«Қайрат» футбол клубы «жеңіліс дертіне» ұшырады ма?

"Қайрат" футбол клубының қадағалау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев клубта тек футбол ойнай алатындар ғана қалатынын айтты. Ал "футболдан бизнес жасап жүргендерге" бұнда орын жоқ. 

Фото: Fckairat.com

Клубтың ойын нәтижесіне төрағаның көңілі толмай жүр. Оның ойынша, клуб футболшылардың шеберлігін арттыру, футболды дамыту үшін барлық жағдайды жасаған. Бірақ клуб мүшелері бұл еңбекті ақтай алмай жүр.

«Команда «жеңіліс дертіне» шалдыққан сияқты. «Қайрат» клубына тап болса, ойыншылар рахат болды деп қуанады, бірақ рахат кезеңнің де аяқталатын уақыты бар»,- деді Қайрат Боранбаев.

Айта кетейік, өткен аптада «Қайрат» Европа лигасы квалификация кезеңінен шығып қалған соң, клубтың бас бапкері Кахабер Цхададзе өз еркімен қызметінен кетті.

Төрағаның сөзіне сенсек, енді клуб жас футболшыларды дайындауға назар салады.