Алаш қозғалысындағы Ислам дінінің орны туралы ғылыми конференция өтті

Шара барысында Алаш қозғалысының тарихында Ислам дінінің алар орны, қызметі т.б. өзекті тақырыптар бойынша тың идеялар айтылды. Ғылыми жиын Алаш арыстарының әруғына Құран оқуымен басталды.

«Алаш қайраткерлері саяси тәуелсіздікпен қатар дін мәселесінде де тәуелсіз болуды күн тәртібіне қойды. «Алаш орда» өкіметі құрылып, оның бағдарламасында дін мәселесі қарастырылды. «Алаш орда» үкіметінің ІІ съезінде Ғұмар Қараш бас қази болып сайланды. Өкіметтің Бас уәкілдігі жанынан діни істермен айналысатын жоғары инстанция құру мәселесі де көтерілді. Бұл, сөз жоқ, Алаш зиялыларының асқан көреген болғанын әйгілейді», -деді деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Ғылыми конференция барысында сол уақыттағы дін мәселесінің көтерілуі жайлы баяндамалар жасалды. Соның бірі — Қарқаралы петициясының 47 бабы.

«1905 жылы 22 маусымда Қарқаралы жәрмеңкесіне жиналған 16 мың қазақ қол қойып Петербурғқа патша ағзамға жолданған арыз-тілектің 47 бабының көпшілігі сол кездегі ел арасындағы діни ахуалды, исламның жай-күйін күйттеген болатын. Атап айтқанда: ұждан бостандығы, дін тұту еркіндігі, Дала өлкесінің қазақтары үшін жоғарғы тәуелсіз дербес сайланбалы діни басқарма ұйымдастыру, мектептер мен мешіттерді салуды өз бетінше шешетін тәртіп орнату, қазақ, татар және араб тілдерінде шығатын рухани кітаптарға цензураны жою, туу туралы жазбаларды (куәліктерді) діни басқарма орындарына беру, ауыл мектептерінде қазақша (мұсылманша) сауат ашуға рұқсат беру, қазақ тілін қазақтар арасында мемлекеттік тіл жасау… тағысын, тағылар» — деп атап өтті ф.ғ.д., «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнес.