Зейнетақы қорындағы қаражатты мұраға қалдыруға болады

Зейнетақы жарнасы айлықтың 10 пайызын құрайды. Бұл туралы «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 25-бабында көрсетілген. Демек, азамат ғұмыр бойы жұмыс істеп, айлығының оннан бір бөлігін зейнетақы жарнасына аударып отырса, қартайған шағында қиналмай зейнетақысын алып отырады. Ал егер ойламаған жағдай орын алса не болады?

Көпшіліктің көкейіндегі осы сауалдарға «БЖЗҚ» АҚ-ның БАҚ пен коммуникация бөлімінің бастығы Марина Акмаева жауап берді.

Зейнетақы жинағын алдын ала шешіп алуға бола ма?

Заңнамада зейнетақы жинағын шешіп алу жағы қарастырылмаған. Бұл ақша тек зейнетке шыққанда ғана азаматты ақшамен қамтамасыз ету үшін беріледі.

Зейнетақы төлемі тек Қазақстаннан көшіп кететін тұлғаларға, І және ІІ топтағы мүгедектерге және азаматтығы жоқтарға алдын-ала келісім бойынша беріледі.

Егер салымшы қайтыс болса, жиналған сома қайда жұмсалады?

«Зейнетақы қорындағы ақша салымшының жеке мүлкі болып табылады. Сондықтан, «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру» туралы» ҚР Заңының 31, 32, 33 бабына сәйкес, азамат қайтыс болған жаңдайда жиналған сома толығымен мұраға қалады», — деп түсіндірді Марина Акмаева.

БЖЗҚ-да сонымен бірге, қайғылы жағдай орын алып жатса да салымшылардың зейнетақы жинағы мемлекеттің меншігіне өтіп кетпейтінін немесе мүлде құрып кетпейтінін ескертіп өтті.

Мұрагерлер қалай анықталады?

«Зейнетақы аударымының мұрагерлігі өсиет арқылы немесе заң бойынша жүзеге асырылады. Егер өсиет қалдырылмаған болса, барлығы заң бойынша таратылады. ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес, құқықтық мирасқорлар жетіге бөлінеді. Ең бірінші кезекте, мұра заң бойынша тең үлеспен мұраға қалдырушының балаларына, асырап алған балаларына, әйелі мен әке-шешесіне табысталады. Екінші кезекте мұраға қалдырушының аға-бауырына, әпке-қарындасы (немесе сіңлісі) әжесі, атасы мен мұраға қалдырушының немересіне беріледі. Мұрагерлер заң бойынша мұраға кезек тәртібі бойынша шақырылады. Мирасқорлардың әрбіреуі алдыңғы мұрагер жоқ болған жағдайда, мұраны қабылдамаса немесе одан бас тартса ғана қаражатқа ие бола алады. Басқаша айтқанда, егер салымшы үйленбеген адам болса және оның әке-шешесі жоқ болса, онда оның зейнетақы аударымына екінші кезектегі туыстары (мәселен, ағасы немесе әпкесі) ие болады. Егер олар болмаған жағдайда үшінші кезектегілерге беріледі. Ал егер мұрагерлер бірнешеу болса, онда қайтыс болған адамның зейнетақы аударымы мұра туралы белгіленген құқықтың немесе мұраға қалған мүліктің келісім бөлігінің тәртібіне сәйкес, болмаған жағдайда сот арқылы бөлінеді», — деп түсіндірді БЖЗҚ-да.

ДереккөзInform.kz