейі биылғы маусым айымен салыстырғанда 0,1 пайызға өсті. Азық-түлік бағасы 0,5 пайызға төмендегенін атап өткім келеді. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр», – деп баяндады Бақытжан Сағынтаев.
Премьер-Министр индустрияландыру бағдарламасының іске асырылуы жөнінде де есеп берді. Индустрияландырудың арқасында бірінші тоқсанда 31 жоба іске қосылды. Б.Сағынтаевтың мәліметіне сәйкес, екінші тоқсанда жаңа 10 мың жұмыс орнын қамтитын 100 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Кездесуде Қазақстан Президенті Үкімет пен әкімдердің алдына қойылған міндеттерді орындауды жалғастыруды тапсырып, бұл ретте өсімнің оң қарқынын сақтаудың және бөлінген қаражатты игерудің маңыздылығына тоқталды.
«Үкімет қызу жұмыс жүргізіп отыр деп есептеймін. Мен жылды жақсы нәтижелермен қорытындылау үшін бәріңізді ұйымшылдықпен жұмыс істеуге шақырамын. Тәуекелді тұстар да жоқ емес. Энергия тасымалдаушыларымызға, шикізат өнімдеріне деген бағаның өзгерісі. Бәлкім, батыстың Ресейге қатысты санкциялары әсер етер. Осыны ескеру қажет«, – деді Елбасы.