2020 жылға дейін мұнда 12 жылыжай болады деген жоспар бар. Жоба құны – 238 миллион теңге. Қуаттылығы – жылына 150 тонна көкөніс өндірмек. Серіктестік басшылығы жергілікті билік тарапынан қолдау жақсы екендігін жеткізді.
Осы ауылдағы тағы бір кәсіпорын – «Бақара» ет комбинаты. Мұнда өткен жылы 3 мың тоннадан астам ет өнімі шыққан. Кәсіпорын етті Астана, Көкшетау, Қарағанды қалаларында саудалайды және Ресейге экспорттайды. 2018 жылы толық қуаттылыққа шығып, жылына 5 мың тонна ет өнімін дайындамақ.
Қос кәсіпорынды аралаған облыс әкімі Мәлік Мырзалин өндіріс көлемін арттыру қажеттігін атап өтті. Себебі, Ақмола аймағына Астананың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету жүктелген. Мемлекет өз кезегінде бизнеске жан-жақты қолдау көрсетеді.
Қорғалжын қорығы «ЭКСПО-2017» көрмесінің қонақтарына арналған туристік бағытқа енген. Сондықтан арнайы орталық жұмыс істеп тұр. Ол ұлттық нақышта безендірілген. Облыс әкімі тұмса табиғатты туризмді түлету үшін барынша тиімді қолдану керектігін атап өтті.
Жантеке ауылында өткен жылы балабақша ашылған. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында орындалған жоба.Өңір басшысы Мәлік Мырзалин Егіндікөл ауданында әлеуметтік нысандарды аралады. Полтавское селосында жеке кәсіпкер өз қаржысына мәдени-демалыс орталығын ашқан. Облыс әкімі бұл барлық кәсіпкерлерге үлгі екенін айтты.