“Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания болып табылады.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы, Жетісай қаласында дүниеге келдім. Әкем — көлік жүргізушісі, үйде жалғыз баламын. 6-сынып оқып жүргенімде, әкем Қарақай ауылдық округының Қараөзек деген елдімекенінен 8 гектар жер алды. Ол жердің қасында тағы 150 гектардай жер бос жатты. Айналасын шөп, сора басып кеткен еді. Ағайын-туысқан болып тазалап, жер жыртып, егінге дайындадық. Бірінші жылы мақта ектік, ешқандай өнім болмады. Екінші жылы ектік, мақта шықты. Бірақ өліп қалды. Үшінші жылында да ектік, өнім болмады.
«Сортаң жерге шөп шықпас, шөп шықса да көп шықпас» деген екен ата-бабаларымыз. Сортаң жерге шынымен де егіннің шығуы өте қиын. Топырақ деградацияға ұшырап, тұзданудың ең соңғы сатысына жеткенде, жер сорланады. Ал табиғатта тұзға ең көп шыдайтын өсімдіктер — мақта мен жоңышқа. Біз еккен мақтадан үш жыл бойы ештеңе шықпады. Үйдің жалғыз баласы болған себепті де, әкем мені қасынан қалдырмай ертіп жүретін. Осы істің бас-аяғына дейін қасында болдым. Бұл жағдайдың басты куәгері ретінде, мектеп бітіргеннен кейін, ауылшаруашылығы мамандығын таңдауды жөн санадым. Сөйтіп 2007 жылы Алматыдағы Қазақ Ұлттық аграрлық университетіне оқуға түстім. «Топырақтану және агрохимия» менің салам болды. «Егер еліме, топырағыма ешқандай пайда әкелмеген болсам, «ер» деген атым құрысын» деп, серт бердім.
«Елім бай болсын десең, жеріңнің бабын тап; Ерім сай болсын десең, еліңнің бабын тап» дейді қазақта. Сапалы білім алуға барынша күш-жігерімді салдым. Диплом жұмысыма пікір білдіруші іздегенде, Алматыда Топырақтану және агрохимия институты бар екенін естідім. Осында келіп, 2011 жылы Абдолла Сапарұлының, қазіргі басшымыздың қабылдауында болдым. Жұмысымды қарағаннан кейін, «Самат, оқуың аяқталыпты. Бітіргеннен кейін қайда жұмыс істеуді жоспарлап отырсың? Біздің институтта жұмыс істегің келе ме?» — деп сұрады. Үйде жалғыз ұл болғаннан кейін, әке-шешеммен міндетті түрде ақылдасатынымды айттым. Ол кісі күліп: «Қай кезде болсын, біз сені күтетін боламыз», — деді. Диплом жұмысымды қорғадым, жақсы балл алдым. Ата-анам ғылыми институтта жұмыс істеуіме оң қабақ танытты. Әкем: «Институт өзі шақырса, әрине барғаның жөн», — деп ақылын айтты. Мұны олардың ғылымға деген құрметі деп білемін.
Бакалаврдағы диплом тақырым «Алматы облысындағы қара қоңыр топырақта сұйық кешенді тыңайтқыштарды картоп дақылына қолдану» болды. Жетекшіммен бірге осы тыңайтқышты картоп дақылына қолданудың әсерінен картоптың өнімділігі және топырақтың құнарлылығы артатынын дәлелдедік. Ал магистрлік диссертациям топырақтың тұздану деңгейі, оған қолдану керек технологияларды зерттеу, топырақтың өнімділігін арттыру бағытында болды.
Cөйтіп 2011 жылы диплом алған күнімнің ертеңінде, осы институттың агрохимия бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналастым. 2012-2014 жылы институтта ірі жобалар басталды. Тұзданған жерлерді қалпына келтіру, ол жерлерге арнап жаңа технологиялар жасау жұмыстары бойынша зерттеу жұмыстарына қатыстым. Объектіміз туған өлкем, Мақтарал ауданы болды.
Қазақстандағы мақта өндірісі 50%-ға қысқарды. Неге?
