Ақтөбе облысы Астанада ЭКСПО аясында бірегей шоу бағдарламаны ұсынады

Мерекелік шараға Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысады.

Бірегей шоу бағдарламаны 26 маусым күні кешке өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің аумағындағы амфитеатр сахнасында «Ақтөбе – құтты мекен» гала концерті ашады. Оған «I am a Singer» халықаралық конкурсының финалисі Димаш Құдайбергенов, сонымен қатар қазақ эстрадасының жұлдыздары мен Ақтөбе облысының шығармашылық ұжымы қатысады.

Астаналықтар үшін басты сыйлықтардың бірі – танымал ақтөбелік Димаш Құдайбергеннің Bastau Live show жеке концерті болмақ. 27 маусым күні астаналықтар мен Астана қонақтары ерекше дауыс иесін тыңдап, оның шығармашылығына тәнті бола алады.

Бес күн бойы «Қазанат» қалалық ипподромындағы этноауылда барлық келушілер үшін «Ақтөбе облысының қазынасы» ұлттық этнографикалық дүниелер көрмесі, ал «Has Sanat» астана галереясында «Ақтөбе мануфактуралары» атты картиналар көрмесі мен Ақтөбе облысының аса көрнекті архитектуралық ескерткіштерінің фотокөрмесі жұмыс жасайтын болады.

27 маусым күні сағат 15:00-де «Қазанат» ипподромының аумағында облыстың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Ел жүрегі Астанаға – Арайлы Ақтөбеден» атты театрландырылған этно концерттік бағдарламасы өтеді. Атап айтқанда, А.Жұбанов атындағы қазақ халықтық аспаптары оркестрі өнер көрсетіп, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр әртістерінің орындауында «Айман-Шолпан» музыкалық спектаклі, «Алақай» қуыршақ театрының «Жайна, жадыра, достар» атты шоу бағдарламасы қойылады деп жоспарлануда.

Бұдан өзге, 28 маусымда ҚР Қарулы күштерінің әскери-тарихи мұражайының қабырғаларында «Ақтөбе – тарих толқынында» атты кітап көрмесі мен «Дулығалы дала перзенттері» облыстық тарихи-өлкетану мұражайының көрмесі ашылады.

Кішкентайлар үшін «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда 28 маусым күні сағат 15:00-ден 17:00-ге дейін «Балаларға базарлық» ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылатын болады.

Мәдени бағдарлама аясында ұлттық спорт ойындарын, тазы және төбет тұқымды иттердің көрмесін, «Қазақ күресі» мен «Тоғызқұмалақтан» ашық турнирлер және т.б. ұйымдастырылмақ.

Ақтөбе облысының күндері 30 маусым күні кешке Астана әкімдігінің алдында Мирас пен Құралай Бекжановтар, Нұрлан Абдуллин, Аллаберген Жақсыбаев сынды өзге де қазақ жұлдыздарының қатысуымен өтетін «Арайлы рух –Астана» қорытынды гала концертімен аяқталады.