«15 жылда біз 1,5 млн шаршы метр үй салуды жоспарлап отырмыз. Жаңа бағдарлама бұрынғы бағдарламалардың жақсы жақтарын сақтап қалған. Бірінші міндет — халықтың барлық тобын үймен қамту. Осы бойынша бес бағыт дайындалды. Бірінші бағыт — сатып алу және жекешелендірусіз жалға беру. Оған әлеуметтік әлсіз топтар, бірінші топтағы мүгедектер, жетімдер қарастырылған. Олар үшін үйдің шаршы метрі 100 теңге. Екі бөлмелі үйлердің арендасы (50 шаршы метр) 5 мың теңге», — деді комитет төрағасы.
Жайымбетовтың айтуынша, екінші бағыт тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жұмыс істейді. Оған төлемге қабілетті барлық азаматтар қатыса алады. Олар негізінен мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметкерлер мен әскери қызметкерлер. Ол үшін алдымен үй сомасының 30 пайызын жинап қою керек. Оны жинау уақыты ТҚЖБ банкі салымшылары үшін 2 жыл, әкімшіліктегі кезектегілер үшін 3 жыл. Ол үшін соңғы бес жылда сіздің атыңызда үй болмауы керек. Қарыздың пайыздық құны жылына 4-5 пайыз. Үйдің шаршы метрі өңірлерде — 140 мың теңге, ал Астана, Алматы, Ақтау мен Атырауда — 180 мың теңге.
Ескеретін жайт, арнайы шарттармен ипотека бойынша үй алуға да болады.
Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктерге шарт қойылды. Олар Ұлттық банктің базалық несиесіне плюс 5 пайызбен ипотека беруі керек. Бұл шамамен 16-17 пайыз. Соның 7 пайызын мемлекет өтейді. Алматы мен Астанада осы бағдарлама бойынша 20 млн теңгеге дейінгі үйлерді, ал өңірлерде 15 млн теңгеге дейінгі үйлерді сатып алуға болады. Қазір бұл бағдарламаға қатысуға 6-7 банк қызығушылық танытып отыр.
Айта кетейік, құрылыс компаниялары үшін де мемлекеттің қолдауы бар. Оларға берілген 17 пайыздық несиенің 7 пайызын мемлекет субсидиялайды.