Әлем бойынша жылына 24,6 млн тонна мақта шикізаты өндіріледі. Ал елімізде әлемдегі мақта өнідірісінің 0,5 пайызын ғана өндіреді. Мақта шаруашылығы — оңтүстік өңір экономикасының арбасын алға сүйрейтін бірден-бір сала. Аталған өлкеде орта есеппен жылына 375 мың тонна (2004-2013 жж.) мақта шикізаты жиналады, ал орташа өнімділік – 22 ц/га құрайды. Соңғы кездерде, мақта егістігінің көлемі 223 мың гектардан (2004 ж.) 109,6 мың гектарға яғни 50 % (2016 ж.) дейін қысқарып отыр. Оған басты себептердің бірі — аймақта қалыптасқан монокультура егіншілігі, яғни суды көп мөлшерде талап ететін мақта дақылын үздіксіз өсіру. Мақтаның вегетациясына 2500-3000м3/га, сонымен қоса қысқы шаюға 5000м3/га су пайдалану нәтижесінде өңірдің жерасты суларының деңгейі көтерілді.
Мұндай жағдайда, егістікте тік дренаж жүйесінің толықтай жұмыс жасамауы минерализациясы жоғарылаған ыза суларының топырақтың беткі қабаттарына көтеріліп, қайта тұздануға әкеп соғады. Бұл жағдайға аймақтағы ғылыми негізделген (мақта-жоңышқа) ауыспалы егістігінің сақталмауы, агротехникалық және топырақ-мелиоративтік шаралардың қадағаланбауы, сондай-ақ тыңайтқыштардың оңтайлы енгізілмеуі де кері әсерін тигізіп отыр. Соның салдарынан топырақ құнарлылығы, дақылдардың өнімділігі ғана төмендемей, ондағы халықтың да экономикалық әл-ауқатының нашарлауы орын алды.
Аталған өңірде топырақтың топырақ-мелиоративтік жағдайын жақсартпайынша, жер ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруды жүзеге асыру мүмкін емес. Тұзданған топырақтарды ауыл шаруашылық айналымында ұстап тұру, игеру, құнарлылығын арттыру және жоғары өнім алу жолдарын зерттеу нәтижелері еліміздің ауылшаруашылық мамандары үшін және өңір шаруашылықтары үшін маңызды.
«Алдағы 10-20 жылда егіннен ешқандай өнім ала алмау қаупі бар»
Қазіргі таңда тәуелсіздік алғалы бері тік дренаждар жұмыс істемейді. Шаруашылықтың дамымай отырғандығына осы басты себеп болып отыр. Егер тік дренаж, коллекторлы дренаждарды қолданбайтын болсақ, алдағы 10-20 жылда бұл жерлерде ешқандай егін еге алмаймыз.
«Елдегі мақта шаруашылығы қалпына келмесе, көрші елге тәуелді болуымыз мүмкін»
Қазіргі таңда тоқыма кластеріндегі мақтаның үлесі (синтетикамен қоса алғанда) 97 % құрайды. Өйткені баяғыдай қойымыз жоқ, соған сәйкес жүн шикізаты жоқтың қасы десе болады. Егер мақта шаруашылығын қалпына келтірмейтін болсақ, басқа көрші елдерге осы сала бойынша тәуелділік пайда болады. Бұл — республика бойынша стратегиялық маңызы бар сала.
«Жаңа агротехнология жасап шығардық»
Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының жас ғалымдары осы өңірдегі жағдайды шешудің жолын зерттеп келеді. Аталған өңірде мақтаның тұзға төзімділігін арттырып, өсіп-өнуіне және дамуына қалыпты жағдай жасаудың агротехнологиясын ойлап тапты. Ол — препарат-адаптоген ПА-2. Препарат-адаптогеннің авторы — институтымыздың жетекші ғалыми қызметкері Мамонов Анатолий Григорьевич. Отандық экологиялық қауіпсіз препарат, оның құрамы өте қарапайым. Еліміздің Ой-Қарағай және Қияқты кен орнынан алынатын қоңыр көмір және жабайы дәрілік өсімдіктердің ингридиенттерінен тұрады. Бұл агротехнология мақта шитін егерден бұрын препарат-адаптогенмен өңдеп және вегетация кезеңінде 2 рет қосымша жапырағына бүрку жұмыстары жүргізіледі. Зерттеу нәтижелерінде мақтаның тұзға төзімділігін 25-30 %-ға, ал өнімділігі топырақтың тұздану дәрежесіне байланысты 6 %-дан жоғары қосымша өнім алуға септігін тигізеді.
