Энергия — бүгінгінің ең басты қажеттіліктерінің бірі. Оны түрлі жолдармен алуға болады. Біз қазіргі уақытта энергияның балама көзі ретінде саналатын биогаз өндірісі жайлы зерттеулер жүргізіп, жұмыстар жасап жатырмыз. Химиялық технологияларды қолдана отырып, тұрмыстық энергия өндіру үшін, осы биогазды қолданамыз. Жақында жобамызбен ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуды жоспарлап отырмыз.

Темірлан Шахманов
©SZH.kz

Биогаз — органикалық қалдықтардан жасалынатын жанғыш газ. Қондырғысы арқылы малдың қи, тезегі, т.б. өнімдер, қалдықтар арқылы энергия алуға болады. Қазіргі уақытта нарықта үлкен биогаз қондырғылары сатылады, пайдаланылады. Ал біздің мақсатымыз – биогаз қондырғысының шағын нұсқасын жасап шығу. Оны үйлерде де қолдануға болады.

Биогазды отын ретінде электр қуаты, жылу, көлік жанармайы ретінде де қолдануға болады. Қазіргі уақытта биогаз қондырғысы Еңбекші ауылында ас үйін жылыту үшін, сондай-ақ жарық көзі ретінде қолданып отыр. Мен оның прототипіне толықтырулар енгізу үшін зерттеулер жүргізіп жатырмын. Бұл прототип те жақсы жұмыс істейді. Дегенмен оның мүмкідіктерін одан əрі арттыру керек.

Темірлан Шахманов
©SZH.kz

Астанада алдағы қыркүйек айында өтетін «Student Energy Challenge» форумына «Катализатор арқылы биогазды қолдану» атты жобамызбен қатысуға өтінім жіберіп қойдық. Биогаз қондырғысы үшін жаңа катализатор жасадық. Оны пайдаланып, биогаздан энергия көбірек алуға болады əрі ол зиян газдардың мөлшерін аз бөледі. Егер осы жобамыз іске асса, адамзатқа игілігі аз болмас деген сенімдемін.

Барынша арзан бағадағы биогаз қондырғысын жасағымыз келеді. Бір қондырғының бағасы шамамен 3,5 млн теңге тұрады. Егер биогаз қондырғысын алатын болсаңыз, энергия үшін бөлек шығын шығармайсыз. Тек бір рет осы қондырғыны алсаңыз, қалдықтарды қолдану арқылы энергия көзін тегін өндіретін боласыз.

Жобалардың барлығын жеке орындауды жөн көремін. Дегенмен жетекшілерім, ғылыми кеңесшілерім бар. Осы уақытқа дейін əр ісіме көмек беріп, лабораториядағы тəжірибемді арттыруға үлес қосып жүрген жетекшім Қазанғапова Нұргүл Бүркітбайқызына алғыс білдіргім келеді.

Темірлан Шахманов
©SZH.kz

«Химияны қалай ұнаттым?»

Орта білімді Көкшетау қаласындағы қазақ-түрік лицейінде оқып бітірдім. Алғаш химия пәнін өткеннен бастап, 8-сыныпта, ғылымға деген қызығушылығым оянды. Бойымда ерекше құлшыныс пайда болды. Химия мені өзіне магнит тәрізді тартып, қызықтырып алып кетті. Оның мүмкіндіктері өте көп. Өмірдің өзі – химия. Бұл сала арқылы сан мыңдаған ғажайыптарды жасауға болады.

Темірлан Шахманов
Оқушы кезімнен түрлі жарыстарға, олимпиадаларға қатыстым. Оның барлығы өзіме ерекше қызық болатын. 10-сыныпты тәмамдаған кезімде, ғылыми жұмыспен айналысуға кірістім. Жаңа дүниелерді ойлап тапқым келді, өзіме тәжірибе жинап, ғылымға бет бұрдым. Сол жылы Чучинск қаласына барып, өзендердің гидрохимиялық құрамын зерттей бастадым. Жобамыз өзеннің ластануына әсер ететін факторларды анықтау болды. Бір жаз бойы қалада болып, зерттеу жүргіздік.

11-сыныпта осы жобаммен түрлі конференцияларға қатыса бастадым. Облыстық олимпиадада 2-орын иелендім. Алматыдағы «Алатау» шипажайында өткен олимпиадаға шақырту алдым. Өкінішке орай, ол кезде ешқандай орын алмадым. Есесіне Мәскеуде өткен бүкілресейлік ғылыми жарысқа жолдама алдым. «Всероссийская Олимпиада научно-исследовательских, учебно-исследовательских и творческих проектов детей и молодежи по проблемам защиты окружающей среды «Человек – Земля – Космос» атты жарысқа Қазақстан алғаш рет қатысты. Біз еліміздің намысын қорғадық. 67 қатысушы ішінде, тағы да жүлделі 2-орынды иелендім. Менің ғылымға қызығуыма осындай жарыстар да әсер етсе керек.

«Университетті қалай таңдадым?»

Назарбаев Университетіне оқуға түскенмін. Кейіннен бас тарттым. Ол жерде, өзіме жақпағаны, барлығы қатаң түрде ғылымға бағытталған екен. Химияның мүмкіншіліктерін көре отырып, тек қана ғылыммен айналысқым келмеді. Әртүрлі дүниелерді еркін жасап көргім келеді. Жаңа дүниелер ойлап тапсам деймін. Мектептен соң, өзіме базасы қалыптасқан мықты университет іздедім. Алматыда менің таңдауыма лайық екі университет болды: бірі — Қазақ-Британ техникалық университеті; бірі – Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті. Маңдайыма соңғы аталған университеттегі органикалық заттардың химиялық технологиясы мамандығын оқу бұйырыпты.

Темірлан Шахманов
1-курсымда мектеп кезінде айналысып жүрген жобамды тәмамдадым. Онымен олимпиадаларға қатыстым. Халықаралық Қ. Сәтпаев оқуларында 1-орын, халықаралық Әл-Фараби оқуларында 2-орын алдым. Есімде ерекше сақталатын конференцияның бірі – Прездидент қорының қолдауымен өткен Қазақстан жастарының республикалық ІІ Ұлттық Экология форумы. Бұл шарада гран-при иелендім. 1-курстың соңында ТМД елдері бойынша химиядан өткен халықаралық олимпиадада қола жүлдені еншіледім.

Темірлан ШахмановБірде университеттегі жетекшім Сәуле Кирчаизовна суға байланысты ғылыми жобамен айналысуға кеңес берді. Сол кезде ойыма жаңа идея келді. Бұған дейін шетен өсімдігі туралы естіген аңызым бар еді.

Шетен өсімдігі
Шетен өсімдігі

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістер бір қалашықты басып алады. Тұтқынға түскендерді конслагерде ұстайды. Оларға ішу үшін әдейі лас су берген екен. Содан адамдар өздігінен қырыла бастайды. Тұтқындардың ішінде бір ғалым, яки дәрігер болыпты. Сол адам немістер берген лас суға шетен салып жіберген екен. Сөйтсе, бірнеше сағаттан кейін, әлгі су ішуге жарамды болып шыға келген. Тұтқындар осылайша бірталай күн таза су ішіп жүріпті. Адамдар өлімінің күрт тоқтауынан немістер күдіктенсе керек, оларды аңди бастайды. Ақыр аяғында жаңағы дәрігер/ғалымды өлтіріп тынған деседі.

Бұны аңыз емес, халық арасындағы сөз десек те болады. Осыны естігеннен кейін, шетенді тексере бастадым. Ол шынымен лас суды тазарта ала ма? Тазартса, нақты қай элементтің әсерінен? Қызығушылық танытып зерттеуімнің нәтижесінде, шетеннің құрамындағы қышқылдың қасиетін анықтадым. Соның формуласын жазып шықтым. Әлемде бұл туралы зерттеген ғалымдар әзірге жоқ екен. Мен ол жайлы көп ізденген едім. Меніңше, бұған көп мән берілмей келген тәрізді. Енді болашақта шетен өсімдігі арқылы суды тазартудың түрлі тәсілдерін жасап шығуға болады. Мұның барлығы болашақтың еншісінде деген сенімдемін.

Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова, суреттер Әсел Сарқыт.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.