«Препарат шетелдерде сыналып жатыр»
Жұмысқа қатысушылардың бірі ретінде препараттың жасалып шығу процесіне толықтай куәмін. Бұл препарат тек қана мақтаға ғана емес, күріш пен жүгері дақылдарына да жақсы әсерін беріп жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысында жүгері шаруашылығы осы препаратты қолданады. Қазіргі уақытта Орталық Азиямен, ТМД елдерімен озық технологияларды салыстыру, енгізу мақсатында, кешенді зерттеулер жүргізіліп жатыр. Соның аясында препарат-адаптоген Қырғызстанда, Тәжікстанда сыналу үстінде.
Қазақстанда тік дренаждар неге жоқ?
1996 жылы Қазақстандағы барлық тік дренаждар істен шықты. Кезінде Түркістан, Шәуілдір, Мақтарал, тіпті Қызылордада мақта көп егілген. Ал қазір мақтаның негізгі ошағы болып Мақтарал ғана қалды. 2012 жылы италяндық компаниялар біздің тік дренаждарды, каналдарды қалпына келтірді. Бес жылдан бері ол дренаждар іске қосылмады. Өйткені біздің Үкімет бұны кімге беретінін білмей отыр.
Бір жылдары мақта бағасы 60-70 теңгеге дейін түсіп қалды. Егер сіз 1 гектар жерден 2 тонна мақта алатын болсаңыз, 70 теңгеге сатқанда, төккен теріңіз бағаланбай қалады. Өңделмеген шикізат әрине арзан бағада өтеді. Сол себепті еліміздегі тоқыма өнеркәсібін дамыту керек.
Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде 9-орын алады. Оның ішінде ауыл шаруашылығына жарамды жерлер 222,2 млн гектар аумақты алып жатыр. Соның бар болғаны 21,7 млн.га егістік айналымында. Ата-бабамыз кең байтақ жерді бізге мұра етіп тастап кетті. Осы жерімізді оңтайлы игеріп, топырақтың құнарлылығын арттыру және жаңа агротехнологияларды пайдаланып жоғары өнім алуға ғылыми тұрғыдан септігімізді тигізу — басты міндетіміз.
«Ғалым бір күнде ғалым болмайды»
«Білім инемен құдық қазғандай», — дейді. Нәтижеге қол жеткізу үшін, көп еңбек қажет. Ғалым бір күнде ғалым бола салмайды. Қазақстан қалай дамып келе жатса, жастар да қатар дамып келеді. Ауыл шаруашылығында түйткілді мәселелер көп. Егер топырақ мәселесін шеше алмасақ, ешқандай егін егіп, өнім ала алмаймыз. Осы жолда өзімнің туып-өскен жеріме үлесімді қосқым келеді.
Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова, суреттер Әсел Сарқыт.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.
кеңес дауиринде елимизде ондирис орындары коп еди….. казир тек шикизат ондируши мемлекет болып отырмыз бир нарсе де ондемеймиз ондейтин ондирис орындары да жок
Самат жарайсың!!!!!!! Болашагыңнан зор умит кутемиз
Толықтай оқып шықтым. Өте өзекті мәселенің зерттеп отыр екенсің. Жарайсың дегеннен басқа айтарым жоқ. Елімізде сортаң жерлер көп. Әсіресе мынау Атырау өңірінде сор жерлер көп. Халық не егерін білмей отыр. Сол аймақтарды да зерттеп, не ексе шығатынын xалыққа айту керек! Сол бағытты да қарастырсаңдар екен
ех…. құдай беріп тұрған шикізатты да өндіре алмаймыз. Мақтаны өңдеп талай дуние жасауға болады
Самат бауырым, жарайсың! Сонша жылдық еңбегін, маңдай терін ақталды. Саған тек сәттілік тілеймін. Биіктерге самғай бер. Қазақстанның ауыл шаруашылық ғылымының дамуына қосатын үлесін арта берсін. Сен сияқты жас ғалымдар көбейіп, Қазақстан көркейіп, бәсекеге қабілетті дамыған елдер қатарынан болсын!
еліміздің байлығында шек жоқ қой шіркін!!! ақ алтынның отаны!
қолда барда алтыннын кадири жок кой казирдин ози шетелге тауелдимиз
озекти маселени котерип отыр. енди нәтижесінің жемісін көрсе
ғалым да дана да ауылдан шыгады. Туган жеринин болашагын ойлап осындай қызмет атқарып отыргандар аз гой
аграрныйды битирип алып құр боска сандалып жургендер коп оның жанында молодец гылым жолында елге пайдасы тиіп жатыр